Зиянкестерден арылудың жолы қандай?

Еліміз бойынша қауын шыбыны Қызылорда облысына алғаш 20 жыл бұрын келген. Қауын мен қызанақтың өсуіне, дамуына және өнім сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор – зиянкестер саналады. Құрт, шыбын, көбелек, кене жеміс, жапырақ, сабақ, тамыр арқылы еніп, өсімдікті әлсіретіп, шірітіп немесе толық жойып жібереді. Қауын мен қызанаққа зиян келтіретін зиянкестердің көбі – экзотикалық зиянкестер екені анық.
Негізінен, қауын шыбыны, сымқұрттар, тли, өрмекші, кене, жапырақ жегіш қоңыздар секілді зиянкестер шаруаның өнімін азайтуға себепкер атанады. Ал қызанаққа түн көбелегі, ақ көбелек, тамыр нематодасы едәуір зиян келтіреді. Күрекше жұлдызқұрттың да зияндылығы басым. Зиянкестердің көбеюіне ыстық және ылғалды ауа райы қолайлы. Құрғақшылық немесе жауын-шашын көп болған жылдары кейбір жәндік белсендірек болады. Ауыспалы егісті сақтамау ережесі бұзылған жағдайда зиянкестер басады. Өзге мемлекеттерден келген тұқым, көшет, жеміс арқылы зиянкестердің жұмыртқасы немесе дернәсілі егістікке енеді. Мұндай жағдай әсіресе жылыжайда және базардан алынған көшеттерде жиі кездеседі.
Зиянкестерден арылу барысында биологиялық және халықтық әдіс-тәсілге иек артқан пайдалы. Мысалы, сарымсақ және пияздың тұнбасын шашу көмектеседі. Химиялық және биопрепараттар қолдану арқылы шығын көлемін азайтуға болады. Арнайы мамандар дәрі-дәрмекті қолдану барысында негізгі талапты сақтай отырып, зиянкестерден арылуға жол ашады.
Іңкәрдариялық Нұрлан Төлегенов жыл сайын 6-7 гектар жерге бақшалық өнімдер егеді. Тәжірибелі бағбан қауын шыбынынан құтылудың жолын тарқата айтты.
– Мен бірнеше жылдан бері қауын егіп, табысымды еселеп жүрген жанның қатарындамын. Бүгінде қауын шыбыны мол өнім алар тұста шаруалар жұмысына кедергі келтіреді. Қазіргі уақытта қауын еккен көпшілік Қызылорда қаласынан келген мамандардың қатысуымен алқапты залалсыздандыруда. Өзім арнайы дәрі-дәрмекке жүгінбеймін. Тек жыл сайын бақшалық өнім егілетін жерді ауыстырып отырамын. Сол кезде қауынға құрт жоламайды. Әрине, егін егудің өзіндік қиындығы жеткілікті. Таза өнім алу үшін жердің құнарын зерттеп, зиянкестермен күресті күшейту керек, – дейді Н.Төлегенов.
Қауын шыбыны Оңтүстік Америка елдерінде пайда болған. Қызанақты зақымдауыштар Солтүстік Америка, Африка, Батыс және Орталық Азия, Иран, Израиль, Египет, Судан, тіпті Қазақстанға ұқсас климаттық елдерде де таралып жатыр. Әлемдік деңгейдегі зерттеуші ғалымдар зиянкестердің көкөніске келтіретін салдарын тереңінен сараптауда. Ең бастысы, жергілікті шаруалар шығынға батпағаны абзал.
Балтабай ОРДАБЕКОВ