Қайраткер тұлғаға арналған халықаралық конференция
Жақында Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында «Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинетінің жанынан Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Мемлекеттік мұражайының» ұйымдастыруымен Орталық Азиядағы жәдиттік қозғалыстың көрнекті өкілі, педагог-ағартушы, саяси қайраткер жерлестеріміз Қоңырқожа Қожықовтың қоғамдық саяси және ғылыми-педагогикалық шығармашылығына арналған конференция өтті. Екі күнге жалғасқан ауқымды іс-шараның алғашқы күнінде «Орталық Азиядағы жәдитшілік феномені: тұлғалар мен тағдырлар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибиелік конференция ұйымдастырылса, екінші күні Самарқан қаласындағы мемлекеттік университетте саяси қайраткер, заңгер, шығыстанушы Сералы Лапинге арналған дөңгелек үстел өтті.
Сыр өңірінен шыққан көрнекті перзентін ұлықтауға арналған халықаралық жиынға Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Р.Каюпов бастаған Сыр өңірінің арнайы делегациясы – зиялы қауым өкілдері, профессор-ғалымдар, зерттеушілер, туған-туыстары және БАҚ өкілдері қатысты. Сонымен қатар делегация құрамында біздің ауданымыз бойынша Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Д.Байдушев, өлкетанушы Ж.Байзақ үшеуміз болдық.
Ташкент қаласында өткен іс-шара аясында Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Қуғын-сүргін құр бандарын еске алу мемлекеттік мұражайы фойесінде жерлестеріміз Сералы Лапин мен Қоңырқожа Қожықовтың шығармашылығы мен өміріне арналған фотокөрме ұйымдастырылды.
Халықаралық жиында ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшілігі, әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Қожа Ахмет Йасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Қызылорда «Болашақ» университеті, Астана қаласындағы Мемлекет тарихы институты, Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік мұражайы, Шымкент қаласындағы Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ Исмаил Гаспринский атындағы мемориалдық мұражайы қызметкерлері мен ғалымдары, Қожықовтар мен Лапиндер әулетін зерттеуші, жерлесіміз Ж.Байзақ ғылыми баяндама жасады.
Сапарымыздың екінші күні Самарқан қаласында жалғасын тапты. Самарқанда Қызылорда Болашақ университетінің Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ишанбекқызы Шахи Зинда кесенесінде жерленген Сералы Лапиннің қабірін 2022 жылы іздестіру жұмыстарына қатысып, тапқаны туралы, жаңадан қалпына келтірілгені жайлы мәлімет алып, жерлесіміздің қабіріне туған жерден әкелінген топырақ салу рәсімінің куәсі болдық. Сонымен қатар Самарқан мемлекеттік университетінде Сералы Лапинге арналған ғылыми дөңгелек үстелге қатысып, сол қаладағы тарихи кешендер – Әмір Темір («Гур Эмир») кесенесі мен Регис тан алаңына жүргізілген экскурсия барысында атақты тұлғалар, олардың өмірі мен тарихы жайлы ақпаратқа қанықтық.
Өзге мемлекетте өткен халықаралық басқосуға Сыр өңірінің тумаларын ұлықтаудың маңыздылығын ескере отырып, біздің қатысуымызға ықпал еткен Қызылорда облысы және Сырдария ауданы әкімдігі мен облыстық тарихи-өлкетану музейі басшыларына алғысымызды білдіреміз.
Алдағы уақытта осы іс-шарадан алған тәжірибемді дамытып, аудандағы «Руханият» орталығынан ашылатын музей экспозициясынан қазақтың рухани-мәдени өмірінде ерекше із қалдырған тұлғалар – атақты Қожықовтар мен Лапиндер әулеті жайлы кең көлемді мәлімет қойылып, іс-шаралар өткізетін боламыз.
Салтанат ҚУАНДЫҚОВА,
Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі