Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Имандылық – жүрек айнасы

Имандылық – жүрек айнасы

Ислам этикасы – көркем мінез-құлық нормалары мен имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік секілді рухани құндылықтардан тұрады. Адамзатты білімге, ілімге, рухани тазалыққа, кемелдікке шақыру – парыз. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасы бар. Онда адам бойынан табылуы тиіс жеті үлгілі қасиет жік-жікке бөлініп берілген. «Білімді білмегенге жеткізу – садақа» деген. Жергілікті басылымдар да бағыттаушы-бағдарлаушы рөлінде болғандықтан, газетіміздің алдағы нөмірлерінде «Жеті рухани қазық» айдарымен тәлімдік мәні зор рухани ақпаратты жариялап отыратын боламыз. Ендеше адамзатқа рухани қазық болатын ізгі қасиет имандылықтан бас­тау алмақ.

Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін рухани жол. Ол – адам бойындағы ізгіліктің көрінісі. Алла Тағала жіберген әрбір пайғамбардың міндеті имандылыққа шақыру болған. Мұсылмандық дүние­таным бойынша, имандылық – иман келтірген адамға бітетін көркем мінез. Қасиетті Құран Кәрімде: «Ер немесе әйел кісіден кім иман келтірген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен де жақсырақ сыйлық береміз» («Нахыл» сүресі, 97-аят) деген. Ал Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ешқайсыларың өзі үшін жақсы көрген нәрсені басқа бауыры үшін де жақсы көрмейінше, шынайы мүмін бола алмайды» деген. Исламның асыл құндылықтарын темірқазық еткен дана бабаларымыз да адамның имандылығына, кісілік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен бала­ның қарым-қатынасы, үлкенді-кішілі сыйластық, әдеп­тілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді қасиеттер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде назардан тыс қалмаған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың жазылмаған заңдылығына айналған. Бойында асыл қасиеттері бар жасты «тәрбиелі» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылықты ойлайтын адамды «иманды» деп атаған. Ал адам бойындағы имандылық мына көріністермен сипатталады:

• Арлы
• Инабатты
• Қайырымды
• Ізетті
• Ықыласты
• Кеңпейіл
• Ізгі

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден

09 шілде 2025 ж. 446 0