Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аманкелді ауылында «Жасыл балабақша» жобасы іске асты

Аманкелді ауылында «Жасыл балабақша» жобасы іске асты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде алдағы уақытта жүзеге асатын 10 Ұлттық жоба тізбесін бекіткен болатын. Олардың қатарында – «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы әзірленген. Бұл жобаны іске асыру еліміздегі экологиялық ластану деңгейі жоғары 10 қаладағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Жаңа жоба 7 негізгі бағыттан тұрады. Яғни су нысандарын сауықтыру, ауаның ластану деңгейін төмендету, қалдықтарды басқару, биоалуантүрлілікті сақтау, елді көгалдандыру, энергия тиімділігі, экоқұрылым және экологиялық мәдениетті арттыру.

Осы орайда Аманкелді ауылындағы №8 «Айгүл» балабақшасында «Жасыл балабақша» жобасы бастау алды. Бұл игілікті іс-шараның басталуына орай өткен семинарға облыстық оқу орталығының әдіскері А.Уткелбаева, Қызылорда қаласындағы «Жасыл бала­бақша» пилоттық жобасымен жұмыс жүргізетін «Сыр бөбегі» бөбек­жай балабақшасының әдіскері Н.Чинходжаева, аудандық білім бөлі­мінің басшысы Е.Жақып, білім бөлімінің әдіскері Ж.Орымбаева және балабақша меңгерушілері қатысты.

– Балабақшаның ауласына биылғы жылдың қыркүйек айында аумағы 24 шаршы метрді құрайтын жылыжай салынды. Жылыжайдың сыртқы бөлігін поликарбонаттан темірден дәнекерлеп жасадық. Күн сәулесін жақсы өткізу үшін жарық шашырап беріледі. Бұл өсімдіктерге көгілдір күлгін сәулесін жеткілікті түрде беруге ыңғайлы. Жылыжайда көкөністер биогумус пен ағаш үгіндісінде өсіріледі. Жылыжай қажетті шамдармен, желдеткішпен қамтылған. Қыста жылыжай жылыту батареясымен жылытылады. Жылыжайға жауапты Гүлназ Сейдахметова, Жанна Бәкірова және тәрбиешілер мен балалар қияр, шалқан, пияз, балдыркөк екті. Тәжірибе ретінде көкөністердің әртүрлі сортын алып, тұқымнан бастап өсіріп жатырмыз, – дейді балабақша меңгерушісі Сәрсенкүл Рсбаева.

Негізінен, «Жасыл балабақша» жобасы – тәрбиеленушілердің табиғатқа құндылық қатынасын қалыптастыруға, білім берудің экологиялық бағыттылық деңгейін арттыру мақсатын көздейді. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері бойынша балалардың хабардар болуына жұмыс жасайды. Өскелең ұрпақтың табиғатқа жауапты көзқарасын тәрбиелеу, экологиялық сауатты мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған кешенді білім беру жобасы ретінде қалыптасып келеді.

Жаңалыққа, жақсы іске жұмылған балабақша ұжымының жұмысына семинарға қатысушылар жақсы бағасын берді.

– «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасының бірегейі ретінде аудандағы «Айгүл» балабақшасы жаңа жобаны бастады. Бұл керемет жобаның балабақша тәрбиеленушілеріне берері көп. Әрбір бағыт бойынша балалар күнделікті нақты іспен шұғылданады. Қоршаған ортаны қорғауға, жасыл желекті күтіп-баптауға үйренеді. Бұл барлық балабақшаға үлгі ретінде көрсетілді. Шын мәнінде, керемет жобаны іске асырып жатқан балабақша ұжымына алғысымызды білдіреміз. «Жасыл балабақша» жобасының тәрбие­лік мәні зор, – дейді білім бөлімінің әдіскері Жанна Орымбаева.

Аманкелді ауылының орталығында орналасқан балабақша 1980 жылы салынған. Содан бергі уақытта ауыл балаларына мектепке дейінгі тәрбие беруге қызмет етіп келеді. Типтік жобадағы ғимарат 2019 жылы күрделі жөндеуден өтіп, ма­тер­иалдық-тех­ника­лық базасы заман талабына сай жабдықталған. Балабақшада 6 топта 125 бала тәрбиеленуде. Мек­­теп­алды «Балапан» және «Құлыншақ» тобы, ересек «Ботақан» және «Күн­шуақ» тобы, ортаңғы «Айгөлек» пен «Қарлығаш» тобы жасақталған.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
03 желтоқсан 2024 ж. 111 0