Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас ақын Нұрахметтің жемісті жеңісі

Жас ақын Нұрахметтің жемісті жеңісі

Қазақ өнерінің қайнар бастауларының бірі – Сыр өңірінде өнерге деген жауапкершілік айтарлықтай жоғары. Соның ішінде ел ертеңі болар жас әрі талантты өнерпаздарымыз бүгінде облыстық, республикалық тіпті халықаралық байқауларда өнер көрсетіп, өңірдің мәдени өміріне елеулі үлестерін қосып жүр. Сондай талантты жас өнерпаздың бірі – Нұрахмет Мансұров. Талабы таудай Нұрахмет облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздігім – тұғырым» тақырыбында оқушылар арасындағы ақындар айтысының облыстық кезеңінде ІІ орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама ұтып алды.

Айтыстың ашылуына басқарма басшысы Асқарбек Есжанов қатысып, ұлттық құн­ды­лығымыздың ажырамас бөлшегі бол­ған айтыс өнерінің маңызын түсіндіріп, ғасырлармен қанаттасып, дәуірлермен үнде­сіп, заманамен тілдесіп келе жатқан кемел дүние екендігін, кейінгі ұрпаққа берер тағы­лымын атап көрсетіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайыстың облыстық кезеңінде барлығы 8 ақын бақ сынады. Олар «Ақындар айтысы» сайысының қалалық, аудандық кезеңінің жеңімпаздары. Ақындар айтысы ұлттық рух пен патриотизмді, өз халқына және оның дәстүрлеріне құрмет сезімін тәрбиелеу, айтысты қазақ халқының ұлт­тық құндылығы, шешендік өнердің баға жет­пес мұрасы ретінде дәріптеу арқылы дарын­ды шығармашыл жастарды анықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Оқушылардың шығармашылық қабіле­тін дамыту, ұлттық дәстүрімізді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған сайыс­та ауданымыздың абыройын Нұрахмет Бағдатұлы асқақтатып, көрермендерді өз өнері­мен тәнті етіп, жүлделі ІІ орын иеленді.

Нұрахмет – аудандағы №137 орта мектептің 11-сынып оқушысы. Жас өнер­паздың ұстаздарының айтуынша, ол тек талантты ғана емес, сондай-ақ білімді әрі тәрбиелі оқушылардың бірі. Сонымен қоса мектепте үнемі түрлі іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстардың басы-қасынан табыла білетін белсенді оқушы. Нұрахмет бұған дейін де облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі байқауға қатысып, жеңімпаз атанып, аудан ме­рейін асқақтатып жүрген өнерпаз. Нұрахмет­тің бойындағы ақындық қасиеті әкесі­нен, ауданы­мыздың білім саласында ойып тұрып орын алған марқұм Бағдат Есназардан дарыған. Бағдат Мансұрұлы көзі тірісінде Нұрахмет­ті үнемі қолдап, қол­паштап, қандай байқау болсын жанынан табылып, әкелік, ұстаздық мейірімін төгіп, жол көрсетіп, оның бүгінгідей талантты, талапты болуына бірден-бір себепкер жанның бірі. Бір сөзбен айтқанда, оның өмірдегі де, өнердегі де ұстазы – Бағдат ағайымыз еді. Нұрахметтің ұстаздары оның болашағынан үлкен үміт күтіп, зор сенім артады.

Тағы бір қуанышты жаңалықтың бірі – республикалық кезеңге жолдама алған Нұрахмет Астана төрінде ҚР Оқу ағарту министрлігінің қолдауымен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйым­дастыруымен мектеп оқушылары арасында «Егемендік елдігім» атты респуб­ликалық «Қола домбыра – 2024» жас ақындар айтысында Сыр елінің намысын қорғап, «AMANAT» партиясының арнайы жүлдесін ұтып алды.

Егемен еліміз жеткен жетістіктерді насихаттау, мектеп қабырғасындағы жас ақын­дардың ішкі мүмкіндігін ашып, шабытына қанат бітіру, айтыскерлер арасынан жаңа есімдер тауып, дарынды жастарды қолдау мақсатында алғаш рет өткізілген дүбірлі додаға 22 ақын қатысып, айтыстың алғаш­қы күні 11 жұп болып бақ сынады. Суырып-салма өнерді қолдау үшін айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтаев арнайы ат басын бұрып, жас өрендерге сәттілік тіледі. Ережеге сәйкес 22 ақыннан іріктелген 8 жұп келесі кезеңге өтті. Жас ақындар түрлі әлеуметтік тақырыптарды қозғай отырып, аламан айтысты жандыра түсті.

Орақ ауызды кіл жүйріктердің сайысына айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақын Иран Ғайып Күзембаев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, қазылар алқасының төрағасы Ринат Зайытов, тағы басқалар төрелік жасап, шын жүйріктердің өнеріне әділ бағасын берді. Барлық қатысушыларға Алғыс хат және қаржылай сыйлық, ақын­дардың тәлімгер-ұстаздарына ҚР Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаты табыс­талды. Айтыскерлерді марапаттау салтанатында сөз алған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев мектеп оқушылары арасында өтетін бұл айтыстың ауқымын алдағы жылы кеңейте түсетінін айтса, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысының жыл сайынғы жеңімпазы ЕҰУ-ға тегін қа­был­дана­тынын жеткізді.

Өз кезегінде сөз қадірін өз қадіріндей бағалаған қазақтың айтулы айтыс өнерін паш етіп жүрген Нұрахметті жемісті жеңісі­мен құттықтаймыз. Жарайсың, Нұрахмет! Алар асуларың, бағындырар белестерің көп болғай!

Алтынай Қайратқызы
05 қараша 2024 ж. 121 0