Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпе алу – маңызды, «Вакциналар қорғайды!»

Екпе алу – маңызды, «Вакциналар қорғайды!»

Індеттің зардаптарынан қорғану үшін иммундаудан өтудің қажеттілігі өте үлкен. Өйткені ұжымдық иммунитеттің арқасында инфекциялардың эпидахуалы біршама тұрақтанады. Вакцинация - індетке қарсы ең тиімді жол! Соңғы уақытта көпшілік арасында вакцинация, яғни екпе туралы әңгіме жиі айтыла бастады. Бұл, әрине, бүкіл әлемді дүрбелеңге салған коронавирус инфекциясының адамзатқа тажал сеуіп, ауыр зардап шектіріп отырғанына тікелей байланысты туындап отыр. Вакциналау көптеген инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында ертеден-ақ кең қолданылып келеді.

Вакцинация балалар мен ересектерді полиомиелит, қызамық, қызылша, көкжөтел, гепатит, сіреспе, туберкулез сияқты қауіпті аурулардан қорғауға көмектеседі. Оған басым көпшілік түсіністікпен қарайды.

Вакциналарға қарсы адамдар әрдайым болғанымен, көпшілік XXI ғасырдың ең үлкен денсаулық жетістіктерінің бірі ретінде вакцинациялауды қолдайды.

Егулерге қарсы үгіттеу еліміздің кейбір аймақтарында әлі де тіркелуде. Ол халық денсаулығына үлкен зиян келтіруде. Мысалы, ТМД елдерінде 90-жылдары дифтерия сырқаты өршіген. Қазақстанда дифтерияның өршуі 1995 жылы тіркелді. Өршу жағдайы халықты вакциналау арқылы ғана тоқтатылды.

Вакциналау арқылы бүгінгі таңда 20-дан аса жұқпалы аурулардың алдын алуға болады. Оның барлығы Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және оларды тегін алуда. Бірақ соңғы жылдары қоғамда егу мәселесіне теріс қарайтындар (әсіресе, діни ағымдар жетегінде жүргендер арасында), тіпті оған қарсы пікір айтатындар пайда болды. Оның тиімділігін теріске шығарып, жас балаларын жұқпалы ауруларға қарсы еккізбеудің салдарынан кей аймақтарда қауіпті инфекциялар бас көтеріп, сәбилерді ауруға ұшыратып, келеңсіз жағдайларға жеткізіп жатқаны өкінішті.

Вакциналау – инфекциялық аурудың алдын алып, адам өмірін сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдісі. Егер вакцина алсақ, біз өзімізді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да қорғаймыз.

Қазақстан Республикасында балаларға жоспарлы профилактикалық егулер Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Барлық екпелер бюджет қаражаты есебінен тегін жасалады.

Егу күнтізбесіне сәйкес балаларға қандай да бір егулерді жүргізу үшін белгілі бір мерзімдер көзделген, вакцинация уақыты туралы түпкілікті шешімді учаскелік дәрігер-педиатр қабылдайды.

Бірінші болып – перзентханада, өмірінің 1 - 4 күндері – туберкулезден (БЦЖ) және В гепатитінен егулер жасайды.

2 айда балалар гепатитке, полиомиелитке, көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге (АКДС) және В типті гемофильді инфекцияға қарсы кешенді егуді, сондай-ақ пневмококк инфекциясына қарсы вакцинаны алады.

3 айда көкжөтел, дифтерия және сіреспе (АКДС), полиомиелит және В типті гемофильді инфекциядан қайталап егулер жасайды.

Соңғы егулер бір жасқа дейін-4 айда – гепатиттен, полиомиелиттен, В типті гемофильді инфекциядан және көкжөтелден, дифтериядан және сіреспеден вакцинациялаудың 3 кезеңі, сондай-ақ пневмококк инфекциясынан 2-ші егу.

12-15 ай жасында қызылшаға, қызамыққа және паротитке (шошқаға) егілу керек, полиомиелитке және пневмококкты инфекцияға қарсы вакцинациялауды қайталау керек;

1,5 жаста-АКДС, полиомиелит және В типті гемофильді инфекция ревакцинациясы:

6 жаста (1 сыныпта) тағы да БЦЖ жасалады, қызылшадан, қызамықтан және паротиттен және АКДС егіледі;

16 жаста - сіреспе мен дифтерияд ан (АДС-м) егу, оны одан әрі әр 10 жыл сайын қайталауға болады.

Вакцинацияның арқасында соңғы жылдары аймақта дифтерия, көкжөтел, қызамық, полиомиелит, «В» типті гемофильді инфекция, сіреспе сияқты аурулар тіркелмеді, эпидемиялық паратит және қызылша аурулары азайды.

Есіңізде болсын! Медицина негізі-алдын алу!

Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
09 желтоқсан 2024 ж. 94 0