Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оразаға қатысты 10 сұрақ

Оразаға қатысты 10 сұрақ

Құрметті оқырман!
Парыз амалдың бірі – оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақтарды ауданның бас имамы А.Асқаровқа қойып,
жауабын назарларыңыз­ға ұсынамыз.

– Намаз оқымаған адамның ораза ұс­тауына болады ма?

– Ораза – жеке-дара құлшылық. Намаз оқымаған адам да ұстай алады. Ораза – Ұлы Жаратқанға жақындаудың бір түрі. Мұ­ны болмайды деп тыю дұрыс емес. Намаз оқымайтын кісі ораза арқылы дінге бір табан жақындап, келер жылдары намазға жы­ғылуы әбден мүмкін. Ораза ұстаған кісіге «Оразаң қабыл болсын!» деп демеу беріп, мұсылманшылыққа даналықпен шақыру – са­налы әрбір мұсылманның міндеті.

– Рамазан айының басында үш күн, ортасында үш күн, аяғында үш күн ауыз бекіту дұрыс па?

– Ораза айын ауру яки жолаушылық себептерден тыс бұлай бөле-жарып ұстауға бол­майды. «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Кімде-кім ораза айына жетсе, оны толықтай ұстасын» делінген.

– Ұйықтап қалып, сәресіні өткізіп ал­ған кісілер не істейді?

– Сәресі ішу – парыз емес. Ұйықтап яки басқа себептермен сәресіні өткізіп алғандар ештеңе ішіп-жеместен ораза ұстауын ары қарай жалғастыра береді. Бірақ сәресіні жіберіп алмауға тырысқан жөн. Хадисте «Сәресі ішіңіздер, себебі, сәресіде берекет бар. Бір жұтым су ішсеңдер де сәресіні тас­тамаңдар. Себебі, сәресіге тұрғандарға Алла Тағала рақым етіп, періштелер кешіріп тілейді» делінген. Сәресі мезгілі – дұға-ті­лектер қабыл болатын ең берекетті уақыт.

– Ұмытып ішіп-жеп қойғандардың ора­засы бұзылады ма?

– Егер аңдаусызда ұмытып ішіп-жеп қой­са, онда ораза бұзылмайды. Бірақ ораза ұстап жүргендері есіне түскен сәттен бас­тап ішіп-жеуді дереу тоқтатып, ауыздарын шайып, оразаларын ары қарай жал­ғас­тырады. Пайғамбарымыз хадисінде «Кім­де-кім ұмы­тып ішіп-жеп қойса, оразасын қайта жал­ғас­тырсын. Өйткені, оған Алла Таға­ла­ның өзі ішкізіп-жегізген» дейді.

– Сілекей мен түкірік жұтса, ораза бұзылады ма?

– Аузы берік кісі аузындағы сілекейін немесе түкірігін жұтса, оразасы бұзылмайды. Адам сіңбірігін ішке тартып, жұтса да, ораза бұзылмайды.

– Жүкті әйелге ораза ұстау керек пе?

– Шариғатта құрсақтағы немесе емізулі балаға зияны тиеді деп қауіптенген (жүкті не емізулі) анаға Рамазан оразасын тұтпай, кейінге қалдыруына рұқсат. Сахаба Әнәс бин Мәликтен риуаят етілген хадисте Пайғам­барымыз (с.а.у): «...Күмәнсіз Алла Тағала са­пардағы адамға намазды қысқартып, ал оразаны жолаушыға және жүкті әйел мен емізулі әйелге міндеттемеді...» – деді.

– Ескі оразадан қарызы бар адам не істейді?

– Ханафи мәзхабы бойынша өткен оразадан қалған қарыз күндерді осы келе жатқан Рамазанға дейін өтеу шарт емес. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім сыр­қаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуға рұқсат) басқа күндері қазасын өтесін» – дей отырып, Алла Тағала қаза ету уақытын шектемей, жалпылама айтып отыр. Сондықтан да, келесі Рамазан айына дейін өтеу міндет емес. Десек те, оразаның қазасын тездетіп келесі оразаға дейін өтеп тастағаныңыз абзал. Ал Рамазанға дейін өтеп үлгермейтін бол­саңыз, онда оны Рамазаннан кейін де өтей аласыз.

– Ауыз бекіткенде тіс пастасын қол­дануға болады ма?

– Тісті мүмкіндігінше сәресі уақыты шық­пай тұрып жуып алған абзал. Ал ол мүмкін болмаған жағдайда тамаққа кетпейтіндей етіп аса сақтықпен жууға рұқсат етіледі.

– Ауыз бекіту дұғасы мен ауыз ашар дұғаларын қазақша айтуға болады ма?

– Ұлы Жаратушы барлық ұлттардың ті­лімен қоса іштейгі айтылмаған тілектерін де біледі. Сондықтан ауыз бекіту дұғасы мен ауыз ашар дұғаларын арабша айту шарт емес, әр ұлт өз тілінде айтса да болады.

– Салқындау үшін өзен көлдерге жү­зу немесе моншаға шомылу оразаны бұзады ма?

– Егер аузы мен мұрнына су кіруден сақ­танса бұзылмайды. Бірақ оразаның ләззатын сезіну үшін шомылмаған абзал.

– Ине салса ораза бұзылады ма?

– Имам Юсуф пен Имам Мұхаммәдтің (р.а.) тұжырымы бойынша «де­недегі және бастағы «терең жараны» сұйық дәрімен емдесе де, ораза бұзылмайды. Се­бебі, дәрі ішке (азық секілді) табиғи жолдармен бармағандықтан, ішке түсуі екіталай» дей отырып, ішке бір заттың табиғи жолдардан (ауыз, құлақ, мұрын, тік ішек) басқа жолдармен баруы оразаны бұзбайды деген. Ендеше салынатын ине де, «табиғи емес» жолдармен ішке баратындықтан, бүгінгі ғұ­ламаларымыз ол да оразаны бұзбайды дейді.

Е.БЕРКІНБАЕВ

02 сәуір 2022 ж. 592 0