Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық пен тыйылудың айы

Тазалық пен тыйылудың айы

Аса Рақымды, Ерекше Мейірімді Алла Тағаланың атымен бастаймын. Ораза сөзінің тілдік мағынасы «тыйы­лу» дегенді білдіреді. Ал діни терминдік мағынасы «арнайы ниет етумен таң атқаннан кеш батқанға дейін ішіп-жеуден сақтану» екені мәлім. Ораза һижраның екінші жылында (биыл һижри 1446 жыл) парыз болды. Содан бері мұсылман қауымы ауыз бекітіп келеді. Һәкім Абай: – «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс!» демекші, дініміздің басты бес тірегінің бірі болып саналатын руза (ораза) – Алланың мейірімінен үмітті әрбір пендеге парыз.

Алла Тағала ешкімге көтере алмайтын жүк артпайды. Сондықтан ораза ұстамауға рұқсат етілетін жағдайларды айтып өткеніміз жөн. Атап айтар болсақ – балиғат жасына толмаған бала, жүкті және емізудегі әйел, ораза ұстауға жарамайтын қарт пен дерті бар кісі. Ал жаңа босанған және «уақыты» келген әйел кісіге (хайыз, нифас) «тазаланғанша» ораза ұстауға мүлде болмайды. Бірақ Рамазан айынан кейін қазасын өтеуі тиіс. Ораза ұстауға жарамайтын қарт кісілер мен дерті бар кісілер Рамазан айында «фидия» беруге міндеттеледі. Фидия – дінімізде бұйырылған құлшылықтың орнына төлем жасауды айтады. Мөлшері – бір күндік фидия орта есеппен бір адамның күнделікті то­йып ішетін асы. Демек, Рамазан айының неше күн оразасын ұстауға қауқарсыз болса, сонша күннің ақысын есептеп, тұрмысы төмен отбасыға үлестіреді. Егер бұған жағдайы келмесе пітір садақасының мөлшерімен есептеп берсе де болады. Ал мүлде жағдайы келмейтін адам болса, онда бұған да міндеттелмейді. Бірақ ораза ұстай алмағаны үшін Алладан кешірім сұрап, күндерін дұғамен өткізген абзал.

Оразаның негізгі мақсаты – адамды тақуалыққа жеткізу. Құран Кәрімдегі: «Әй иман келтіргендер! Бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді, әрине тақуалыққа жетулерің үшін», – деген (Бақара сүресі, 183-аят) аятты түсіндірген тәпсірші ғұламалар, оразаның адамды тәрбиелеп тақуалыққа жеткізетінін мәлімдеген. Тақуалық – күнәлі істерден, қатігездік, сабырсыздық, өшпенділік сынды зиянды әдеттен бойды аулақ ұстау. «Нағыз ораза Рамазан айынан кейін басталады» – демекші, осы Рамазан айында өзімізді тәрбиелегендей, кейінгі уақыттарда да сол болмысымызды сақтап қалу негізгі қағидамыз болуы керек. Осы орайда өмірін тақуалықпен байланыстыра білген пендесіне Алланың қасиетті Құранда берген уәделеріне тоқталып өтейін:

«Расында Алланың алдында ең ардақтыларың – тақуаларың» (Хужурат сүресі, 13-аят). «Расында Алла тақуа құлдарын жақсы көреді» (Әли Имран сүресі, 76-аят). «Егер тақуалық жолын ұстансаңдар, Алла сендерге ақ пен қараны ажырата білетін парасаттылық нәсіп етеді әрі күнәларыңды жасырып, кешіріп жібереді» (Әнфал сүресі 29-аят). Талақ сүресінің 2,3,4,5-аяттарында «Егер тақуалық қылсаңдар Алла сендерге тығырықтан шығатын жолды көрсетеді, ойламаған жерден несібеге бөлейді, әрбір ісіңді жеңілдетеді» – деп бірнеше мәрте уәде етеді.

Қорыта айтар болсақ Алла Тағала тақуалықпен тәрбиеленіп, осы жолды ұстана білген пендесіне кеңдігі жеті қат аспан мен жердей болған жұмақты уәде етеді (Әли Имран сүресі, 133-аят). Сондықтан осы Рамазан айы бізге керемет мүмкіндік береді. Рамазан айының осындай сырлы нығметтеріне жетуді Алла баршамызға нәсіп етсін!

Барша мұсылман қауымды келіп жеткен қасиетті Рамазан айымен құттықтай отырып, Алла Тағала қасиетті айда жасаған құл­шы­лықтарыңызды, дұға-тілектеріңізді қабыл еткей! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, іс-кә­сіп­теріңізге береке тілеймін!

ҚМДБ мәлімдеген ортақ пәтуа бойынша, биылғы Рамазан айының алғашқы сәресі наурыз айының 1-ші жұлдызында бекітіледі. Алғашқы тарауих намазы ақпан айының 28-інде оқылады. Наурыз айының 26-сынан 27-сіне қараған түн-қасиетті Қадір түні. Рамазанның соңғы оразасы нау­рыз айының 29-ы болса, 30-шы нау­рыз Ораза Айт күні болып бекітілді. Ал пітір-садақаның көлемі 655 теңгені құрайды.


Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,
аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы

01 наурыз 2025 ж. 98 0