Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Теңіз текті тұлға

Теңіз текті тұлға

Құмарлық пен құштарлық

Қатардағы қарапайым жұмысшы болса да әдебиет пен руханиятқа етене жақын ата-анамыз кітап оқу мәде­ниетін бала күнімізден санамызға сіңірді. Әсіресе әкем аудандық кітап­хананың тұрақты оқырманы еді. Оқыған кітаптары мен оқып жатқан кітаптары төргі бөлмедегі қабырғадағы үлкен көк сөреде тізіліп тұратын. Анамыз үйге тазалық жұмысын жүргізетін болса, әкемнің оқып жатқан кітаптары тұратын сөрені ұқыптылықпен тазалап, кітаптардың орнын ауыстырмай, қайтадан орнына қойып шығатын. Біздің үйдегі қалыптасқан отбасылық дәстүр мен қарым-қатынас әлі күнге осылай жалғасып келеді.

Бір күні балалық құмарлықпен әкем­нің оқып жатқан кітаптарын ұстап көргім келді. Ол кезде баста­уыш сыныптың оқушысы едім. Қолыма қара түсті кітап түсті. Мұқабасы тозыңқыраған екен. Қолдан қолға өтіп, көп адамның оқығаны көрініп-ақ тұр. Салмағы да ауыр. Алғашында мұншалықты үлкен әрі парағы көп кітапты қалай жазған, кім жазған деп таңғалғаным рас. Себебі менің сол кездегі кішкентай қолым мен саусақтарымның күші сол үлкен кітапты еркін көтеріп, парақтауға жетпеді. Сосын кітапты кілемге қойып парақтауыма тура келді. Ол кезде сөздің мәнін тереңірек түсінбейтін бала едік. Кітаптың «Қан мен тер» деп аталғанын кәдімгі қан мен тер туралы шығар деп ойлағаным есімде. Сол сәтте әкем де жұмыстан келе қалды. Мен дереу кітапты жауып, сөреге қойып үлгердім. Бірақ сол кітапты парақтап көруге, не туралы екенін ұғынуға деген құмарлығым мен қызығушылығым басылмады. Сөйтіп түскі үзілістен кейін әкем жұмысқа кеткен бойда әлгі кітапты қайта қолға алдым. Кітап мен ойлағандай емес екен. Ішінде қанның да, тердің де суреті болмаған соң балалықпен қызық емес кітап екен деп сөреге қоя салдым. Ал кешке әкем кітап сөресіндегі кітаптарды кімнің қозғанын сұрағанда тұла бойым шым ете қалды. Мойындайын деп шешіп:

– Кітапты қозғаған мен едім, әке, – дедім дауысымнан қорыққаным да, қобалжығаным да сезіліп.

– Бұл кітапты оқуға, түсінуге саған әлі ерте. Ертең басқа кітаптар әкеліп беремін, соны көр, – деді әкем «рұқ­сатсыз екінші рет сөредегі кітап­тарды қозғама» дегендей сыңай танытып.

...Содан кейін сөредегі кітаптарды рұқсатсыз ұстамайтын болдым. Уәде еткендей әкем ертеңіне балаларға арналған бірнеше кітапша әкеліп берді. Кейін балалар кітапханасына өзі ертіп апарып, аралатқаны, кітапхананы көр­сетіп, таныстырғаны есімде. Қазір кітапханаға жұмыс бабымен бара қалсам немесе бұрынғы балалар кітапханасы орналасқан мекеменің жанынан өтсем, осы бір оқиға – менің балалықпен үйдегі үлкен сөредегі «Қан мен тер» деп аталатын кітапты ұстағаным, содан менің кітапқа деген құмарлығым мен құштарлығымды аңғарып, ертеңіне кітапшалар әкеліп берген әкемнің мейір-шапағаты, әкелік махаббаты еске түседі. Тіпті әліппеден кейін қызыққан кітабым сол қара түсті «Қан мен тер» кітабы екенін тебірене еске алып, балалық балдәурен күніме сағынышпен көз тастаймын... Осы рет­те әкемнің жазушы Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің барлық кітабын оқығанын, ұлт тарихын түгендеген тұлғаны әлі күнге ерекше құрметтеп, қадірлейтінін айта кеткенім орынды.

Жазушыға жазылған хат

Бала күнімізде көрші үйде тұратын балалармен бір үйде туғандай жақын араласатынбыз. Әсіресе менен екі жас үлкен Медет екеуміз бір-біріміздің үйімізден шықпайтынбыз. Оның анасы жақсы мұғалім еді. Сондықтан әкем мен анам Медетпен дос болғанымды құп көретін. Медеттің үйінде «Ұлан», «Балдырған», «Балдәурен» секілді қы­зықты газет-журналдар мен кітаптар көп болатын.

Бір күні Медеттің анасы Дариха апай Алматы қаласына жұмыс бабымен іссапарға барып келді. Айтуынша, жазушылардың үлкен жиналысы өтіп, оған жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов те арнайы қатысыпты. Дариха апай орайлы сәтте жазушымен естелік суретке түсіп, қолтаңбасын алыпты. Бұл біз үшін ерекше жаңалық еді. Жазушының қолтаңбасы қойылған авторлық кітабын қайта-қайта қызыға қарадық. Қайраткер қаламгерді ерекше қадірлейтін әкеме жазушының қолтаңбасы қойылған кітапты әкеліп көрсеткенім, ол кісінің тебірене қарағаны әлі күнге есімде. Негізі әкем жазушымен кездесуді армандайтын. Ол арманы арада бірнеше жыл өткен­нен кейін, 2015 жылғы қараша айында орындалды. Ол туралы сәл кейінірек толығырақ жазатын боламын.

...Мектептегі ұстаздарым мен сынып­тас достарым жақсы біледі, мен оқуға, жазуға кішкентайымнан икемді едім. Оның үстіне біздің сынып жетекшіміз Жанна Сәркеева апайдың негізгі мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, біздің сыныптың әдебиетке, мәдениетке құштарлығы, қоғамдық және мәдени-көпшілік іс-шаралардағы белсенділігі жоғары болатын. Бір күні сынып жетекшіміз бізге ерекше бір үй тапсырмасын берді. Тапсырма бойынша қалаған адамымызға хат жазуымыз керек екен. Мен ұзақ ойланып, алғашында ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке хат жазғым келді. Кейін ойымның тереңіне бойлап әрі әкемнің де арманын орындайын деген ниетте жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовке хат жаздым. Себебі әкем жазушымен бір рет болса да кездесіп, сұхбаттасқысы келетін. Сонда «Құрметті Әбдіжәміл ата, сіз біздің үйге қонаққа келсеңіз, әкем сізді құрметпен қарсы алады. Ол кісі сіздің оқырманыңыз. Үйде барлық кітаптарыңыз бар» деп жазыппын. Сол хат туралы бүгінде сынып жетекшіміз тебірене еске алып, шабытымызға дем береді. Бірақ жазушыға жазылған сол кездегі оқушының хаты елдік және ерлік дәстүрді қаламына арқау еткен теңіз текті тұлғаға қайдан жетсін?! Бірақ мектеп қабырғасында оқып жүріп көрнекті жазушыға жазған хатым менің жақсы-жақсы мақалалар жазуымның бастауы ретінде шабытымның шыр­қауындай шығармашылығыма шырақ болып көңілімнің төрінен орын алды. Қазір шығармашылық ізденіс жолында қандай да бір жетістікке жетсем, әкемнің жазушыға құрметімен, менің жазушыға хат жазып, шығармашылық байланыс орнатуға талаптанғаныммен байланыстырамын...

Қаламгермен кездесу

2015 жылғы қараша айында Әбдіжәміл Нұрпейісов сырбойылық оқыр­мандарымен кездесу өткізді. Қалалық мәдениет үйінде ұйымдас­тырылған іс-шарада «ине шаншар» орын болмады. Жазушыны көруге, сүбелі сөзін естуге, бекзада болмысынан, өнегелі өмір жолы мен даналығынан үлгі алуға келген облыс тұрғындарының қарасы қалың болды. Іс-шараға сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі арнайы қатысып, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы ғалым Бағдат Кәрібозов көрнекті жазушымен керемет сұхбат құрды. Ол кезде мен аудандық газеттің тілшісі едім. Бас редактор Сәуле Ерімбеттен рұқсат алып, екі сағатқа жуық уақытқа созылған сол тарихи кездесудің куәсі болдық. Аңызға, абызға айналған тұлғаны көзбен көріп, ауданға ерекше тебіреніп қайттық. Сол кездесуде жазушы «Мен 92 жасқа аяқ бастым. Бүгін елге келіп, жерлестеріммен, оқырмандарыммен кездесіп отырғаныма өте қуаныш­тымын. Әсіресе, кездесуге жастар­дың көп келгені көңілге қуаныш ұялатады. Сондықтан осы жастарға адал болыңдар, көп оқып, алған білім­деріңізді ел игілігі үшін жаратыңдар дегім келеді» деген болатын.

