Отбасы – елдің тірегі
Отбасы – бақыттың мекені. Әрбір шаңырақта әке – асқар тау, ана – отбасының алтын қазығы болса, бала – сол үйдің байлығы. Екі жанның махаббатынан құралған шағын мемлекетте бір бірін түсінісе білуі, бір біріне деген сыйластығы, ең бастысы, бала алдындағы жауапкершілікті сезіне алуы өте маңызды. Елімізде 2013 жылдан бастап жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып аталып келеді. Биыл ауданда отбасыларды қолдау мақсатында «Отбасын қолдау орталығы» ашылды. Осы ретте мекеме басшысы Айнұр Төлегеновамен орталықтың негізгі мақсаты мен атқарылып жатқан жұмыстары туралы сұхбаттасқан болатынбыз.
– Айнұр Асылбекқызы, «Отбасын қолдау орталығының» негізгі мақсаты мен атқаратын қызметі туралы айтып өтсеңіз...
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасыларды, соның ішінде ана мен баланы әлеуметтік қолдау шарасына ерекше басымдық беріп, нақты тапсырмалар жүктеді. Осы ретте, Мемлекет басшысы ана мен бала құқығын қорғау жүйесін жетілдіру үшін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты күшейтілген заңға қол қойды. Биыл ауданда «Отбасын қолдау орталығы» мамыр айынан өз жұмысын бастаған болатын. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – әлеуметтік жағынан осал отбасыларының өмір сүру сапасын жақсарту, өтініш білдірген адамдарды, оның ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды жан-жақты қолдау арқылы отбасы институтын нығайту, әл-ауқатын арттыру. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №256-НҚ бұйрығымен Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілді. Орталық мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, мемлекеттік отбасы саясатының іс-шараларын, оның ішінде некені және отбасыны сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу жөніндегі іс-шараларды іске асыру. Қиын жағдайға тап болған отбасыларды өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың қолдауымен, оның ішінде интеграцияланған модель арқылы қолдаумен қамтуы жөніндегі жұмысты үйлестіру. Сонымен бірге, осындай отбасыларға әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсетуге жәрдемдесу. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігін беру арқылы қолдау көрсету құзырымыздағы міндет. Мемлекеттік отбасы саясатының бағыттары мен шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырамыз. Аудандағы жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, волонтерлермен, консультативтік-кеңесші органдармен мемлекеттік отбасы саясатын іске асырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасаймыз. Мемлекеттік отбасы саясатының үрдістерін мониторингілеу және талдау орталықтың қызметі. Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның үйлестіруімен, өз құзыреті шегінде білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары қатысқан кезде өмірде қиын жағдайға ұшыраған отбасыларды ерте анықтау қағидада бекітілді. Сондай-ақ мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша өзге де шараларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іске асыру негізгі міндетіміз.
– Қазіргі таңда орталықта қанша қызметкер жұмыс істейді?
– Отбасын қолдау орталығында өзімді қосқанда 7 қызметкер бар. Олардың қатарында 1 психолог, 1 медбике, 4 маман орталықтың жұмысын үйлестіреді. Орталықта қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы жабдықтармен жабдықталған. Ішінде психологиялық, медициналық көмек көрсететін мамандар кабинеттері мен балалардың ойын бөлмесі бар. Сонымен қатар, жатын бөлмесіне өмірлік қиын жағдайға ұшыраған және зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар уақытша орналастырылады. Мұнан бөлек, құқықтық, әлеуметтік, психологиялық кеңес, медициналық көмек көрсетіледі. Айту керек, орталық қызметкерлері әрбір қолдауды қажет ететін отбасыларға бірінші болып қолын созуға әзір.
– Өткен 5 ай көлемінде орталықтың атқарған жұмыстары жайлы айта кетсеңіз...
– Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап орталық мамандарымен барлығы 108 көмек түрі көрсетілді. Атап айтар болсақ, аудан тұрғындарының жеке кәсіп ашу, қайтарымсыз грант алу мәселесі бойынша – 11, жұмыспен қамту мәселесі бойынша – 13, әлеуметтік көмектер алу тәртібі бойынша – 12, құқықтық көмек бойынша – 26, психологиялық көмек бойынша – 30, қайырымдылық көмек бойынша – 16 адамға орталықтан көмек түрлері көрсетілді. «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне мәліметтер енгізу үшін Тереңөзек кенті бойынша 275 отбасының әлеуметтік жағдайына зерттеу жүргізілді. Отбасылық құндылықтарды насихаттау, балалардың арасындағы құқық бұзушылық әрекеттерінің алдын алу барысында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Отбасылық «Аналар күні», «Отбасы күні» мерекесіне орай ашық есік күндері өткізіліп, іс-шара барысында орталық мамандарымен кент тұрғындарына психологиялық, заңгерлік кеңестер берілді. «1 маусым – Балаларды қорғау күні» мерекесі қарсаңында Сырдария аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде «Лудомания – қоғам дерті» тақырыбында 8 сынып оқушылары арасында аудандық эссе жазу байқауы өткізілді. Эссеге кент орталығында орналасқан 4 білім беру ұйымының оқушылары қатысты. Осы мереке аясында №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде 3 сынып оқушылары арасында «Менің бақытты балалық шағым» тақырыбында сурет салу байқауы өткізілді. Байқау нәтижесімен жеңімпаздар дипломмен, қатысушылар алғыс хатпен марапатталып, сыйлық табысталды. Көп балалы, жалғызбасты және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мақсатында аудандық кәсіпкерлермен кездесу өткізілді. Осы кәсіпкерлердің қолдауымен кент орталығындағы жалғызбасты, көп балалы аналарға азық-түлік ретінде қайырымдылық көмек көрсетілді. «Мектепке жол акциясы» аясында аз қамтылған отбасылардың балаларына мектепке арналған оқу құралдары бар сөмке табысталды. «Жалын» сауықтыру лагерінде «Денсаулық – зор байлық» тақырыбында мектеп оқушылары арасында кездесу өткізілді. Кездесу барасында лагердегі мұғалімдермен психоәлеуметтік және заң қызметі бойынша мәселелер талқыланды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жүйелі түрде түнгі рейд жұмыстары жүргізілуде.
– Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы не айтасыз?
– «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші бүгінде отбасындағы тұрмыстық-зомбылық қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Елімізде бұл мәселенің алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар жүзеге асуда. Ер азаматынан зәбір көрген ана мен баланың тағдыры кімді де болса алаңдатары анық. Отбасын қолдау орталығына, құқық органдарына барып шағымданып жатқан аналар біраз, ал үйінде қорлық көріп отқан сіз білмейтін ана мен бала қаншама. Осы орайда, аудан әкімінің өкімімен өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және қолдау көрсетуді ұйымдастыру негізінде мобильді топ құрылды. Орталықта аудандық соттың ұйымдастыруымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу профилактикасы бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Жасөспірімдердің жыныстық тәрбиесі туралы ата-аналарының хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында отбасын қолдау орталығының мамандарымен «Жыныстық тәрбие» тақырыбында кент және А.Тоқмағанбетов, Қалжан ахун, С.Сейфуллин ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта да көптеген іс-шаралар өткізу жоспарда бар.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА