АРАЛҚҰМНАН ШЫҚҚАН ЕМШІ БАЛА ЕРБОСЫННЫҢ ӨМІРІ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРГЕН
Аралқұмнан шыққан атышулы Ерболсын емшіні іздеп шалғайға сабылған жұрт соңғы уақытта одан көз жазып қалдық дейді. Сөйтсек, «үкілі бала» Ерболсын Серікбаев екі жылдан бері Ақтөбеде тұрып жатыр екен.
Бұрынғыдай ауылындағыдай күніне бес мың адам қабылдамайды. Клиенттері де «виптердің» санатынан. Өңкей министрліктегі дөкейлер. Аралқұмды Ақтөбеге айырбастаған «үкілі баланың» бүгінгі тыныс-тіршілігімен тілшіміз Ақбаян Сұлтанмұратова танысып келді, деп хабарлайды Евразия арнасы.Бұл 11 жастағы Ерболсынның «жұлдызды сәті». Басында тақиясы, қолында қамшысы бар баланың кесек-кесек сөзіне қарап, тіпті ересектер де именетін. Адамның сұрағына жауап бермей, үлкен кісілерге жекіп тастайтыны бар. Ал кейде тіптен басқа кейіпке еніп, өзгеріп кетеді, дейді алдына барғандар.
Қазір Ерболсын 15 жаста. Аралқұмнан Ақтөбеге көшіп келген. Өзгерген, ер жеткен. Қаладағы мектептердің бірінде тоғызыншы сыныпты бітіріп жатыр. Бұрынғыдай иін тірескен халықты ауылдағыдай үйінде қабылдамайды. «Арнайы кеңсем бар» дейді. Іздеген адам сол жерден табады екен. Ал іздеушілердің өзі анау-мынау адамдар емес. Арасында «вип» клиенттер де бар көрінеді.
«Әншілер іздеп келді мысалы, бір-екі әнші Ақтөбеге келді. Астанадан көбінесе білім бөлімінде жұмыс жасайтын және де министерствода жасайтын ағаларымыз, апаларымыз келіп, емдерін қабылдап кетті. Рақметтерін айтты. Бірақ, олардың атын атай алмаймын, ренжімеңіз» – дейді емші Ерболсын Серікбаев.
Аралқұмнан кеткелі жас емшінің өмірі түбегейлі өзгерген. Оны Ерболсын да жасырмайды. Ақтөбенің ауқаттылары тұратын ауданда тұрып жатыр. Бірақ, тұрмысына емнен тапқан табысының қатысы жоқ екенін айтады. Қазір бос уақыты жоқ. Мектептен соң спортпен айналысады, вокалға, биге барады. Ал мектепті 9-сыныппен аяқтаймын деп отыр.
«Тоғыз бітірем, шығыс медцинасын жалғастырғым келеді» – дейді емші Ерболсын Серікбаев.
Бозбала әлі өзін-өзі іздеп жүр. Хоббиі көп. Әнді бір адамдай салсам даусым бар, неге айтпасқа, дейді. Ал көп алдына шығып сөз сөйлесе, ол шешендігі екен.
Бақытты еліміз бар егеменді!
Барынша мақтанайық неге енді?
Ардақты Астанама көрік беріп,
Әлемге танылады Бәйтерегі!
«Үкілі баланың» айтуынша ұстаздары оны сегіз қырлы, бір сырлы деп мақтап, дәріптейтін көрінеді. Сөзім дәлелді болсын деді ме екен, бізбен кездесуге «Дарынды балалар – бақытты ел болашағы» деген кітапшаны ала келіпті. Ішінде Ерболсынның да есімі бар.