Осы күні жазушы ата-бабасының атақонысы, өзінің кіндік қаны тамған қасиетті туған жері Арал ауданына да барды. Облыс әкімдігі журналистер үшін ұйымдастырған арнайы көлікке мініп, біз де айдынды Аралға барып, аудандағы іс-шараларға қатысып келдік. Іс-шараларға жазушы отбасымен бірге қатысты. Қазақтың екі ғасыр өмірін, тұрмыс-тіршілігін керемет суреттеп, романдар жазған жазушыны аймақ басшысы бастаған азаматтар зор ықыласпен күтіп, айрықша құрмет көрсетті. «Соңғы парыз» романының кейіпкерлеріне арналған ескерткіштің ашылуында Әбдіжәміл Нұрпейісов көзіне жас алды. «Бұдан кейін туған топыраққа келудің сәті түсе ме, түспей ме, білмеймін. Ол енді Алланың бұйрығына, денсаулығыма байланысты. Бірақ дәл қазір шексіз қуаныштымын. Сырдың азаматтарына, жерлестеріме ризамын» деген еді қайраткер тұлға.

Осы ретте елімізде тек Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармаларының ке­йіп­­керлеріне ғана ескерткіш орна­тылғанын айтып өткеніміз орынды. Нақтырақ айтсақ, 2008 жылы Ақтөбе облысында «Қан мен тер» рома­нының кейіпкерлеріне ескерткіш орна­тылса, 2015 жылы ашылған Аралдағы ескерткіш екіншісі. Бұдан қазақ қоғамының, ұлтымыздың қазақ әдебиетінің абызы, классик жазушы Ә.Нұрпейісовке деген құрметін анық аңғаруға болады.

Абыз тұлғаның батасы немесе «айтқаны, қайтқаны»

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жанында жиырма жылдай жүріп, жақсылығын көріп, шарапатын сезінген, тағылымын алған, тәрбиесін бойға сіңірген азаматтардың бірі де бірегейі – Дархан Қыдырәлі. Белгілі әдебиеттанушы, академик жазушының тектілігін, ғибратты ғұмыр жолын, еңбегін айтып, дәріптеп, насихаттап жүреді. Бір сұхбатында Дархан Қуандықұлының Ә.Нұрпейісовтің соғыстан қайтқанда бірден туған ауылына соқпай, жолай Алматыдағы ақсақал жазушылардан бата алғаны туралы айтқаны есімізде. Бүгін сол туралы жазудың, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің даналығын жастарға үлгі етудің сәті түсіп тұр.

Жазушы қаламын қаруға алмастырып соғыстың өртін көзбен көрген, дертін жүректен сезінген тұлға. Ол әдебиет әлеміне соғыстан кейін зор шабытпен келді. Соғыстан оралған солдаттың 12 беттік қолжазбасын оқыған заманның заңғар тұлғалары Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабидин Мұстафиндер оған батасын берген. Сол бата-тілектің қабыл болғаны шығар, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әйгілі «Қан мен тер» романы мен басқа да шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылып, тарады. Ол Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиевпен бірге Мемлекеттік сыйлық лауреаты атағына ие бол­ған үш қазақ жазушысының бірі ретінде де тарихқа енді. Қазақ әде­биетіндегі шоқтығы биік қаламгер қай тарапта, қай талапта жүрсе де қарапайымдылығын, қазақы салт-дәстүрді ұстанған бекзада болмысын жоғалтқан емес. Ұлтымыз ұлық тұтқан ұлы тұлғалардан бата алған ол кейінгі толқын інілеріне, қанаттас қаламгерлерге де ақ жарылқап бата беріп жүруді жөн көрген.

Ә.Нұрпейісов бірде халқымыздың біртуар перзенті Әбіш Кекілбаевқа бата беріпті. Батасы қысқа әрі нұсқа болған көрінеді. «Абырой-аман­дық тілеймін!» деген Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің Әбіш Кекілбаевтың маң­дайынан сүйіп, құшағына қысқан суреті де бүгінде жып-жылы естелікке айналды. Сонда қысқа әрі нұсқа батаның мәнін сұрағандарға жазушы: «Абырой болып, амандық болмаса, онда абыройдың мәні болмайды. Деннің саулығы – теңдесіз сый. Ал амандық болып, абырой болмаса, онда амандығымыздың да мәні болмайды. Сондықтан абырой мен амандық бірін бірі толықтырып тұруы керек. Әбішке сол игілікті тіледім» деген екен. Бүгінде бұл бата-тілекті зиялы қауым өкілдері жиі қолданады. Бұл да жазушының сүбелі сөзінің өміршеңдігі, даналығы мен даралығының тереңдігі екені сөзсіз.

