Темірқазығы – Мұстафа Шоқай
Бұл күндері 85 мерейлі жасқа толып отырған Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкір – танымал ұлтжанды әрі мемлекетшіл қоғам қайраткері, алаштанушы, шоқайтанушы көрнекті ғалым, философ, саяси ғылым докторы, профессор, мемлекеттік басқару, бұқаралық ақпарат, білім салаларында жауапты қызметтер атқарған іргелі азамат, ұлағатты ұстаз.
1995-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екі мәрте депутаты. Мұның бәрі азамат өмірінің бел-белестері, тіпті өмір сынақтары десе де болады. Себебі кеңестік заманда билеуші Коммунистік партияның саясатымен өмір сүрген, комсомол, партия органдарында жауапты қызметтер атқарып жүрген кезеңдерде іште ұлтым деп соққан жүректің адастырмас Темірқазығынан айнымау оңай болмағаны аян. Ал сол көрінбей жол сілтеуші Темірқазық – Мұстафа Шоқай еді.
Әбдіжәлел Бәкір 1940 жылы 23 қаңтарда Қызылорда облысының Сырдария ауданында «Айдарлы» ауылында дүниеге келді. Әкесі Қошқар Оразұлымен анасы Патыма Рахменбердіқызы ұлдары Әбдіжәлелді балалы бола алмаған нағашы аға-жеңгесі Бәкір Сопбекұлы мен Нәзира Сопбеккелінінің бауырына салды, ұрпақты етті. Қазақтың кең көңілі, өнегелі ұлттық салты-ай! Алайда аяулы бейнелері жадында жоқ екі жасар Әбдіжәлелдің қос әкесі де 1942 жылы шілде айында сұм соғысқа аттанып кете барды, екеуі де майданда опат болды. Отағасыларының шаңырағын шайқалтпай асыл азаматтарын күткен екі ана басқа түскен қиыншылықтарды елмен бірге еңсеріп, олардың ұрпақтарын қатарларынан кем етпей өсірді. Әзиз аналар Нәзира Сопбеккеліні 1978 жылы, Патыма Рахменбердіқызы 2009 жылы өніп-өскен ұрпақтарын көріп дүниеден өтті. Әбдіжәлел нағашы атасы Сопбектің Ахметінің қамқорлығында өсті. Ол Баспақ батыр-бидің немересі-тін. Ал Мұстафа Шоқайдың анасы Бақтыбике осы Баспақ батырдың туған қарындасы болатын. Әйгілі Баспақ батыр әрі би (шын аты Мәмбетәлі) Қозыбекұлы – ХІХ ғасырда өмір сүрген, елін Қоқан хандығының озбырлығынан қорғаған ел арасында айтулы тұлға.
Елуінші жылдардың басында Ахмет атасы балам жақсы білім алсын деген ниетпен Сырдария ауданындағы Айдарлы ауылынан Қызылорда қаласына көшіп келді. Көршілері Мұстафаның туған інісі Мұртазаның баласы Мәдиярдың отбасы еді. Оның шешесі Зүлфия бұрын Шоқайдың інісі Оспанның жесірі екен. «Сол Зүлфия апай «Біздің қайнаға (Мұстафаны айтады) жеті патшаның тілін біледі», – деп аракідік айтып қоятын. «Бұл сөздің растығына 2012-2014 жылдары Мұстафа Шоқай шығармаларының он екі томдық толық жинағы шыққанда көзім жетті. Еңбектері тоғыз тілде жарық көрген екен» дейді Әбекең бұл күнде.
Мұстафа Шоқай есіміне осылай ертеден қанық болып өскенімен, жоғары саяси қызметте жүрген Әбдіжәлелге ұлы тұлғаның өмірін, қызметі мен шығармашылығын зерделеу тұрмақ, онымен әлдебір туыстық қатынасы бар екенін сездіру де мүмкін емес еді.
