Балалар фильмі – рухани өнер
Қазір теледидардан балалар фильмін іздеп көретін балалар азайды, тіпті қалмады деуге де болады. Бұның себебі көгілдір экраннан көрсететін балаларға арналған фильмнің азайып кеткенінен болар. Ондай туындылардың орнын гаджеттен көретін мағынасы түсініксіз анимация ауыстыруда. Ал үлкен экраннан көрсететін фильмдерге балалар қызықпағандықтан қарамайды.
Иә, қолынан ұялы телефоны түспейтін балалар неліктен өздеріне арналған фильмді көрмейді. Бұған жауап біреу ғана, яғни қазір қызықты балалар фильмі жоқ. Қызықты көретіннің бәрі телефонда тұр. Ғаламтор арқылы тауып көретіндері – шетелдің анимациялық фильмдері. Мұндай мультфильмдерге бала да, ересек адам да сәл көз қиығын салса болды, елігіп, қалай қызығып бара жатқанын сезбей қалады. Дегенмен анимация балаларға үлкен экраннан алғандай әсер бермейді.
Аға ұрпақтың ойына балалар фильмі дегенде өткен ғасырдың 60-жылдары шыққан «Менің атым – Қожа» фильмі түседі. Балаларға арналған кинотуынды сан жылдар өтсе де өзінің сюжетімен қызықтырып қана қоймай, кез келген адамды балалық шағына саяхаттатқандай әсер алады. Сондықтан жылына неше мәрте көрсең де, бұл фильмді жалықпай көре бересің. Ал сол жылдардан бері қарай, яғни тәуелсіздік алған жылға дейін дерек бойынша «Қазақфильм» бас аяғы 20-ға жетер жетпес фильм түсірген. Еліміздің көгілдір экранына шыққан саусақпен санарлық кино ішінде режиссер С.Құрманбековтің «Секер» фильмі салаға қайта дем беріп, бірінен соң бірі түсірілген Д.Саламаттың «Бәйтерек», Т.Байтукенов пен Т.Қасымановтың «Супер Баха», Е.Нұрмұхамбетов пен Б.Елубайдың «Аңшы бала» секілді фильмдері көрерменге жол тартты. Әрине еліміз үшін он шақты фильмнің шыққаны киноөндірісін алға қарай жылжытып қана қойды. Киноиндустрияның ең қиын саласы саналатын балалар фильміне санаулы режиссер ғана баратыны оның күрделілігін айқындай түседі. Мәселен қазақ режиссері Талғат Теменов: «Балалар киносы – ешбір қоғамдық формацияға, саяси идеологияға бағынбайтын ерекше өнер. Өнердің ішіндегі баланың санасына шуақ болып төгілетін, жанын әсемдікке, ізгілікке баулитын ең рухани өнер» деп бағалап, қазақ балалар киносының бастауы, атасы деп есептелетін «Менің атым – Қожаның» өзінде саяси астар бар» дейді. Режиссердің пайымынша, бізде балалар фильмі, балалар кинематографиясы жоқ. Өмір туралы, махаббат, жастық шақ, Отан, сатқындық туралы салмақты, ой салатын жақсы картиналар жоқ. Тірек болатын мықты ұрпақты дайындау мақсат болса, ол балалардың жанына, рухани әлеміне жақсылықтың дәнін себуіміз керек.
Жалпы балалар киносының көздеген мақсаты – баланың дүние танымын қалыптастыру. Фильмде балалар басты рөлде ойнайтындықтан, оның тәрбиелік мәні басым болады. Белгілі оқиға желісінде көрсетілетін сюжетте зорлық-зомбылыққа мүлдем жол жоқ. Тек қана адамгершілік қасиетті қалыптастыратын, өз бетінше ойлай алатын жеке тұлғаны тәрбиелеу мақсаты тұрады.
Негізінен балалар – өте талғампаз көрермен. Сондықтан көретін фильмнің кейіпкерлері ерекше, іш пыстырмайтын оқиғасы бар, бояуы қанық болуы тиіс. Ал ондай фильмді түсіруге ең алдымен идея, содан соң сценарийі болуы маңызды.
– Балалар фильмі дегенде көз алдымызға ең алдымен «Менің атым – Қожа» фильмі келеді. Жақында қазақ киносының классикасына айналған фильм заман талабына сай қайта түсіріліп жатқанын білдік. Балалық шағымыздың кейіпкері Қожа жаңа форматта қайта оралады. Бұл жолы жаңа технология және трендтер енгізіледі екен. Қазақ мәдениетінің құнды мұрасы, балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың классикалық туындысымен қайта қауышу біз үшін үлкен қуаныш. Оқушыларды жан-жақты етіп тәрбиелеу бүгінгі ұстаздарға жүктелген міндет. Осы фильмнен балалардың қызығушылығы мен адамгершілік секілді құнды қасиеті артады деген сенімдеміз. Негізінен балалармен бірге жақсы балалар фильмін үнемі көруді мақсат етіп, тәрбие беру үрдісіне енгізгенбіз. Сондықтан жас ұрпаққа арналып түсірілген фильмді іздеп жүріп көруге асығамыз, – дейді жас ұстаз А.Сәндібекқызы.
Қазір балаларды қызықтыру қиын. Олар өз бетінше қолындағы телефондағы камерасымен трендтер түсіруге бейім. Араларында кино түсіруге ынталылары да бар. Бастысы бұндай балалар өз замандасының не қызықтыратынын және не көретінін дөп табады. Сондықтан қызықты идея балалардың өзінде. Ал идея туындаса, сценарий жазылып, режиссер мықты фильм түсіруіне мүмкіндік алады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бала тақырыбына кез келген режиссер батылы барып бара бермейді. Өйткені бұл – өте күрделі әлем, режиссердің режиссеріне ғана бағынады. Басты мәселе, режиссердің балаларға қажет тақырыпты түйсігімен сезіп, таңдай алғанында.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»