Халық даналығында «Жақсыдан – шарапат» деген мәні терең сөз бар. Әбдіжәміл Нұрпейісов әдебиет әлемінен өзіндік орнын, мәртебелі төрін қалыптастырған талай азаматқа жақсылық шарапатын тигізді. Ардақты азаматтың сол жақсылығын, ағалық, азаматтық қолдауын ұмытпайтындар да, әр кезеңнің сүрлеу-соқпағының жетегіне еріп, ұмытып кеткендер де бар. Бұл өзі өмірдің заңдылығы, фәни жалғанның ақ пен қарадан тұратыны секілді. Көзі тірісінде жазушыға замандастары «Әбе, Сіз осы балаға қолдау білдіріп едіңіз, қазір ол ұмытып кеткен сыңайлы, бірақ оны білетіндер азаматтығыңызды, жанашырлығыңызды айтып отырады» дейді екен. Сонда өмірдің соқпағы мен тоқпағын біркісідей көрген, адамдық келбетінен айнымаған жазушы «білетіндердің айтқаны – еңбегіміздің қайтқаны» деп қысқа қайырады екен. Бұл көрнекті халық жазушысының кісілігін кішіпейілділікпен ұштастырған кемеңгерлігін білдіреді.

Алыптардың соңғы тұяғы

2019 жылғы қазан айының 26-ыншы жұлдызы – қазақ әдебиеті үшін маңызы зор тарихи күн ретінде тарихта таңбаланды. Дәл осы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық әдебиетті дамытудағы ай­рықша еңбегі үшін жазушы Әбді­жәміл Кәрімұлы Нұрпейісовке жо­ғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақ­станның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлығы қабылданды. Әсіресе, сырбойылықтар ерекше ықыласпен қуанып, өңірдегі мер­зімді басылымдардың барлығы ресми ақпаратты оқырман қауымға сүйін­шілей жеткізді. Қазақ әдебиетінің көзі тірі классигіне көрсетілген құр­метті ел халқы ұлттық әдебиетке көрсетілген құрмет ретінде қабыл­дады. Себебі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің еңбегі, өмір жолы жазумен, ұлт тарихын түгендеумен тығыз байланыс­ты еді. Ол алыптардың соңғы тұяғы болатын. Халық жазушысының абыройы асқақтаған бұл күн біз үшін қаншалықты қуанышқа толы болса, 2022 жылғы 6-ыншы ақпан соншалықты түнекке толы, ауыр күн болды. Бұл күні ғасырға жуық өмір сүрген жазушының алып жүрегі тоқтап, ұлтын қаламымен тербеткен қаламгер дүниеден өтті. Күллі қазақ даласы күңіреніп, әдебиет әлемі қара жамылды. Ел Президенті марқұмның жақындары мен отбасына көңіл айту жеделхатын жолдап, Әбдіжәміл Кәрімұлының сұрапыл соғысты бастан кешкенін, елге оралған соң қазақ әдебиетін дамытуға, ұлт руханиятын көтеруге сүбелі үлес қосқанын атап өтті. Алаш жұрты да өмір бойы қолынан қаламы түспеген, кеңестік зұлматты, алапат аштық пен сұрапыл соғысты көрген, Арал қасіретіне әлем назарын аудартқан халық жазушысының соңына әдеби мол мұра қалдырғанын айтып, көңіл қосын білдірді. Осылайша тағдыры тағылымға толы тарихи тұлғаның екінші өмірі басталды. Көзі тірісінде абызға, аты аңызға айналған тұлғаның өмірін, шығармашылығын насихаттау жұмысы бүгінде еліміздің барлық өңірінде жүргізілуде. Түптеп келгенде, Әбдіжәміл Нұрпейісов пен әдебиет қазақ қоғамы үшін біртұтас қастерлі ұғымға айналды. Сондықтан теңіз текті тұлғаның ізденіске толы ғибратты ғұмыр жолы, жазуға арналған өмірі біз үшін қастерлі, құнды. Алыптардың соңғы тұяғының ұлт үшін соққан жүрегі, елге арналған тілегі, сезімі мен төзімі әлі талай шығармаға арқау болатыны анық.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі
21 желтоқсан 2024 ж. 44 0