Бірақ таңның атпасына күн қоймайтыны сияқты заманның өзгеруі де заңдылық. Қасаң кеңес қоғамын қайта құру науқаны арқасында жариялылыққа ашылған мүмкіндікті жедел де ұтымды пайдаланып, түрік әлемінің айтулы көсемі Мұстафа Шоқайдың қызметін әділ бағалау жолын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әнуар Әлімжанов бастап жіберді. Көп ұзамай Мұстафа арманы да орындалды, рухы туған еліне оралды, Түркістаны – Орталық Азияның кеңестік республикалары Тәуелсіздікке жетті. Сол-ақ екен Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған зерттеу мақалалар, көркем шығармалар, деректі және көркем фильмдер бірінен соң бірі шығып жатты, ғылыми диссертациялар қорғалды, оның еңбектері том-том болып жарияланды.
1956 жылы Қызылорда қаласындағы 1 Май (қазір Қалтай Мұхамеджанов) атындағы орта мектепті, 1963 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогика институтының (қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) филология факультетін үздік дипломмен бітірді. Жалындаған жас маман Әбдіжәлел еңбек жолын әуелі Сырдария ауданында ауылда, одан кейін Қызылорда қаласында орта мектепте мұғалімдіктен бастады.Оқушы кезінде пионер жетекшісі, студент жылдары факультеттің кәсіподақ серкесі қоғамдық жұмыстарға жастайынан белсенділігі мектептегі қызметтерде жалғасты. Бастамашыл, айналасындағы жастарға ықпалды, оларды игілікті істерге тарта білетін ұйымдастырушылық қабілеті байқалған елгезек жігіт көзге түспей қалған жоқ, көп ұзамай сенім білдіріліп жастар ұйымына жауапты жұмысқа шақырылды.
Әбдіжәлел Бәкір 1965 жылы Қызылорда қалалық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы қызметте жүргенінде келешек көтеруге лайықты кадр ретінде Мәскеуге Бүкілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағының (БЛКЖО) Орталық комитеті жанындағы Жоғары комсомол мектебіне саяси білімін көтеруге жіберілді. Оқу бітірген соң Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін Қызылорда облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Ә.Бәкірдің 1967-1974 жылдары қалалық, облыстық комсомол комитеттерінің жетекшісі қызметінде Қызылорда қаласында осы күнге дейін пайдаланылып келе жатқан үлкен стадионның құрылысын екпінді құрылыс деп жариялап, жастарды молынан жұмылдыруы сол замандағы тұстастарының есінде қалды. Стадион біткен соң оған кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Сыр перзенті – жастардың жалынды жетекшісі, Мәскеуде БЛКЖО Орталық комитетінде қызмет атқарған, сол бір өтпелі қиыншылық кезеңде өздерін ашаршылықтан құтқарғанын, оқуға кіргізгенін әрдайым ризашылықпен айтып өткен талай адамды қатарға қосқан Ғани Мұратбаевтың есімін беру, стадион алдына оның ескерткішін орнату істеріне де бастамашы әрі ұйымдастырушы болды. Бұдан басқа облыста күріштен әлемдік рекорд деңгейінде мол өнім алған әйгілі даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың ізбасарларын қалыптастырып, еңбек даңқын жалғастыру үшін жас күрішші диқандар арасында жақаевшылар қозғалысын ұйымдастыру қолға алынды. Елімізде кең қанат жайған бұл үлкен іс Социалистік Еңбек Ерінің екінші Алтын жұлдызы болып Ыбырайдың ғана емес, күллі күрішші диқандардың мерейін көтерді. Мол өнімге қол жеткізген талай диқан даңққа бөленді. Осы ретте Ә.Бәкір араласқан осындай игі істің тағы бір мысалы – Ұлбала Алтайбаева. Он үш балалы әрі мол өнімші диқан ардақты Ана Ұлбала Алтайбаеваның ерен еңбегі лайықты бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атануына жеткізген мақсатты насихатты ұйымдастырушылардың бірі тағы да Ә.Бәкір еді. Бұл кезде ол ықпалды партиялық қызметте болатын.
