Футболдың жанкүйерлері
Футболдың жанкүйерлері
Басқа ауылдың жігіттерін қайдам, Қалжан ахун ауылының үлкен-кішісі футбол ойынына құмар және «Қайсар» командасының тұрақты жанкүйерлері. Облыс орталығындағы болатын ойындарға баратын Серікбай, Жақсылық, Асқар, Жорабек ағалар жетекшілік ететін ауылда белгілі жанкүйер топ бар. Олар – ойын десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер. Менің «чемпионат мира» болмаса, онша қызыға қоятындай әдетім жоқ. Бір күні осы топ жабылып мені футбол көруге көндірді. Кімнің кіммен ойнайтынында да шаруам жоқ. Бірақ көргенде, қызық екен. Бұлар ойыншыларды ағайындарындай танып, аты-жөні былай тұрсын, шыққан тегіне дейін айтып, кімнің қайдан келгені, қай командада ойнағаны туралы жатқа біледі екен. Допты дұрыс теппесе ол ойыншыларды жер-жебіріне жеткізіп өздері қойған лақап аттарымен атап, «олай жүгір», «былай жүгір», «допты олай теп, былай теп» деп, трибунадан бәрі айқайлап, ысқырып басқарып отырады екен. Бұндай онлайн басқаруды кім көрген... Және жүздеген адам бәрі бірін-бірі жақын тартып мақұлдап, қол соғып маған баяғыдан танитын адамдардай болып көрінді. Масқара болғанда, ойынның екінші жартысында қарсы команда гол соғып стадионды қара түнек басты. Боқтаудың көкесін, айқайлаудың неше атасын сонда көрдім.
Сонымен жеңіліп қалып, таяқ жеген баладай, бағанағы қарқын жоқ, келген көліктерімізге мініп ауылға қарай бет алдық. Серіктестеріме жаным ашып, «көңіл-күйлерін көтерейін, футболға күнде келіп жатқаным жоқ қой» деп, дүкенге соғып біраз дүние алдым. Жолда Қараөзекке аялдап, футболдың әңгімесін айттық. Ол жерде де дұрыс ойнамағандар сырттай сыбағаларын алды. Ақырында соңғы жағын өзім бүлдіріп алып, ауылға жаяу қайта жаздадым. Соңғы сөзді дастарқанның егесі деп жанкүйерлер маған берді. Байқасам, серіктерімнің барлығы да кіші жүз Табын руынан екен. Қызыңқыраған соң мен жиендігіме салып ойнап, «бүгін менің «жеңісім», соны жуып жатқан жағдайым бар» деп әзілдегенім бәле болды. Өйткені жеңген байырғы ұлы жүздер мекендейтін өңірден келген «Тараз» командасы еді. Намысқой кіші жүздің жігіттері маған жабыла кеткені. Ұрмағанмен, әкелерімізді біраз жерге апарып әрең дегенде райларынан қайтты. Жарықтық аталарымыздың «Басқа бәле – тілден» дегені рас екен. Ортада Тараздық команданың тыңшысы болып шыға келдім. Содан бастап жанкүйер ауылдастарым екінші рет мені, ұлы жүздің баласын, футболға ерітпейтін болды. Жанкүйерлер футбол десе шынымен жанын беретінін сол кезде көрдім. Олармен ойнауға болмайтынын да түсіндім.
ЭХ, ТЫ, ШАПАН!
Бұрын ауылда құда-жекжатты шақырғанда ағайының тай-тұяғымен келетіні белгілі. Оларды бөліп-жару кейінгі уақыттың еншісіне тигені де рас. Бір әулеттің ағайындарының арасында осындай шақырыстың шырқын бұзатын шатақ туысы болыпты. Ол міндетті түрде отырыстың қызған кезінде шатақ шығарып, арты төбелеспен аяқталатын көрінеді. Оны шақырмайын десең, ағайының. Шақырсаң, абыройсыздыққа қаласың. Бірде нағашым бұл шатақтың да шықпайтын жолын тауыпты. Туысқанын ертерек шақырып алып, иығына тәуір шапан жауып, ауызбастырық жасап уәдесін алыпты. Құда шақырыстың үстінде әлгі туысқаны атып тұрып шатақ шығарайын десе, иығындағы шапан есіне түсіп қайта отыратын көрінеді. Біршама уақыттан кейін қызып алған әлгі ағайын сүйегіне сіңген әдетіне басып әлсін-әлсін атып тұрып, «эх...ты..., эх...ты...шапан» дейтін көрінеді. Сөйтсек ата-бабамыз бұл тіршілікті «Ауызбастырық» деп салт-дәстүрімізге баяғыда енгізіп кеткен екен ғой, жарықтық.
