Тазалық – тәртіптің бастауы

Туған жер – тұғырымыз. Ауданымыздың көркеюі, гүлденуі – тұрғындар үшін маңызды. Әдемі, таза жерде жүріп-тұру әрине денсаулығымыз үшін де жақсы. Аудан орталығы Тереңөзек кенті бүгінде күн санап жаңарып, жасарып келеді. Орталық көшелер жанданып, ерекше сипат алуда. Атап айтар болсақ, жаңа ғимараттар бой түзеуімен кент көшелері, көпқабатты тұрғын үйлер келбеті де үлкен маңызға ие. Жыл сайын кент орталығындағы бірнеше көше жоспарға сай жөнделіп, қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Бұл өз кезегінде ауданымыздың көркейіп, гүлденуіне, тұрғындардың сапалы тұрмысын қамтамасыз етуге жасалып жатқан жағдай деуге негіз бар.
Қазіргі аудан келбетін бұрынғымен салыстыра алмайсыз. Себебі жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, орталық алаң, негізгі көшелер, көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, ауданымыздың көркі көз тартады. Қоршаған ортаның таза әрі әдемі болуы сырттан келген қонақтарға да жағымды әсер сыйламақ. Ал тұрғындар жақсы дүниені күтіп ұстап, қоршаған орта мен болашақ үшін тазалық сақтаса игі.
Тазалық – терең талғамды қажет ететін ауқымды мәселе. Гүлденген Тереңөзегімізді құлпыртып, күтіп-баптау – әрбір тұрғынның парызы. Жыл сайын аудан көлемінде тұрақты түрде тазалық айлығы жүргізіледі. Биылғы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар әлдеқашан басталып кетті. Аудан төңірегінде тазалық айлығы жалғасуда. Соның нәтижесінде, біраз көшенің бойы, алаңдар, аллеялар тазартылып жатыр. Көшеттер отырғызылып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу де назардан тыс қалған емес. Мәдениеттіліктің бастауы тазалық екені айтпаса да түсінікті. Әрбір адам өзінің көшесін, ауласын таза ұстау арқылы қоғамға пайдасын тигізеді. Ал қоршаған орта күл-қоқысқа толып жатса, оның адам денсаулығына тигізер зияны көп. Сол себепті де тұрғындар айналаны ластамай, біреудің айтуымен емес, өздерінің денсаулықтары үшін санитарлық тазалыққа мән беріп қарағаны жөн.
Осы тұста, әр азамат өзінің есік алдын, көше жақ бетін тазартып, күл-қоқысты далаға шығармай, өзі тұрып жатқан аумақты таза ұстаса, оның қоғамға тигізер пайдасы көп. Яғни әрбір адам көше тазалығына жауап берсе, кенттің де келбеті айшықтала түсетіні анық. Сондықтан кент тұрғындарын көше тазалығын сақтауға, тазалық акцияларына, оның ішінде республика бойынша ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, Тереңөзек кентінің тазалығын сақтауға біркісідей қатысуға шақырамыз.
Тағы бір айта кетерлік тақырып – қоқыс мәселесі. Статистикалық деректерге иек артсақ, елімізде жыл сайын 5 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығады екен. Тұрғындар санына шаққанда әр тұрғынға 400 келі қоқыстан келеді. Қоқыс тастаудың да өзіндік ережесі бар. Қазіргі таңда ауданға қарасты тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны өз жұмысын жандандыруда. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен, аудан әкімінің тікелей бақылауымен Тереңөзек кенті аумағынан тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынғаны тұрғындарға белгілі. Бүгінде полигон толықтай техникалық құрылғылармен жабдықталып, мұнда қалдықтарды сұрыптау мен кәдеге жарату процесі іске асырылуда. Аудан орталығында күнделікті жинақталған қалдықтар сұрыпталып, оларды қайта өңдеуге мүмкіндіктер жасалуда. Қазіргі таңда тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында бірнеше адам жұмыспен қамтылған. Бұл орайда тұрғындардан ретті-ретсіз қоқысты тастамауды әрі жиналған қоқысты рұқсатсыз өртемеуді сұраймыз.
Тазалық жай ғана жүрдім-бардым қарайтын дүние емес. Мұнда үлкен тәрбие негізі, мәдениеттілік бар. Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол жан-жақты адам өмірін, болашағын, имандылығы мен адамгершілік сияқты көптеген тармақтарды қамтиды. Дана бабаларымыз адам өмірінің зор байлығы – денсаулық десе, ал денсаулықтың кепілі – тазалық екенін ұғындырған. Сондықтан тазалық – адамның мәдениеттілігінің, адамгершілігінің таразысы, иманның жартысы саналады. Ендеше туған жерімізді, өзіміздің өмір сүріп отырған ортамызды қорғап және бірге көркейтейік!
Ержан БАХТИЯРОВ,
Тереңөзек кентінің әкімі