Комсомолдан соң қызмет Қызылорда облыстық партия комитетінде жалғасты. 1974 – 1991 жылдары он жеті жылдан астам партиялық қызметте обкомның бөлім меңгерушісіне дейін көтерілді. Өзі қарауында қызмет істеген Қызылорда обкомының идеология жөніндегі хатшысы Қаржаубай Жарқынбековтің партияның сөзін сөйлей тұрып, ұлттық мүддені қисынын келтіріп жоғары қоя білетін қасиетін өнеге тұтты. Байсалды да байыпты, кішіпейіл, ізденімпаз, досқа адал, уәдеге берік болып қалыптасты.
Обкомның бөлім меңгерушісі ретінде Әбдіжәлел Бәкір қауырт та жауапты қызмет ағынымен кетіп қалмай, партиялық жұмысты ғылыми ізденіспен ұштастыра алды. 1984 жылы Қазақстанның көрнекті этноәлеуметтанушы ғалымы, философия ғылымының докторы, профессор М.М.Сужиковтің жетекшілігімен ұлтаралық қатынастар мәселелері бойынша диссертация қорғады, философия ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болды.
1991 жылы Әбекеңнің қызметі тың салаға ауысты, Қызылорда облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясының төрағасы болып тағайындалды. «Қазақстан-Қызылорда» облыстық телеарнасының мемлекеттік басқару органдарында халықпен жұмыс істеу мектебінен өткен әрі ұйымдастырушылық өмірлік тәжрибесі мол ғалым жаңа төрағасының істе тосылып қалмады, ұжымды біліктілікпен шығармашылық ізденістерге бастады, жастардың талантының ашылуына тәлімгерлік қамқорлықпен ерекше мән берді, тұрмыстық жағдайларына да көңіл бөлді, беделін салып компанияға пәтерлер бөлінуіне қол жеткізді. Осылай ұжымдағы байырғы журналистердің тәжірибесін, жас буынның серпінді талпынысын жаңашылдыққа бұра білді. Тележурналистердің күнделікті таптаурын тақырып, күйбең мәселелер шырмауында қалмай, елдің көңіліндегі өзекті жәйттерді зерттеуін, телеарнада көкейкесті тақырыптардың кеңірек қамтылуын алдыңғы кезекке шығарды. Тікелей эфирдегі «Жүздесу», «Көкейкесті» хабарлары жұртшылық көңілін дөп басты. «Сыр елі – жыр елі» деп, «Әнші балапан», «Жас қанат», «Таңшолпан» байқаулары жүйелі ұйымдастырылды. Ә.Бәкірдің жетекшілігімен қолға алынған ел ішіндегі халық таланттары – ақындардың, әншілердің, бишілердің, жыраулардың, жыршылардың, күйшілердің шығармашылығына арналған «Сыр саңлақтары» танымдық кездесу хабарлары көрермендердің ықыласын аударды, ол хабарлардың біразы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Алтын қорына» қабылданды. Тоқсаныншы жылдардың басында абдырау кезеңінде таланттарды осылай қолдау олардың ғана емес, жұртшылықтың да рухын көтерді. Осы жылдары облыстық телеарна төрт мәрте республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды.
