Тамақтан уланудың алдын алу маңызды
Ас – адамның арқауы. Өмір сүру үшін тамақ жейміз, ас ішу арқылы өзімізге керекті дәрумен, ақуыз секілді органикалық заттарды тұтынамыз. Бірақ та тағамдарымызды пайдаланбас бұрын оның сапасына, құрамына, пайдалану мерзіміне қарап, сақтанған жағдайда ғана, көптеген аурулардан қашық боламыз.
Тағамнан улану ауруы-тағам арқылы берілетін түрлі этиологиялы аурулар тобы болып табылады. Ол әртүрлі микроағзалар түрімен жаппай ластанған тағамды жегенде немесе құрамында улы бактериалды заттары бар тағамдарды тұтынған жағдайда пайда болады. Жаз мезгілінде, яғни, ауа райының ыстық кезеңінде микроағзалар, соның ішінде ауру тудырушы бактериялар үшін қолайлы жағдай туындап, тағамнан улану қаупі арта түседі. Себебі, бұл уақытта микроағзалар жылдам көбейеді де, тағамдардың дайындалуы, сақталуы мен тасымалдануына қойылатын санитарлық талаптардың біреуінің дұрыс орындалмауы тікелей тағамнан улануға алып келеді.
– Тамақтан улану – бұл әдетте ас қорыту бұзылыстарымен бірге жүретін ауру. Әр түрлі микроорганизмдердің, көбінесе бактериялардың ағзаға тағаммен бірге түсуі оның себебі болуы мүмкін. Тамақтан уланудың алдын алу үшін тамақ дайындау кезінде гигиена қағидаларын және тағамды дұрыс сақтау әдісін білу және тағамның түсіне, иісіне және дәміне назар аудару қажет. Өнімнің консистенциясының өзгеруі мен оның бетінде шырыштың пайда болуы оның бүлінгендігінің белгісі болуы мүмкін. Көгерген тағамдарды, бүлінген көкөністер мен жемістерді, ісінген консерві банкасы мен пакеттегі шырындарды немесе ашыған сүт өнімдерін өкінбестен тастаңыз. Сатып алу кезінде өнімнің шығарылу күні мен сақтау мерзімін, қаптаманың тұтастығын тексерген абзал. Жеке бас гигиенасын қатаң сақтап, тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта +4+8 градус аралығында сақтау керек, – дейді Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы С.Өмірбаев.