Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау қызметінің нәтижелері
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттiк органдардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Осы бағытта 2024 жылы Департаментке барлығы 279 жолданым түсіп, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасымен 138 жолданым қаралған, оның ішінде 48-і өз құзыреті шегінде қаралса, 84-і басқа органдарға өз құзыреті шегінде қарау үшін жолданды, 6-ы өтініш иесінің өтініші бойынша қараусыз қалдырылды.
Қаралған 48 жолданымның 22 бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме берілді, 26 жолданым бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасымен барлығы 48 тексеру жүргізілді, оның ішінде 11 жоспарлы және 37 жоспардан тыс тексеру.
Нәтижесімен, барлығы 439 бұзушылық анықталып, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама бұзушылықтарын жою туралы мемлекеттік органдарға 11 нұсқама және 19 ұсыну енгізіліп, олардың барлығы толық орындалды.
Мысалы, Департаменттің қарауына түскен Қызылорда қаласы тұрғынының шағымы негізінде Қызылорда қаласының әкімдігіне қарасты дербес бөлімнің басшысының әрекетіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Өз кезегінде, шағым иесі дербес бөлімінің басшысы өзінің тұрғын үйінің алдына келіп, полиция қызметкерінің бейнежетонын өзінің омырауына тағып, жазба жүргізгені үшін заң аясында шара көруді сұраған.
Аталған уәждерді нақтылау мақсатында бөлім басшысынан түсініктеме алынып, онда ол қала тұрғынының шағымында көрсетілген уәждермен келіспейтінін көрсеткен.
Осыған байланысты, шағымда көрсетілген уәждер бойынша Қызылорда облысының полиция департаментінен ақпарат сұратылды.
Сәйкесінше, Қызылорда қаласының полиция басқармасының жауабында жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторына қатысты қызметтік тергеу жұмыстары жүргізіліп, оның тарапынан бейнежазба жасайтын өзіне бекітілген бейнежетонды әкімшілік қызметкерге бергені анықталып, оған қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылғаны хабарланды.
Кодекстің 6-тармағының 4) тармақшасында мемлекеттік қызметшілерге азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы тиіс делінген талаптар қойылған.
Дегенмен, дербес бөлімінің басшысы полиция қызметкерінің бейнежетонын өзінің омырауына тағып, жазба жүргізу әрекетімен қала тұрғынының тарапынан сынға себепкер болған.
Яғни, тексеру барысында жинақталған құжаттармен және дәлелдермен бөлім басшысының мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі талаптарының бұзылуына жол бергендігі анықталды.
Аталған факті бойынша бөлім басшысына қатысты тәртіптік іс қозғалып, Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі негізінде Қызылорда қаласы әкімінің өкімімен оған қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Осылайша, Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі негізінде қала тұрғынының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, Департаментпен мемлекеттік органдардың тәртіптік тәжірибесіне тоқсан сайын талдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Талдаудың нәтижесімен 7 мемлекеттік қызметшіге қатысты заңсыз қабылданған тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтардың күші жойылып, олардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Бұдан бөлек, жұмыс уақыты режимінің бұзылуының алдын алуға және оған жол бермеу мақсатында мониторинг жүргізіліп, нәтижесімен 52 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, оларға қосымша демалыс күндері немесе сағаттары берілді.
Департамент алдағы уақытта да өз міндеттеріне сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалардың сақталуын бақылаумен қатар азаматтардың, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің де құқықтарының бұзылмауын қадағалайтын болады.
Е.Ж.МЕНДАЛИЕВ,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Қызылорда облысы
бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