Әбдіжәлел Бәкірдің 1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қызылорда облысының Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарын қамтыған аумақтық округтен халық өкілі ретінде депутат болып сайлануы оның қалыптасқан ұлтжанды да мемлекетшіл, орнықты қоғам қайраткері болмысын аша түсті, қабілет-қарымын жақсы танытты. Халқымыздың тілі, ділі, діні сияқты өзекті мәселелерде іркілмеді. Мәжілісте қабылданатын заңдардың, талқыланатын мәселелердің ұлттық мүдде тұрғысында қаралуында депутаттар – көрнекті қоғам қайраткерлері, Халық жазушылары Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, профессор Амангелді Айталы сынды кесімді тұлғалармен пікірлес болды, өзекті мәселелердің ұтымды шешімдерін табуда бірлесе әрекеттенді. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Жарнама туралы», «Мәдениет туралы», «Саяси партиялар туралы» және басқа да біраз заң жобалары жөніндегі жұмыс топтарын басқарды. Білімі мен білігі сай ұлтжанды әрі мемлекетшіл белсенді депутатты Мәжіліс төрағалары Марат Оспанов, Жармахан Тұяқбай, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Өмірбек Жолдасбеков әрдайым қолдап отыруы оның батылдығын қайрай түсті. Қоғамдық мәні зор заңдар жобаларының Мәжілісте жан-жақты да жете пысықталып, қабылдануы үшін белсене қатысты. Айталық, «Жарнама туралы» Заң жобасына ішкілік ішу мен темекі шегуді жарнамалауға тыйым салу жөніндегі нақты ұсыныстарын енгізе алды.
Мәжілісте балаларымыздың шетелге кетуі үлкен талқылауға түскені белгілі. Тағы да Айталы, Шераға, Фариза және Әбдіжәлел балаларды шетелдіктерге беруге өре қарсы шықты. «Күндердің күнінде шетел асырылғандардың біреуі болса да мені өз елімнен бездіргендерге лағнет айтамын» деуі де мүмкін ғой деген де жанға батар сөздер айтылды. Жетім ұрпағымызға қажетті жағдайды өз еліміз жасасын деді. Бірақ бұлардың ұсынысы өтпеді. Қазір сол балалардың бәз бірі ата-анасын шырқырап іздеп келіп жатқаны қоғамға мәлім.
Қолданыстағы Тіл туралы заңды мемлекеттік мәртебелі қазақ тілінің өрісін кеңейту тұрғысынан жетілдіру немесе Мемлекеттік тіл туралы арнайы жаңа заң қабылдау жөніндегі ұсыныстары да қолдау таппады. Алайда Тіл туралы заңның 18-бабының екінші бөлігіндегі «Қажеттi тiлдiк ортаны жасау және мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншiк нысанына қарамастан, теле-радиоарналар арқылы берiлетiн мемлекеттiк тiлдегi теле-радио бағдарламалардың көлемi уақыт жағынан басқа тiлдердегi теле-радио бағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс» деген құқықтық норманы енгізді. Ал осы норманың жүзеге асуы оңай болмағаны, талайға дейін қазақ тілді хабарлар телеарналарда түн ортасы ауа эфирге беріліп келгені кезінде жұртшылықтың орынды наразылығын туғызғаны мәлім.
Ә.Бәкір парламенттік делегация құрамында бірқатар шетелде болып, парламентаралық қатынастарға өз үлесін қосты. ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясы Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы өткізген «ТМД елдеріндегі тілдік қатынастарды заңдық реттеу» деген парламенттік тыңдауда баяндамалар жасады.
Астанадағы қазақ мектептерінің мардымсыз жай-күйі, келешек өркендеуі туралы мәселе көтеріп, сол кездегі қала әкімі Т.Досмұханбетовтің есебі Мәжілісте тыңдалуы қазақ мектептері мен балабақшаларының көбеюін арттырды. Әбдіжәлел Бәкірдің ана тіліміздің мерейі үшін күрестегі осындай табандылығын жоғары бағалап, Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай оны «Тілдің табанды тарланы» десе, депутат қайсар қаламгер Шерхан Мұртаза депутат әріптесін «Қазақ тілінің пәруана жанашыры» деп атаған екен. Бұқаралық ақпарат құралдарында да ел көңіліндегі өзекті мәселелерді ортаға салуымен жиі көрінді. Сайлаушыларымен кездесулерде айтары аз болмады. Ә.Бәкірдің міне осындай елжандылық қасиет-қарымын лайықты бағалаған Сыр елі оны өз округінде 1999 жылы екінші рет Парламент депутаты етіп сайлады.Халық қалаулысы ел сенімін ақтады.
