Көрермен көңілінен шыққан туынды
Ұстаз – білімнің шамшырағы, ақылдың тозбайтұғын асылы, болашақтың алтын көпірі. Қазақ халқы қай кезде де осынау ұлы тұлғаны құрметтеген. Қасиетті мамандықтың ішіндегі жауһары саналатын мұғалім есімі мәңгі құнды. Қазіргі таңда ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан жақсы қолдаулар көрсетіліп келеді.
Бүгінгі күнде оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беруде аянбай еңбек етіп, барлық күш-жігерін арнап жүрген білікті ұстаздар жетерлік. Жақында қалың көрерменге жол тартқан «Ұстаз» фильмі арқылы еліміздегі педагогтердің адал еңбегін шынайы көрсете алды деуге болады. Көркем фильмнің режиссері жетісулық жас талант – Ерлан Ұшақбаев. Туындының идея авторы – белгілі журналист марқұм Бейсен Құранбек, ал сценарийін Гүлмира Зербай жазған. Аталған фильм Жетісу әкімдігінің қолдауымен Бейсен Құранбектің туған өлкесі Жетісу өңірінде түсірілген. Және туындыдағы кейіпкерлердің рөлін Жетісу облыстық драма театры мен оқушылар сарайының актерлері сомдаған.
Фильмнің басты кейіпкері – ұстаз. Яғни оқу бітіріп келген жас мұғалімнің туған ауылына оралып, өзі білім алған алтын ұя мектебіне жұмысқа орналасуы, қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздардың адал еңбегі, шәкіртпен арасындағы қарым-қатынас суреттеледі. Сондай-ақ, мұғалім беделін нығайтуға деген талпынысы көрініс тапқан. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген туындыда үміт, арман, еңбек, сенім, нәтиже – бәрі үйлесім тапқан. Актер Еркебұлан Айдымбаев – еліміздегі ұлағатты ұстаздың бейнесін, еңбекқорлығын, адал еңбегін шынайы көрсете білген, ауыл мұғалімі Ілиястың рөлін шебер сомдаған әрі әсерлі жеткізе білген.
Кино бүгінде Оқу-ағарту министрлігінің ұсынысымен Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетіп, «Qazaqstan» ұлттық арнасы арқылы көрерменге жол тартты.
– Көзі қарақты, көкірегі ояу көрерменнің өзіміз күнделікті өмірде маңыздылығына мән арта бермейтін мұғалімдік қызметтің шынайы болмысы көрініс тапқан «Ұстаз» фильмі туралы әлеуметтік желіде позитивті эмоцияларымен бөлісуі – оның қалың көпшіліктің көңілінен шыққанын, болашақтың негізін қалаушы ұстаздың қоғамдағы рөліне сол қоғам мүшелерінің бей-жай қарамайтынын аңғартса керек. Бүгіндері бізді қуантуға және толғандыруға тиіс нәрсе – міне, осы болса керек.
Бұл кинотуындының Президентіміздің биылғы жылы 5 қазан Ұстаздар күнінде айтқан «Мұғалім – қоғамның басты кейіпкеріне айналуы керек» деген сөзімен үндескен, көпшілікке толғақты ой салатын толымды тағылымы мол екенін атап өткім келеді.
Рас, бүгінгі күні елімізде өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында бар күш-жігерін сарп етіп, аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарымыз баршылық. Президент меңзеген қоғамның басты кейіпкерлері міне, осы ұстаздар. Алты Алаштың төріне де солар лайықты. Сондықтан да мектептің жүрегі – мұғалімге деген ата-бабалардан жалғасқан құрметті тұтас қоғам қайта жаңғыртады деп сенемін, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өзінің фейсбук парақшасындағы жазбасында.
Расында бұл туында бүгінде бір көргеннен көрермен көңілінен шығуда. Фильмді аудан мектептерінде ардагер ұстаздар мен педагогтер тамашалауда.
– «Ұстаз» фильмі жас ұстаздың тағдырын суреттейді. Жас маман болса да өзін ұстаздық жолда тұлға ретінде көрсете білген, тәрбие процесін қалыптастырып, ұйымдастыра алған жас маманның балаларға деген сүйіспеншілігі мен өз мамандығына деген адалдықты жақсы көрсете білді. Бұл фильм арқылы заман талабына сай ұстаздың оқушылармен қарым-қатынасы, мұғалімнің беделі мен педагогикалық қызметтің қиындығы шынайы көрініс тапқан, – дейді №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің директоры Жанар Төреқұлова.
Әрқашанда шәкірт жүрегенінен жол таба білген ұстаздардың қоғамдағы алатын орны ерекше екенін «Ұстаз» фильмі тағы да дәлелдегендей. Көзі қарақты көрерменге ой салатын, көңілінен шығатын осындай отандық фильмдер алдағы уақытта да жарық көреді деген сенімдеміз.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА