Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сым тартқан сұлу

Сым тартқан сұлу

Өрт сөндіруші, құқық қорғау, электр маманы сияқты мамандықтарды көбіне ер азаматтарға тән жұмыс ретінде қараймыз. Десек те аталған салада бағы мен бабы қатар шауып жүрген нәзік жандылар да баршылық. Аталған салада үлкен жетістікке қол жеткізіп жүрген арулардың бірі Асқар Тоқмағамбетов ауылында тұрады.

Самал Бекболатова – электрші келіншек. Иә, жұмысты «қиын, ер азаматтарға тән жұмыс» деп бөліп-жаруды білмейтін Самалдай қайсар арулар тек «Жұмысшы мамандықтар» жылында ғана емес, әркез құрметке, насихаттауға лайықты. Бала күнінде құрбылары қуыршақпен ойнаса, Самал ер балалармен ойнауға құмар болатын. Бала қиялы да өскенде әскери адам яки электрші сияқты маман иесі болуды армандайтын. Ол арманына да анық жетті.

Кейіпкеріміз көпбалалы отбасыда өсіп, тәрбиеленген. Ата мен әжесінің қолында өсіп, үлкендердің тәлімін алған. Мектеп бітіргеннен кейін Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде электр энергетика мамандығы бойынша төрт жыл білім алған. Университетті қызыл дипломмен тәмамдаған ол ауданға білікті әрі жас маман ретінде жаңаша көзқараспен қайта оралған.

– Мектеп кезінен өте белсенді болдым. Түрлі сайыстарға, байқауларға қатысып, тыным таппайтынмын. Бұл белсенділік жоғары оқу орнында да жалғасты. Оқу оқып жүріп, өмірлік жарымды жолықтырдым. Тұрмыс құрдым. Отбасылы болсам да қалаған оқуымды аяқтауыма қолдау көрсетіп, жаныма жалау болған жұбайым мен ата-енеме ризамын. Ауылға келген соң, «Шиелі жарығы» ЖШС-де Жастар практикасы арқылы жұмыс істедім. Бұл жас мамандарға тәжірибе алмасу алаңы болғандықтан, бір жылдың ішінде көп нәрсе үйрендім деп айта аламын. Көше аралап, үй-үйге түсіндірме жұмыстарын да жүргіздік, кассада отырып, халықпен сөйлесуді де үйрендік. Кейін тұрақты жұмысқа орналастым. Негізі электрші мамандығы – ең бір қажетті мамандық деп білемін. Мен өз жұмысымды мақтан тұтамын. Ауа, су, табиғи ресурстар адам өміріне қаншалықты қажет болса, электр жарығынсыз да өмірді елестету қиын. Оның үстіне қазіргі заманда көп жұмыс электр энергиясымен жалғанған. Сондықтан бұл үлкен сұранысқа ие мамандық, – дейді кейіпкеріміз.

Самал бүгінде үшінші сәбиін дүниеге әкеліп, бала күтіміне байланысты демалыста отыр. Десе де отбасы мен жұмысты қатар алып жүретін қайсар аналардың ізін басқан екі қыз, бір ұлдың анасы кішісінің буыны қатайғаннан кейін сүйікті жұмысына оралуға ниетті.

Өз мамандығын мақтан тұтатын кейіпкеріміз аталған салада түрлі жетістіктерге жетіп үлгерген. Атап айтар болсақ, «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай ауданда өткен «Гүлдей нәзік, болаттай берік» тақырыбындағы фестивальге қатысқан. Қарапайым жұмыс пен отбасын қатар алып жүрген сегіз ару-ана қатысқан фестивальде өз мамандығын насихаттап, сондай-ақ өнер өлкесінен де алыс еместігін көрсетіп, аудан әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар жақында облыс әкімінің Алғыс хатына ие болғанын да айтып өту орынды.

Кейіпкеріміздің тағы бір ерекшелігі – көлік жүргізеді. Иә, «қазір көлік тізгіндеген ханымдар көп қой» дерсіз. Ол рас, бірақ мініп жүрген көлігі сыр берсе, өзі жөндеп алатын әйелдер аз, тіпті жоқтың қасы. Ал Самал кейіпкеріміз анау-мынау темір тұлпарды құр басқарып қоймай, бұзылса, жөндеп ала салады.

– Әкеміз Нұрұслан Үмбетов ауыр жүк көлігін айдайтын. Сондай-ақ көлік жөндейтін еді. Аулаға көрші-көлемнің бұзылған көліктерін жинап алып, азаннан қара кешке дейін бір жерін бұрап, майлап, су жаңа көліктей етіп шығаратын. Сол әкемнің қасында жүріп, көлік жөндеуді де ептеп үйрендім. Енді әкем сияқты кәсіби маман емеспін, бірақ өзіміз мініп жүрген көліктің қит еткен жерін бұрап алу қолымнан келеді, – дейді Самал.

Біздің жазуымызға қарап ер азаматқа келісті сұлбалы аруды елестетіп отырсаңыз, қателесесіз. Кейіпкеріміз сұлулық пен нәзіктікті бойынан жоғалтпаған, аналық мейірімімен балалары мен отбасына шуақ болып отырған жан. Және бір ерекшелігі – бұрымына қайшы тигізбейді. Кезінде әжесі «қыз бала шашын қимаған» деп тәрбиелеген ару әлі күнге шашын қиып көрмеген. Қос бұрымын тарамдай өріп, кейінгі буынға үлгі болып келеді.

Міне, біздің кейіпкеріміз Самалмен аз ғана уақытқа созылған әңгімемізде алған ақпараттарымыз осындай болды. Ашық-жарқын келіншекпен тағы да сөйлесе түссең, жаңа қырларына қаныға беретіндейсің. Үлкеннің жолын кеспей, ақ батасын алып, кішіге құрмет көрсете жүріп, үлгі болып отырған Самалдың алар асуы әлі де алда!

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

24 мамыр 2025 ж. 121 0