Әбекең Парламент депутаты кезінде ғана емес, одан кейінгі кезеңде де ана тіліміздің жанкүйер жанашыры ретінде өз пікірлерін, ұсыныстарын айтып та, жазып та келеді. Соның бір мысалы Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасарына «Қазақ үні» ақпарат агенттігі арқылы жария жолдаған ашық хаты. Депутат кезінен Парламент әдебіне қанық Ә.Бәкір бұл хатында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында орыс тілінде сайраған Алматы қаласының, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері орынбасарларының бұл тілбұзар қылықтарына депутаттардың орынды қынжылысын қақпайлап, үштілділік саясатты алға тартқан, «әрқайсымыздың екі тілде, тіпті үш тілде сөйлеуге құқымыз бар» деп құйқылжыған орынбасардың бұл әрекетінің орынсыздығын заңнама тұрғысынан негіздей отырып, айыптауы Әбекеңнің азаматтық ұлтжандылық ұстанымының тағы бір дәлелі.
Ана тіліміздің мерейі туралы сөз болғанда Әбекең тереңнен қозғайды. Біріншіден, Алаш идеяларына жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Оларға деген көзқарас кешегі кеңестік кезден көп ұзай қойған жоқ. Оларда біз алатын қазына мол. Алаш арыстарының ағартушылық ұлттық идеялары бүгінгі күні де ұтымды, мұралары жарамды.Екіншіден, Тәуелсіздік қарсаңындағы және оның алғашқы жылдарындағы халқымыздың ана тілімізді көтеруге деген белсенділігін барынша пайдаланып қалғанымызда бүгінгі тілдік ахуал басқаша болары сөзсіз еді. Оның есесіне біраз жыл үш тұғырлы тіл деген ұран шықты. Абай «Жиырма бесінші қарасөзінде» орысша оқудың пайдасын алумен қатар залалынан қашық болуды да естен шығармауды сонау орыс тілі, рухы қазақ даласына енді-енді еніп келе жатқанда-ақ ескертті. Енді сол залалдардың салдарларына қазіргі өміріміздің барлық дерлік саласынан толып жатқан мысал келтіруге болады. Ұлттық рухымыз әлсіреп, бірсыпырамыз не орыс, не қазақ бола алмай, ұлттық ділден жұрдай болды. Міне, Абай айтқан залалдың ең үлкені. Бұдан басқа, адамдық қарым қатынастың негізгі тірегі капитал болып барады деп алаңдайды Әбекеңнің зиялы көңілі.
Қай мәселеде сөз қозғаса да тірегі де, дәйегі де Алаш зиялылары. Әсілі, біздің ұлтқа ұлтшылдық, ұлттық рух жетпей жатыр. Шынтуайтында алдымен ұлтшыл болмай, мемлекетшіл бола алмаймыз. Халқымыздың шынайы ұлтшылдығы, ата-бабаның ежелден келе жатқан жарасымды салт-дәстүріне бекемдігі, тәуелсіздік мұраттарына болаттай беріктігі мемлекеттің ұлттық сипатына әсер етері анық. Ұлттық идея, ұлттық идеология, ұлттық мәдениет, ұлттық болмыс сияқты ұтымды ұғымдарды кейінге ысырудың салдары – билік маңайында жүргендердің кейбіреулері өздерінің «ұлтсыздық үңгірін» баспана етіп жүргендерімен қоймай, мемлекеттік мәртебелі ана тіліміздің мерейі үшін күрескендерді «ұлтшылдық үңгіріндегілер» деп ғайбаттауы ұлттық рухсыздықтың нағыз көрінісі. Ал Тәуелсіздік пен ұлттық егіз ұғымдар. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді», – деген сөзі «ұлтсыздық үңгірінен» адастырмай алып шығар сәуле емес пе, – дейді Әбдіжәлел Бәкір. Болмысында философ ғалым бүгінгі тәуелсіздік жағдайда «ұлтшылдық» деген ұғымды шынайы түсінуіміз керек. «Ұлтшылдық» ұлтжандылықтан әлдеқайда терең мағыналы, ұлтын шынайы сүюді айқындайтын қасиетті ұғым. Өз ұлтын сүйе алмаған адам өзге ұлттың да қадіріне жете қоймас деп пайымдайды. Бұл ретте ұлы ұстазы һәм Темірқазығы Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық зиялы» мақаласында белгілі бір ортақ идеяларды жете ұғынған және сонымен өзара байланысқа түскен білімділерді зиялы, ал саяси, қоғамдық немесе мәдени салалардың қайсысында болсын өз халқына қызмет ету идеясын терең ұғынған зиялыны ұлттық зиялы деп санағанын, яғни жалғыз білімділік зиялылықтың көрсеткіші бола бермейтінін өмір көрсетіп отырғанын алға тартады. Қазіргі діни ахуал, дендеген жемқорлық туралы да келелі ой толғаған, ұсыныстарын айтқан мақалалары, сұхбаттары баспасөзде әрдайым жарияланып келеді.
Ғалым 2005 жылдан бастап біраз уақыт Астанада Қазақ гуманитарлық заң университетінде ұстаздық етті. Парламент қабырғасында тоғыз жыл ел мұқтажын мұңдайтын, халық сөзін сөйлейтін жақсылармен жақын жүріп рухани молыққан қайраткер студент жастарға енді ұлтжандылық, мемлекетшілдік қасиеттерді сіңіруге күш салды. Ол өз дәрістерінде қазір әлем жаһандану дәуіріне еніп, кірігу, бірігу, тұтастану үдерісі тегеурінді өріс алған жағдайда қазақ халқының болашаққа бағдары қалай болмақ, әлемдік қауымдастықта егемен еліміздің алатын орны қандай, тәуелсіздікті қайткенде тұғырлы ете түсеміз дегендей өзекті сұрақтарды ата-бабадан мирас ұлттық құндылықтарды сақтау, оны жаңа дәуір талабына сай жаңғырту, мемлекеттік мәртебелі ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейте түсу, бұл ретте еліміздің келешегі – жастарға жүктелер міндет, аманат сияқты көкейкесті өткір мәселелермен орайлы байланыстырды. Жастарға ой салды, олардың отаншылдық санасының қалыптасу негізін бекемдей түсті. Ұлағатты ұстаздың мұндай тағылымды, өсиет іспетті өзекжарды толғаныстарының зейінді тыңдаушы жастарға әсер еткені, мұндай мақсатты да нысаналы тәлім-тәрбиенің текке кетпесі анық.
2006 жылы ғылыми зерттеуін аяқтап, «Қазақстан Республикасы кәсіби Парламентінің қалыптасуы: саясаттанулық талдау» деген тақырыпта диссертация қорғады, саяси ғылым докторы дәрежесін алды. Бұдан басқа Ә.Бәкір өзінің Алаш қозғалысын зерттеу қорытындыларын 2008 жылы жоғары оқу орындары студенттеріне арналған «Алаш қозғалысы саяси топ басшыларының әлеуметтік көзқарастары» деген оқу құралы етіп ұсынды. 2011 жылы оған әлеуметтану мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді.
Ғалым өнімді еңбек етіп келеді. Оның қаламынан шыққан 200-ден астам ғылыми-көсемсөз мақала, 15-тей кітап – қазақ қоғамының өзекті мәселелері туралы әлеуметтік мәні зор еңбектері отандық саясаттану ғылымына сүбелі үлес болып қосылды. «Қазақстан Республикасы кәсіби Парламентінің қалыптасуы: саясаттанулық талдау» және «ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы саяси әлеуметтік ойлар» монографиялары, «Депутат әлемі», «Ана тілім – абыройым менің», «Ана тіліміздің айдарынан жел ессін десек...», «Тіл тұғыры», «Тәуелсіздік тағдыры», «Тәуелсіздік түйіндері: ұлттық мұрат, елдік мүдде», «Мұстафа Шоқай: өмірі мен қызметі, шығармашылығы», «Мұстафа Шоқай: Кемел ой иесі», «Халқым деп соққан жүрегі. М.Ә.Сужиков. Ғұмырнама, мақалалар және естеліктер» (үш автор), сондай-ақ өзі оқыған орта мектебі туралы «Тарихы да, тағылымы да мол мектеп» (үш автор) деген толғанысы елеулі еңбектерге жатады.
