Менің қолымнан бәрі келеді

Іс-шараны Нағи Ілиясов ауылдық округі әкімдігінің маманы Бауыржан Әлиев ашып, қатысушы балаларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі фестиваль қатысушыларына тек сәттілік серік болсын деймін. Өмірдің қаталдығына шыдай білген кішкентай жүректердің өнерін бағалап, жол көрсету үшін барымызды саламыз. Шығармашылығымен көптің көзайымы бола білген балаларға қолдау білдіріп, халық арасына кеңінен насихаттау – біздің міндетіміз. Сондықтан қандай жағдай болсын шығармашылықты дамытып, қатарларыңнан қалмай, ерекшеліктерің үшін мойымай, тек алға ұмтыла беріңдер, – деп ақ тілегін жеткізді.
Фестивальге қолөнер жанры бойынша Тереңөзек кентінен Нұрасыл Құрманбай, көркемсурет бойынша Мүсілім Кірбасов, Қалжан ахун ауылының мелодрама өнерімен Мейіржан Бауыржанұлы, көркемсөз жанры бойынша Шіркейлі ауылынан Нұрбина Мейрамбекқызы Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін орындап көпшілікті сүйсінтті. Сондай-ақ би жанры бойынша үнді биімен жұртшылықты тамсандырған Нағи Ілиясов ауылынан Самал Айтбаева, Ақжарма ауылынан ән жанры бойынша «Ұстаз ана» әнін орындаған Гүлназ Әләйдар және халықтық орындау бойынша баян аспабымен Ихсан Серікбай әуелетті. Қолөнер бойынша көрме жасаған Қоғалыкөл ауылынан Салтанат Меңеш, көркемсурет жанры бойынша Бесарық ауылынан Майра Әмірбек, көпшілікті көрмесімен таңғалдырған Аманкелді ауылынан Гүлсезім Әбиева қатысып, бақ сынады.
Фестивальде жас буынның өнері көпшілікті тамсандырмай қоймады. Шығармашылығымен өнердің биігіне шығуға ұмтылған әр бала өзінше дарынды. Осы орайда мәдениет үйінің ардагері Күләш Құдабаева қатысушыларды марапаттап, сый-сыяпатын табыстады.
– Бүгінгі фестиваль өз мәресіне жетті. Қатысушы балаларға алғысымды білдіремін. Барлығы шетінен өнерлі, шығармашылыққа жақын екендігін көрсете білді. Осындай ерекше балаларды тәрбиелеуде ата-ананың еңбегі зор. Қиыншылықтарымен қатар шығармашылығына да баса назар аударып, көңіл бөліп қолдау көрсеткендеріңіз көпке үлгі. Бұдан әрі де осындай іс-шаралар ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі балаларға жол көрсету жалғасын табу керек. Біз әрдайым қолдаймыз. Өнерлерің өрге жүзсін, – деп тілегін білдірді ардагер.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