Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№1 газет

07 қаңтар 2025 ж.

№103 газет

31 желтоқсан 2024 ж.

№102 газет

28 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Оралдым саған Туған жер!

Оралдым саған Туған жер!

Бүгін араға 10 жыл салып туған жеріме сағынышымды арқалап келе жатырмын. Топырағында аунап өсіп, алтын ұя мектебімді бітірген соң студенттік шағымды да сонда өткіздім. Оқыған білімімнің нанын жеу үшін арман қуып, Алматы қаласына ат басын тіреген едім. Иә, басында өзге жерге сіңісіп кету оңай болған жоқ. Дегенмен, уақыт өте келе ол қала өзіне баурап алып, бауыр бастырды. Бірақ, сыр елім-жыр еліме аңсарым ауып тұратын. Елде қалған әке-шешем мен бауырларым жаздық демалыста келіп жүрді. Көбіне қолым босамағандықтан ата-анамды жаныма шақыртып, осында тұруларын өтіндім. Бірақ үлкен кісілер мұнда тіршілік ете алмайтындығын айтып, жылына бір келіп мені еркелетіп, сағыныштарын басып қайтатын. Маған келерде Қызылордамнан естеліктер мен түрлі сыйлықтар әкелетін.

Таңғы сағат 6-ға таяп қалғанда келе жатқан пойыз дауысын естіп, жадырап тұрмын. Осы күнді маңдайыма жазған Аллаға шүкір айтып, келіп жеткен пойызға қарай адымдадым. Жүрегім алып-ұшып, қызық сезімдемін. Берілген орныма жайғасып пойыз жүре бастағанда терезеден қарап тұрып, табиғатпен үнсіз қоштастым. 10 жыл бойы бауырына басып, мені көтере білген жер анаға рақметімді айттым.

Мен шексіз бақытты адаммын. Қанша жыл жырақта жүрсемде, барлық ғажайып жерлерді көрсемде кіндік қан тамған жерге ешқандай жер тең келмейтінін ұғындым. Пойыз дыбыс беріп, Қызылорда вокзалына тоқтағанда екі аяғымнан жан кетіп, қалықтап ұшқалы тұрған құс секілді сезіндім. Арқалаған дорбаммен сыртқа түсіп, тізерлеп отыра қалдымда аспанға қарап, армансыз ауасын жұттым. Келуімді көп күткен достарым мен туыстарым күтіп алып, табаным туған жердің тасына тигеніне риза болып шаңырағыма тарттық.

«Туған жерім Қызылордам! Сен мен кеткелі біраз өсіп өзгеріпсің. Бала кезде ойнаған аулаға да ғимараттар салыныпты. Елден қалмай көркейіп келе жатқаныңды көріп қуандым. Ата анамның сені тастап кете аламайтындығында түсінгендеймін. Бұрын мен жүрген жолдарға жарық қосылып, жайнатып жіберіпті. Мені кешір! Жыл сайын келіп сәлем бермегенім үшін кінәлімін»,- деп, түнде масахана ішінде жатып туған жеріме осылайша ақтарылдым.

Таң ата қораз шақырған дауыспен көзімді ашсам, басына орамалын таққан анам таза ауада шәй ішіп отыр екен. Ал, әкем малға жем-шөп салып жатқандығын біліп жатырмын. Алматы қаласында жүргенде шаршап таңертең оянуым қиын болатын. Туған жеріме келіп, таза ауада таңғажайып түс көрген соң ерте ояндым. Тұра сала, анамның алдына жатып балаша еркелеп, басымды сипатқан соң, әкеме қарай беттедім. Ол кісі ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығымен айналысып келеді. Өзінің жаны сүйіп, жақсы көріп жасағандықтан шаршадым демейтін. Міне, осыдан 10 жыл бұрын көрген көрінісімді қайтадан көріп тұрғаныма көздерім риза. Қора қопсытып, тамақтандырып жатқан әке жанына келгенімде «құлыным» деген сөзінен кішкентай балаға айналғым келді.

Түс ауа үйіме достарым соғып, көлікпен табиғат көрінісін аралатуға алып кетті. Алысып ойнаған тұстарға келіп ұзақ кідіріп, сол шақтарды көз алдымнан өткізіп «қайта келмес күндерім-ай», – деп ауыр күрсініп келесі аялдамаға тартамыз. Бұрын көше басына жетпей үлкен төмпешік құмдар төгіліп тұрушы еді. Жаз мезгілінде жалаң аяқ бассаң шекеңе дейін терлеп табаныңды күйдіруші еді. Қазір сол төмпешік орындарында зәулім үйлер әдемі етіп қаланған екен. Иә, бұл көркейіп әдемі қала болғандықтың белгісі болса да, бала кезімнің ыстық кезеңдері жойылғандығын ойлап көңілім түседі.

Әкемнің маған сыйлаған асыл тұқымды аты бар болатын. Бұрын өзім қарап, өзім баптайтынмын. Арман қуып кетер шағымда «Құлагер» есімді атымды қимай біраз қиналғанмын. Қорада жалғыз өзі бір үйшікте тұрған Құлагеріме келіп, жалынынан сипап біраз тұрдым да, оның көздеріне қарадым. Мені күтіп әбден сағынған секілді көрінеді. Екі көзі мөлдіріп, тұмсығын иығыма арта берді. Қақпаны ашып, соңыма жетектедім де, үйден аса бергенде үстіне шабармандар секілді мініп, шаба түстім. Сол кездегі маңдайдан ескен самал желмен, шаңның иісін айтсаңшы...

Міне, осылайша мен ұзақ жылдар бойы аңсап күткен шаққа жетіп, жұмысымды тастап, бұрын атауы Ақмешіт болған туған өлкем Қызылордама келіп, жаңа бастамаларға есік аштым. Қайда жүрсемде жүрегім тулап, рахаттанып демалғым келетін жерде, осы мекен екендігін бүкпесіз айта аламын. Қанша жыл болса да өзіндік тарихы бар Сыр еліммен шексіз мақтанамын. Өзге қалада жүргенде өзің өндіретін ақ күріштен ас әзірлеп, сенің топырағыңнан біткен дақылды ысырап қылмайтын едім.


Қарақат ЫДЫРЫС,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
10 қаңтар 2025 ж. 44 0