Алғашқы жәрдем – адами болмыстың айнасы

Өмір жолын адам өмірін арашалауға арнаған Гүлзат Ахметқызы 1965 жылы Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүние есігін ашқан. Мектеп жасынан ақ халат киюді армандаған. Жүрек қалауын орындап, 1982 жылы Қызылорда медицина колледжінің «фельдшер» мамандығына оқуға түседі. 1985 жылы оқуын ойдағыдай тәмамдап, еңбек жолын аудандық аурухананың терапия бөлімшесінде медбике болып бастаған. Сол жылы туған жеріндегі жедел жәрдем бөліміне ауыстырылады. Аяулы жар, дана ана, құрметті қызметкер бола білген Гүлзат Оспанова бүгінде көпке үлгі. Жылы жүзі, жайсаң мінезімен қатар қызметіне жауапкершілікпен қарауы жұртты сүйсіндіреді.
– Туып өскен жеріме қызмет ету мен үшін үлкен құрмет. Жұмыс бабымен осында ауысқаныма өкінбеймін. 1985 жылдың тамыз айынан бастап жедел жәрдем бөлімінде фельдшер қызметін атқарып келемін. Биыл осы салада жұмыс істегеніме қырық жыл толып отыр. Қызығы мен шыжығы мол бұл сала үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы уақытқа дейін түрлі қызықты сәттер болды. Соның бірін айтып өтсем. Ол кезде алғаш жұмысқа орналасқан шағым. Аудандық аурухананың «Терапия» бөлімшесінде түнгі ауысымда жүрдім. Бір күні кезекті ауысымда жарық өшіп қалды. Ол жылдары майшам жоқ еді, қолымыздағы мақтаны майға малып, кесенің ішіне салып, сәуле түсіріп қойдық. Солай жұмысымызды жалғастыра бердік. Кенеттен палатада жатқан науқастан қан кетіп, жүгіріп жүргенде дәрігер келіп менің егуге дайындап жатқан дәріні қолымнан жұлып алды. Мені жас, дәрі егу білмейді деп ойлаған шығар. Содан дәрі егетін инеге жұмсады. Алып келсем, дәрігердің халатының артқы жағы жаңағы жасап қойған жарығымызға тиіп өртене бастапты. Оны қарсы кереуетте жатқан науқас айтып еді, дәрігер қолындағы инесін тастай сала шыға жөнелді. Мен инені алып, жағдайы нашарлаған науқасқа салып бітіргенде келді. Сол кезде дәрігердің айтқаны «шынында, сіз біледі екенсіз» деп күлген болатын. Осындай түрлі оқиғалар болып тұрады, – деді тәжірибелі маман.
Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген Сансызбай Мәтенов пен Гүлзат Оспанованың шаңырағы қашанда берекелі. Өмірлік серігімен 1986 жылы бас қосқан сала маманы жолдасын төрт жыл бұрын қара жерге тапсырған. Қазіргі таңда қыз-ұлдарының қызығын көріп, немере сүйіп отыр. Биыл аяулы ана мерейлі 60 жасқа толып, қуанышты сәтін еселей бермек. Күні-түні халықтың денсаулығын бақылап, жедел жәрдем шақырған үй ауылдың шеті болсын кейде көлік жүрмей қалғанда, жанын шүберекке түйіп ауылдың ана басынан мына басына дейін жаяу жеткен кездері де болған. Осыдан-ақ, қаншалықты бұл саланы жақсы көріп, халық денсаулығын бірінші орынға қоятынын аңғаруға болады. Тіпті біршама бүлдіршінді ауыр жағдайдан аман алып қалған қайсар мінезді жан екенін айта кету орынды.
Қырық жыл бойы атқарған қызметі де еш кетпеді. Бірнеше жыл қатарынан аудандық, облыстық денсаулық сақтау басқармаларының марапаты мен алғыс хатына ие болған. Ауданымыздың 90 жылдығына орай төсбелгімен марапатталған. Ең бастысы, ауыл тұрғындарының шынайы ықыласы мен құрметіне бөленген ардақты, тәжірибелі маман.
– Бұл сала қауіп-қатерге толы екені белгілі. Бірақ осынысымен жауапты, әрі қызық. Жедел жәрдем шақырғанда сол науқасқа «кішкене болсын көмектесейікші» деген ниетпен барамыз. Ауыр жағдайлар болғанда барынша сабырлық сақтап, алғашқы көмекті көрсету – біздің парызымыз. Ертесі ол науқастың жағдайы жақсарғанын естісек, бізден бақытты адам болмасы анық. Алғашқы көмек дұрыс көрсетілсе болғаны, әрі қарай науқас қандай жағдай болмасын жақсарып кетеді. Міне біздің жедел жәрдемдегі жауапкершілігіміздің айнасы. Сондықтан, әр шақыртуға дайын болып, уақытында жетуге тырысамыз, – дейді Гүлзат Ахметқызы.
Ең күрделі, жауапкершілікті талап ететін және оқыс жағдайға толы сала – медицина. Отбасында бір ұлы балалар дәрігері болып жұмыс істесе, екі келіні де медицина қызметкері. Жанұясымен халықтың алғысына бөленген ақ жүректі жандар. Медициналық көмекті дер кезінде көрсете білу де – адамгершіліктің белгісі. Осындай қасиетке ие Гүлзат Ахметқызы – адами құндылығымен қатар ерекше мейірімге толы болмысы арқылы көптің көңілінен шығады. Алғашқы жәрдемді көрсетіп, адам өмірін сақтап қалу ол – батырлық. Осындай батырлық қасиетке ие жанның бірі Гүлзат Оспанова екені айқын.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