Түрік әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайдың саяси қызметін, шығармашылық мұрасын зерттеу Әбдіжәлел Бәкірдің өмірлік мұратына айналғалы қашан. 2016 жылдан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде құрылған Мұстафа Шоқай ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі. Әбекең білікті шоқайтанушы ғалымдарды, қаламгерлерді ұйымдастырып «Мұстафа Шоқай» ғылыми-тарихи танымдық энциклопедия жинақтауға кіріскеніне де бірнеше жыл, жұмыстың баяулығы оның қоғамдық негізде атқарылуында болып отыр. Бұл еңбектің тинақты аяқталып, жарық көретініне сексеннің сеңгіріндегі Әбекең сенімді, бар қажыр-қайратын осы ауқымды да күрделі, сауапты жұмысқа арнаған. Мәскеу мұрағатында отырды, Грузияда, Францияда, Германияда болды. Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне, шығармаларына бойлаған сайын жекелеген зерттеушілердің білгені болмаса, ол туралы мәліметтер әлі толық ашыла қоймағаны анықталды.
Мұстафа Шоқайдың «Яш Түркістан» журналында жарық көрген 224 мақаласы 1998 – 1999 жылдары қазақ тіліне аударылып, жеке екі томдық болып басылды. Бұл жинаққа бәзбір жаңа материал қосылып, 2007 жылы үш томдық шықты. 2012 – 2014 жылдары Мұстафа Шоқай шығармаларының ең ауқымды басылымы – он екі том толық жинағы, өкінішке қарай, бір мың данадан ғана басылды, олар тіпті облыстық кітапханалардың өзіне жетпей қалды.Хаттары қазақ тілінде және орыс тілінде жарық көрді. Алайда әркімнің қолынан шыққан бұл аудармаларда бірізділік жоқ әрине. Ал орыс тіліндегі 400-ден астам, ағылшын, грузин, неміс, өзбек, поляк, түрік және француз тілдеріндегі 130-дан астам еңбегі әлі күнге дейін ана тілімізде жарық көрмеген. Бұл жекелеген адамдар игере алатын іс емес. Ә.Бәкір бұл мәселені көтеріп, тиісті органдарға хат та жазды, бірақ қолдау көрмеді. Әбекеңнің қайта-қайта мәселе көтеруімен Астанада №51 мектеп-гимназияға Мұстафа Шоқай аты берілді. Мектептегі мұражайда 500-ден астам жәдігер, оның ішінде Мұстафаның жары Мария анамыз сақтап келген ерінен қалған жазу машинкасы, «Яш Түркістан» журналының мөрлері, т.б. бірсыпыра зат мұражайдың басты құндылықтары.
