Айлардың сұлтаны – Рамазан

Сұрақ: Өткен жылдан қалған оразаның қарыз күндерін белгілі себептермен ұстай алмаған жағдайда биылғы оразадан кейін ұстай беруге болады ма?
Жауап: Алла Тағала Құранда, «Бақара» сүресі, 185-аятында: «Ал кім (осы айда) науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Шынында Алла сендерге жеңілдікті қалайды, ауыртпалық артқысы келмейді» дейді. Аятта оразаның қазасын өтеу уақытын шектемей, жалпылама айтып тұр. Сондықтан өткен оразадан қарызы бар кісілер, келіп жеткен Рамазан айының оразасын ұстап, өтеп үлгермеген қаза оразаларын Рамазан айынан кейінгі күндерге қалдырады. Алайда ханафи мазхабымызда бұл үкім рұқсат етілгенімен, абзалы – оразадан қалған қазаларды келесі оразаға дейін қалдырмай, тездетіп өтеу.
Сұрақ: Ораза ұстаған адам уақыттан қателесіп ауызды ертерек ашып қойса, не болады?
Жауап: Тек қана адам өзінің ораза екенін ұмытып, ішіп-жеп қоятын болса, оразасы бұзылмайды, яғни есіне түскен уақыттан тоқтатып, әрі қарай оразасын жалғастырады. Ал байқаусызда су жұтып қою, уақыты кірді деп ойлап ішіп-жеу, бұның бәрі бір күн қазаны қажет етеді. Рамазан айынан кейін бір күндік қазасын өтейді.
Сұрақ: Сәресін ішуге ұйықтап қалған жағдайда ораза жалғаса ма? Әлде сәресін ішу міндетті ме?
Жауап: Әуелі, сәресіне байланысты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне тоқталсақ: «Сәресіге тұрыңдар, сәресіде береке бар». «Біздің оразамыз бен кітап иелерінің (еврей, христиан) оразасының айырмашылығы – сәресіде». «Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су болса да оны тастамаңдар. Өйткені сәресіде тамақтанғандарға Алла рақым етіп, оларға періштелер кешірім тілейді».
Сәресі уақытында ұйықтап қалған адам ұйқысынан тұрғанда ештеңе ішіп-жемей оразасын жалғастыра береді. Яғни сәресін ішу міндеттелмеген. Бірақ, жоғарыда айтылған хадистер сәресіне тұрып, тым болмаса бір жұтым су не бір тілім нанмен болса да ауыз бекіткен адамды осындай нығметтермен сүйіншілейді.
Сұрақ: Тарауих намазына әйел адамдардың баруы міндетті ме? Болмаса қаншалықты дұрыс?
Жауап: Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдеріңе мешітке баруға тыйым салмаңдар, алайда олардың үйлерінде оқыған намаздары олар үшін жақсырақ!», «Әйелдердің ең ізгілері – мешіті үйінің ішінде болғаны» деп, әйел кісінің үйінде оқыған намазы, мешітте оқыған намазынан қайырлы екендігін ескертеді. Сондықтан әйел кісі тарауих намазын мешітте емес, үйінде оқығаны абзал. Дегенмен, мешітке келіп оқудың да күнәсі жоқ, қатысуға рұқсат етілген. Бірақ олар ерлермен араласпай, бөлек жерде тұру керек.
Сұрақ: Ауыздағы сөлді жұтса, ауыз ашыла ма?
Жауап: Ауызда бөліне беретін сілекейді жұту оразаны бұзбайды. Алайда сілекейді ауызға жинап, көп мөлшермен жұтуға болмайды.
«Тт» ақпарат
Фото: Ашық дереккөзден