Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Көне газет сыр шертеді

Көне газет сыр шертеді

1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай КСРО Үкіметі «көсем» құрметіне мерекелік медаль шығарған-ды. Бұл медальді көптеген адам алуға дәмелі болатын. Алайда бірсыпыра мекеме басшылары аталған медальдан құр қалған. Сол тұста ақындығы бар Мұзаппар Байқожаев құрдасы Бекнияз Шертаевқа арнау хат жазады. Мұзекеңнің шымшымалы шумақтарына журналист Б.Шертаев жауап қайтарады. Бұл хаттарды оқыған байырғы журналистер Сұлтан Қожаниязов пен Мұса Сексенбаевтар оларға аралық сөздерін арнаған.

Арада 54 жыл өтіп, тарих қойнауына енген достар арасындағы бір-біріне жазған әзіл-сықақтарын газет оқырмандарына ұсынып отырмын.

ЕҢБЕГІҢ ЕШ, ТҰЗЫҢ СОР

Еңбегің еш, тұзың сор, өзің-өзің қазып ор,
Алды-артыңды байқамай, тіліңнен тауып болдың қор.
Ет десе малды айдадың, қолданып бәрін айланың,
Жоспарым деп жалақтап, талайдың сарқып айранын.
Соқтырып қора жөндедік, деп жүрдің малды игерем,
Жылқысын қамап халықтың, ұйқың қашып тарықтың.
Халықтың мүлкі киелі, сен де емес, еркі тиегі,
Зарлатсаң елді деген бар, зияны түбі тиеді.
Ақыры мынау далада, қалдың Беке атаусыз,
Абырой жоқ, атақ жоқ, далақтаған мақтаусыз.
Кеше барған Нұрбаев, сен жүрсің есіп құр байып.
Омырауда Ленин шұғыласын тұр жайып.
Малы жоқ сендей қашырад, бес-ақ бочке майы бар,
Төлегенов дегеннің атағы қалай жайылар.
Шеттеп қалай жүресің, осындайда әр істен,
Еңбегің кем боп түсті ғой, шаштаразы Бористен.
Достық әзіл, ау Беке, Абырой, атақ ала бер,
«Шертаев мықты» дегенге, далақта да шаба бер.

Достық әзілдің текстісін жазған өзің сияқты құр қол қалушы досың, күші адал, еңбегі сор М.Байқожаев, 16.04.1970 жыл

БЕКНИЯЗДЫҢ МҰЗАППАРҒА ЖАУАБЫ

Екеуіміздің жолымыз, бір бағытта жол еді
Тірлігіне ауданның үлесіміз мол еді.
Жұрттың малын тартып ап, ет болсын деп айдаттым
Сен кеңсеңді боятып, іші-сыртын жайнаттың.
Түтін пұлын бермеген, талайларға тас аттым
Сен сырлатып айналы умывальник жасаттың.
Дос-жарандар кенде емес, айналаға жинадық
Қиында қол берер деп, үйге әкеліп сыйладық
Не көрмеді бұл маңдай, тасқа талай тірелді.
Белді кадр өзің деп мені осында жіберді.
Комбинатқа сен келдің, рабкооптан ауысып.
Қуанғаным соншалық, өзіңменен қауышып,
Шынтуайттап келгенде, еңбегіміз аз емес
Шеттететін біздерді бастарымыз таз емес.
Сендерге жоқ дегенде, шынымды айтсам сенгем жоқ
Ең болмаса орталай, біреуін де берген жоқ.
Мұзекем-ау, ол-ол ма, қатарымыз көп екен.
Мен едім деп жүргеннің, біразында жоқ екен
Жас болам деп түрленіп, киген түрлі сарафан
Осы жолғы жүлдеден, қалай қалды Сара апаң.
Күшті еді ғой подходы, мол еді ғой отходы
Кімдер түрте салды екен, Тахир қалай қалды екен.
Сексеуілді арқалап, деп жүргенде жағынам
Бұл үлестен бос қалды, аузын сипап Нағыман.
Парыз емес бұл аса, айта берсек ұятты
Зар илейді сұраса Сексенбаев сияқты.
Қиын істің барлығын атқаратын біз екен
Сонда да бір құрмет жоқ, қалай болды, Мұзекең
Бармыз ба, елде жоқпыз ба, келер жолы бергенше
Бір қағазға тоқпыз да, сау бол енді көргенше.

Досың, Бекнияз
СҰЛТАН ҚОЖАНИЯЗОВТЫҢ АРАЛЫҒЫ

Қашан алғыс алдыңдар, бұдан-дағы бұрын-ды,
Күшің адал болғанмен босқа кеткен жеріңді.
Өткен іске өкініп, орнына келмес айтқанмен,
Тереңөзек бәріңнің туып-өскен жерлерің.
Айтатұғын адам жоқ құлақ асып сөзіңе,
Сырттан айтып сипалап тарқатпасаң шеріңді.
Аман жүрсек, олжа көп награда әлде алармыз.

МҰСА СЕКСЕНБАЕВТЫҢ АРАЛЫҒЫ

Қалып қойсаң тізімнен,
Өкпелейтін несі бар.
Лайық болмас жігітке,
Ел басқарған есі бар.
Аласың медаль деген соң,
Сұлтан да жүрді малданып.
Орта жолдан сызылып,
Ол да қалды сандалып.
Ашығын айтсаң ағайын,
Еңбектерің ел үшін.
Ешуақытта сатпайды,
Ел үшін, бор үшін.
Награда жоқ сендерге,
Жыласаң да, өлсең де.

Мұзаппар Байқожаев пен Бекнияз Шертаевтың өлеңмен хат алмасуына арналған аралық сөздер иелері де – Лениннің 100 жылдығына арналған мерекелік медальдан құр қалғандар.

Осы өлеңдерге арқау болған Нұрбаев Болат Терең­өзек жұмысшылар кооперациясының бастығы, Төлегенов Өмірбек – аудандық мұнай базасының директоры, Тахиры – аудандық астық қабылдау пунктінің директоры Махатов, Нағыманы – «Узтоп» отын дайындау мекемесі­нің бастығы Абдуллаевтардың есімдері аталған.

Сол жылдары бұл өлеңдер ауыздан-ауызға тарап кеткен-ді. Бүгінгі ұрпақтар біліп жүрсін деген ниетпен 54 жылдан кейін (еш жерде жарияланбаған Т.Д.) «Тіршілік тынысы» газетіне ұсынып отырмын.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зерттеуші
Алматы
01 қазан 2024 ж. 58 0