Бірнеше жыл бұрын Мұстафа Шоқайдың сүйегін Берлиндегі Сүлейман зиратынан, Мұстафаның жары Мария Шоқайдың сүйегін Парижден қазақ топырағына әкеліп жерлеу керек деген ұсыныстар айтылды. 2021 жылы Шымкентте Алаш арыстарына арналған республикалық конференцияда бұл мәселе тағы көтерілгенде Әбекең басқа ұсыныс айтты. «Аруақтарды қозғамайық, Мұстафа атамыз қазір Еуропа мен Азияны, Батыс пен Шығысты байланыстырған дәнекер. Одан да Мұстафа атамыз бен Мария анамызға Түркістанда ескерткіш орнатқан жөн болар деген өз ойын негіздеп ортаға салды. Ерінен кейін 28 жыл өмір сүрген Мария Шоқай күрескер тұлғаның есімі ұмытылмас үшін қолынан келгеннің бәрін бір өзі жасады. Мария Шоқай 1969 жылы бұл дүниеден қайтқанша ерінің асыл мұраларын жиыстырып, түгел 1953 жылы «Жаңа Сорбонна – Париж ІІІ» университетінің Тілдер мен өркениеттер институтының университеттік кітапханасына тапсырды. Одан кейін Мария анамыз күн көріп отырған пианиносын сатып, ерінің бейітіне ескерткіш белгі орнатты. Оның «Менің Мұстафам» естелік кітабы мұстафатану ғылымының беташары. Мұстафа Шоқайдың өмірін, қызметін, мұрасын зерттеушілар алғашқы қадамды Марияның осы естелігін оқудан бастауы керек. Бірақ Түркістанда қос арысқа ескерткіш орнату туралы мәселе, өкінішке қарай, айтылған жерде қалды деп қынжылады Әбдіжәлел Бәкір.
Жасы келіп, құрметті зейнет демалысына шыққан үлкен кісілердің ел ісінен, қоғам жұмысынан қол үзбейтін, үйінде тыныш жата алмайтын қасиеті туралы Әбекең былай пайымдайды. Біріншіден, біз кешегі кеңестік қоғамды да, бүгінгі Тәуелсіз елімізді де көрдік. Екі қоғамды да салыстыра отырып, жақсысы мен әттегенайын айта аламыз. Мен кейбір ғалымдардың кеңестік жүйені түгелдей теріске шығаруымен келісе алмаймын. Ол кезең ата бабамыздың, өзіміздің өміріміз, сеніміміз, Отан үшін, халық игілігі үшін деген адал еңбегіміз. Кеңестік социалистік қоғамның жарамды жақтарын қабылдап, жаңа жағдайда қызмет ететіндей жетілдіре түсуге әбден болар еді.
Тәуелсіз ел болып, өз тізгініміздің өз қолымызға тигеніне қуанбаған қазақ жоқ. «Осы аңсаған Тәуелсіздік мүмкіндігі мемлекетіміздің, халқымыздың мүддесіне барынша пайдаланылды ма?» деген сұрақ екі қоғамды көрген, салыстыра алатын алдыңғы ұрпақ үшін заңды. «Қашан әл Фараби бабамыз сонау ықылым заманда армандаған қайырымды қоғам құрар екенбіз?» деп мен де қиялдаймын. Содан да болар, қоғам өміріндегі құбылыстарға, ешнәрсеге бейжай қарай алмаймын, бос жүру де мен үшін жат дейді Әбдіжәлел абыз ақсақал.
Ә.Бәкірдің атқарған қызметі мен сіңірген еңбегі бағаланып, уақтысында екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен, 1982 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет Грамотасымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Ыбырай Алтынсарин» төс белгісінің, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының «Ахмет Байтұрсынов» орденінің, «Қорқыт ата алтын медалінің», Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығы құрметіне арналған медальдардың иегері. Ә.Қ.Бәкір Қызылорда облысының Құрметті қайраткері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы.
Әбдіжәлел Қошқарұлы жарты ғасыр отасқан жары, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, математика пәнінің жоғары санатты мұғалімі Туғанай Мұханқызымен ұл-қыз өсірген ата-ана, өрбіген немере-шөберенің мерейлі ата-әжесі.
85 жасты артқа салып, 90-ға бет алған мерейжасыңыз құтты болсын, деніңізге саулық, отбасыңыз бен ұрпақтарыңызға амандық тілейміз, күш-жігеріңіз сарқылмасын, айтар тағылымды әңгімеңізде, ғибратты жазарыңыз да таусылмасын, қадірлі Әбеке!
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері,
Қазақ журналистикасының қайраткері
Қызылорда облысының құрметті ардагері