Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамды танытатын үш жағдай

Адамды танытатын үш жағдай


Адам баласын үш жағдайда жақсы танимыз: жалғыз қалғанда – бұл жерде ол өзінің бетпердесін толықтай шешеді; құмарлық құшағында – бұл жерде ол өзінің барлық ережесін ұмытады; жаңа жерде – бұл жерде ол өзінің үйреншікті әдеттерін ұмытады. 

Френсис Бэкон 

Адамның өмірі – табыс пен сәтсіздіктің, қуаныш пен қайғының, білім мен ақымақтықтың қосындысы. Әр отбасының тағыдыры бөлек. Кейде, тіпті, «Сенің өмірің жайлы роман жазуға болады» деп айтамыз. Және бұл сөзіміздің жаны бар. Әрқайсымыз әлемнің кішкене бөлшегі болсақ та, біреудің өмірінің мәніміз. Сол секілді сіздің өміріңіз біреу үшін игі істерге жұмылдырып, жаңа істерге бағыттайтын, қараңғыда жол сілтейтін шырақ болуы мүмкін. 

Соңғы кездері жастардың арасында «Мен оған бар өмірімді арнаған едім, бірақ оның шынайы болмысын тани алмадым», «Мен оны қатты жақсы көрсем де, ол мені сатып кетті» сынды сөздерді жиі естиміз. Сол сәтте «Күнде көріп жүрген адамымызды толық тани аламыз ба?» деген сұрақ туындайды. Себебі өзіміз бұрын-соңды жасап көрмеген қылықтарды жасаймыз. Бұл үшін өзімізді көре алмайтын адамдарды, табиғаттың тылсым күші мен өзге нәрселерді айыптаудың қажеті жоқ. Барлығына сіздің бала көңіліңіз бен ақымақтығыңыз кінәлі. Өйткені қиялыңызда адамдар өзгереді, сүйген адамыңыз мәңгілік жаныңызда болады деп ойлайсыз. 

Жан жарасы – қызғаныш, ашу, қуаныш сынды жан мен тәннің өзгергіш күйі. Оған тек өзімізбен бірге өмір сүруге рұқсат берген кезде ғана үйренеміз. Әдетте айықпас жан жарасын өзіміз қатты жақсы көретін, сенім артатын адамдар салады. Салқынқандылығы моральдық тұрғыдан әлсіреуімізге себепші болып, есімізден тандырады, сөзі сүйектен өтеді. Кек пен ыза оптимистік қасиетті жойып, үміт отын сөндіреді. Ал өзіміз кінәлі болған кезде, жанымызды қоятын жер таппай, жегідей жеп жібереміз. Сүйіктіңіздің тарапынан «соққы» алған болсаңыз, оны өміріңізден ысырыңыз. 

Бар уақытыңызды өмірді жаңа парақтан бастауға арнаңыз. Мықты әртіс болсаңыз да, жан-дүниеңізден қашып құтыла алмайсыз. Адамды ойы бағыттап отырады. Сол себепті оған дұрыс «бағдарлама» орнатуды ұмытпаңыз. 

Кейде сүйіктімізге қарап, мінсіз адамның болмайтынына көзіміз жетеді. Тек «жақындарымыз» бен «сүйіктілеріміз» бар. Сол себепті жасанды әлемнің аясынан шығып, шынайы өмірге оралыңыз. 

1. Жалғыз қалғанда – бұл жерде ол өзінің бетпердесін толықтай шешеді 

Жалғыз қалған кезде ғана адамдардың пікіріне тәуелсіз боламыз. Айналамызда миллиондаған жанның бар екенін ұмытамыз. Осыған орай, өзіміздің жеке пікірімізді қалыптастырамыз. 

Санамыз бізбен таныштық болған кезде ғана сырласады. Ұйықтар алдында көп сұрақтың мазалап, өткен күніміз туралы ойлайтынымыз бекер емес. Өзімізге нақты не керегін дәл осы сәтте ғана айта аламыз. 

Үнемі жүректегі сырымызды, өзіндік пікірімізді өзгелер естіп қоя ма деп қорқамыз. Алайда есейе келе ол қорқынышымызды өтірік жағымпазданумен, өтірік айтумен жасыратын болғанбыз. 

2. Құмарлық құшағында – бұл жерде ол өзінің барлық ережесін ұмытады 

Өкінішке орай, әрқайсымыз ыза, кек сынды жаман қасиеттерді сезінеміз. Біреумен ұрысқан кезде жүректі қарып өтетін ауыр сөздер айтамыз. Кейде шын сырымызды да жариялап қоямыз. Біз қарсыласымыздың осал тұсын біліп, әдейі мұқатамыз. Құдды мерген секілдіміз. Нысанамызды көздеп, оған жетердегі кедергілерді еш байқамаймыз. Осындай сәтте өзімізді жаңа қырымыздан танып, көпке дейін дөрекі мінезімізді кешіре алмай жүреміз. Кіммен араласатынымызды, қалай өмір сүретінімізді өзіміз таңдаймыз. «Тарихымызды» өз қолымызбен жазамыз. 

3. Жаңа жерде – бұл жерде ол өзінің үйреншікті әдеттерін ұмытады 

Біз – жүйенің, уақыттың құрбанымыз. Адам баласы ақырында бәріне көнеді. Бірі – тістеніп, тырманып биікке өрмелесе, енді бірі – ағыспен қатар жүзеді, өміріне өзгеріс енгізуге тырыспайды. Басқа ұжымға, ауылдан қалаға оқуға келгенде, өзімізді жаңа қырымыздан танытамыз. Өзгеріп шыға келеміз. Жақындарымызбен басқаша сөйлессек, достарымыздың арасында өзімізді көңілді ұстаймыз, ұжымда «жақсы» деген атқа ие болғымыз келеді. Кемелділік дәрежесіне жетуге тырысатынымыз рас. Мұны іштей мойындаймыз. 

Әрқайсымыздың кемшілігіміз бен артықшылығымызды сол күйінде қабылдайтын сүйікті адамдарымыз болғандықтан, өмір атты ұзақ жолда асар белестеріміз әлі алда. Мұндай адам үшін өмір сүруге болады. Шалыс басудан қорықпаңыз. Алайда сүйіктілеріңіздің шыдамының шегі бар екенін ұмытпаңыз!
12 маусым 2018 ж. 720 0