КӨК ТУФЛИ
Қалаға барғанда аяқ киім көре салайын деп «ескі базарға» соққанмын. Аяқ киім сатып тұрған бір келіншек: «Aға, менің аяқ киімімнен алыңызшы» деп, қыр соңымнан қалмай қойды. «Азаннан бері тұрмын, бір саудам жүрмеді, бүгін бала-шағам аш қалатын болды» деп жылағандай болды. Менімен бірге туфли таңдап қасымнан қалатын емес. «Хозяин» деген біреуге жалданып, соның заттарын сатып отыр екен. Сол қарындасты аяп, амал жоқ еріп келіп соның бутигінен туфли таңдадым. Ананы-мынаны таңдап көрсем де мына қыз бір көк түсті туфлиді мақтап алдыма әкеле берді. «Бағасы, аға, он мың, сізге сегізге түсіріп, ортасы тоғызға беремін» деп қоймаған соң, айтқан бағасына сатып алдым. Біріншіден, сатушының бала-шағасын аядым. Екіншіден, сауап болсын дедім. Сол аяқ киімді киіп алып үйдегілерге мақтанып айнаға қарап тұрсам, келіншегімнен бастап балаларға дейін: «Мынаны қайдан алғансыз, түрі шаң басқан ескі тәпішкіге ұқсайды?» деп маған жабыла кетті. Қайдан білейін, сатушының қолында тұрып мақтағанда керемет болып көрініп еді. Тіпті қонаққа қыдырғанда ғана киесіз деп майын тамызғанда, қалай алып қойғанымды білмей қалдым. Сол аяқ қиім ең ұзақ киген киімім болды. Киілмей дәліздегі аяқ киім салғышта кезегін күтіп бір-екі жыл тұрды. Биыл малға киетін голошым тозып, сол туфлиді киіп алдым. Арасында сауапқа алған аяқ киімге қарап «шүкір» деп те қоямын. Әйтеуір мал қораға жарап тұр. Анда-санда сауап үшін сауда жасасаңыздар, осылай ұзақ киесіздер.
ҮЙ МЕНІКІ ДЕМЕҢІЗ, ҮЙ СЫРТЫНДА КІСІ БАР
Ауданға белгілі азамат Марат Сақтапов ағамызды ілгеріде райкомның бірінші хатшысы шақырып алып «сендер Бақбергенов Жамаладин екеуің жұмыстан мұрындарың қанап шаршап жүр екенсіңдер, шаршасаңдар жұмысты қоя салсаңдаршы» деп аяқ астынан жерден алып, жерге салыпты. «Кісіні боқтағанды көрсетейін» деп, біршама уақыт хатшы екеуінің соңынан түсіп алыпты. Бұл екеуі аң-таң.
Содан хатшы бір нәрсеге көңілі толмай қалса болды, «осы ауданда Сақтапов пен Бақбергенов деген мықты деятельдер бар, бар жұмысты солар істеп жатыр» деп, бұларға тиісіп, жиналысты осылай аяқтайтын әдетке айналдырыпты. Бұлар «Құдай-ау, бұған не жазып қалдық?» деп, төмен қарайтын көрінеді. Ол кезде хатшыға қарсы сөз айту қайда... Уақыт өте кімнің кім екенін, қалай жұмыс істейтінін көзімен көрген жаңа бастық Ердешбаев Жолдасбек ағамыз екеуін де жоғары қызметтерге тағайындапты.
Кейін белгілі болғандай алғашқыда бастық болып келген айларда Жөкең ауданмен етене таныс болу үшін күнде-күнде елмен кездесіп жиналыс жасаған. Ол кездері де қазіргідей жоғарыдан «жиналысты қысқартыңдар» деген тапсырма болған көрінеді. Бір жиналыстың үзілісі кезінде райкомның әжетханасында әңгімелесіп тұрған екі достың бірі Мәкең «Бұл әкеңнің аузын ұрайындар жиналысты азайтыңдар десе, бұлар үдетіп көбейтіп жіберді ғой» деп өзінің осы кездердегідей әдетінше боқтағанын ағаш әжетхананың арғы бетінде тұрған хатшының өзі естіп қойған екен. Бұлар екеуі арада болған екеуара әңгімені кімнен көрерін білмей, кім жеткізгенін таба алмай, басы қатып жүргенде жағдай осылай болып шығыпты.
Марат ағаның бізге сабақ болған осы айтқан қызық әңгімесі ұмытылмай есімде қалып қойыпты. Жолдасбек аға Тереңөзекте басшы болып тұрғанда өзінің артынан із қалдырып біраз жұмыстар жасап кетті. Асарлап салған «Жалын» балалар тынығу лагерінің өзі не тұрады?!
«Үй менікі демеңіз, үй артында кісі бар» деп қазақ бекерден-бекер айтпаған ғой, жарықтық. Артынан ерген қызметтегі інілеріне «қай кездеде ауыздарыңа еге болып, сақ жүріңдер» деп, 85 тегі ағамыз ақылын айтып отырады.
Бетті әзілмен әрлеген Марат ОМАРОВ
Фото: аышқ дереккөзден