Миллион табысқа жетудегі табандылық

Журналистика мамандығының түлегі Маржан Әшірапбаева «Shabyt» медиа академиясы арқылы жаңа медиа саласына ден қойған. Бүгінде ол психолог, косметолог, педиатр, есепші, тауар сататын кәсіпкер секілді мамандық иелерімен заманауи бағытта табыс табудың жолын қарастырады. СММ мамандарымен тығыз байланыс орнатып, контент және жарнама жасау тетіктерін көпшілікке меңгертуде. «Instagram» әлеуметтік желісінің қыр-сырын кәсіп иесіне үйретуге ұмтылатын кейіпкеріміз 1 айда табысын 1 жарым миллион теңгеге дейін жеткізуде.
– Кәсіпті ашумен қатар, оның табыс әкелу жолдарын қарастыра білу керек. Осыдан 4 ай бұрын «Shabyt» медиа академиясын аштым. Осы күні кәсіпкерлердің кәсібін дамытуға күш салып келеміз. Біздің командада біліктілігі жоғары мамандар қатары шоғырланған. «Instagram» әлеуметтік желісінде блог жүргізу, бизнес көзін аша отырып, сапалы жарнамалау, таргеттің дайындалуына аса мән беру, мәнді контентке көңіл бөлу барысына мұқият назар аударамыз. Алматы және Шымкент қаласының халқымен тығыз байланыста болып, кәсібімізді жетілдіріп келемін. Кей адамдар арасында «қолымнан келмейді» деген қысаң қағида бар. Мұндай ойдан әрбір жас аулақ болғаны дұрыс. Біле білген адамға ізденіске уақыт жұмсау – болашағына жақсы әсер етеді. Даму үшін адам өзіне қаржы құйса, инвестиция еселеп қайтатыны рас, – дейді Маржан Нұрханқызы.
Мамандығы бойынша жаңашылдыққа бейімделетін Маржан ұстаздармен де байланысын үзген емес. Ғылыми, білім саласына қатысты мақала жазып, мұғалімдерге ақпараттық тұрғыдан көмекке келеді. Оның жолдасы Нұрболат – білім саласының маманы, шәкірт тәрбиелей білетін жас ұстаз.
– Кез келген қыз-келіншек көбіне өздерін жоғалтып алып жатады. Өз басым күнделік жазамын, көп кітап сатып алуға тырысамын. Барлық кітапты толықтай оқып шығамын. Маған табиғат аясында жалғыз серуендеу ерекше энергия береді. Жалғыз болу – ойлануға мүмкіндік береді. Кез келген адам жаңа болмысты қалыптастыру кезінде ескі іс-әрекеттен арылуы керек, – дейді Маржан Нұрханқызы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