Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал еңбегі – өмірінің нышаны

Адал еңбегі – өмірінің нышаны

Адам өмірінің мәні – адал еңбек ету десек, қоғам өмірінде өзіндік орнын қалыптастырған жұмысшы мамандық иесі екені анық. Еңбек адамы елдің дамуына нақты үлес қосатын қарапайым да қадірлі тұлға санатында. Үнемі басшылық тарапынан тапсырылған жұмысты ыждағаттылықпен орындайтын Махаббат Асқарова Шіркейлі ауылдық дәрігерлік амбулаториясында қарауыл қызметінде. Өзі нәзік бола тұра, мекеменің тыныштығын күзетіп, «Еңбексіз күн көргеннің ертеңі жоқ» деген нақылды ұстаным етеді.

Күнделікті адал қызметінің арқасында ұжымның ортасында айрықша беделге ие Махаббат Піржанқызы – Шиелі ауданының тумасы. Қарапайым отбасында осыдан 54 жыл бұрын дүниеге келген Махаббаттың әкесі Піржан ағаш ұстасы болған. Шиелідегі №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін кейіпкеріміз Қызылорда қаласындағы тігін шеберханасына жұмысқа орналасады. Тігін тігу саласында шебер атанған Махаббат Асқарова ісмерлігімен көпшілікке танылған.

– Шіркейлі ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға 2018 жылы қарауыл ретінде жұмысқа орналасқан едім. Әйел заты болғаныммен, ер азаматтармен қатар иық теңестіре ұжымда қызмет етіп келемін. Кез келген жағдайда табандылық танытып, ұжымның жұмысын үйлестіруге барымызды саламыз. Мекеменің тыныштығына жауап беріп, өзіміздің міндетіміздегі жауап­кершілік жүгін анық сезінеміз. Осындай бере­келі ұжымда қызмет еткеніме қуанамын, – дейді нағыз еңбек адамы.

Үнемі үлкендер «Маңдай термен келген нан – адал» деп айтып отырады. Махаббат Асқарова 2 ұл, 2 қызды дүниеге әкелген көпбалалы ана. Оның жолдасы Талғат Асқаров ауылда механизатор қызметін атқарады. Бір қызығы, Талғаттың қос ұлы Мақсат пен Мінәлі – әке жолын қуған механизаторлар. Мұндайда «Әке көрген оқ жонар» деген тәмсіл өз өміршеңдігін дәлелдей түседі. Ал үйдегі қос қарлығаш педагогика саласына ден қойған.

– Шіркейлі ауылына алғаш келін болып түскенімде 18 жаста екенмін. Ағаларыңмен бірген өмірдің ыстық-суығына көніп, отбасы болдық. Перзенттерімізге тек жақсы тәрбие беріп, елдің азаматы болуға жол нұсқадық. Біз ауылдастарымыз се­кілді қарапайым адал еңбегімізбен жетіс­тікке жеткен отбасы қата­рындамыз, – дейді аяулы ана.


Б.ҚАРАМАНТЕГІ

15 шілде 2025 ж. 212 0