Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіс тазалаудың да тәртібі бар

Тіс тазалаудың да тәртібі бар

Денсаулықты сақтау, оның ішінде тіске күтім жасау қарапайым ғана қадамдардан басталады. Мәселен, күнделікті тісіңізге дұрыс әрі уақытылы күтім жасасаңыз, болашақта ауыз қуысында пайда болатын небір бактерия мен аурудың алдын аласыз. Осы орайда назарларыңызға тіске күтім жасаудың 7 ережесін ұсынамыз.

1-ереже: тістеріңізді мұқият әрі дұрыс тазалаңыз. Тісті күніне кемінде 2 мәрте, таңертеңгі уақытта және кешке ұйықтар алдында тазалау қажет. Егер сіз тамақтанар алдында тазалағыңыз келсе, онда 15 минут бұрын іске кіріскеніңіз жөн. Өйткені тіс пастасының дәмі тағаммен араласып кетуі мүмкін. Содан кейін ау­зыңызды жылы сумен шайыңыз.  Қалауыңызша суға жарты шай қасық ас сода қосуға  болады. Егерде сіз тамақтанғаннан кейін тістеріңізді тазалағанды қаласаңыз, бұл да жақсы әдет. Өйткені осылайша ауыз қуысыңызды тамақ қалдықтарынан бірден арылтып, бактерия пайда болуынан сақтайсыз.

2-ереже: тіс жібін қол­даныңыз. Тіс жіп­те­рінің хош иісті, фтормен қапталған, жалпақ деген секілді бірнеше түрі бар. Өзіңізге қайсысы ұнайды, соны таңдаңыз. Алдын ала тіс дәрігерімен ақылдасып алсаңыз да болады. Ұйықтар алдында күніне бір рет тіс жібімен тазалап алыңыз, кейін пастаны қолданасыз. Жіптің қозғалысы тек тістің осі бойымен жасалады.

3-ереже: тіс тазалайтын щетканы дұрыс таңдау маңызды. Тіс щеткасында жасанды қылшық талшықтары болуы қажет. Тіс щеткасы басының ұзын­дығы шамамен 2-2.5 тіске тең болуы керек. Қылшықтардың қаттылығын тіс дәрігері таңдайды. Егер сізге таңдау қиынға соқса, орташа қатты щетканы алған жөн.

4-ереже: тіс пастасын дұрыс таңдау қажет. Бүгінде дүкен сөрелерінде тіс пасталарының саны да түрі де өте көп және әрқайсысының өзіндік қызметі бар. Профилактикалық, құрамында емдік қоспалары бар, ағартқыш т.б. секілді түрлері бар. Сізге қайсысы қажет екенін тек тіс дәрігері айта алады. Алайда ешқандай паста тісіңіздегі тастар мен вирустарды жоя алмайды. Ол үшін стоматологқа кәсіби тазалатқан дұрыс. Сатып алатын тіс пасталары тісіңізді 30% ғана кальций, фтормен қамти алуы мүмкін. Сондықтан бұл дәрумендерді сүт, айран, сүзбе, ірімшік, жасыл шай, бұршақ дақылдары, ақжелкен, аскөк, кинза, т.б. тағамдардан ала аласыз.

5-ереже: тістерді тазалау уақыты. Тістерді тазалаудың орташа уақыты – 2-3 минут. Тіске щетканы қатты батырмау керек. Жеңіл ғана қызыл иектен бастап тіске дейін жүру керек. Щетканы да тістердің орналасуына төмен-жоғары қозғалту керек.

6-ереже: ауыз қуысының жұмсақ тіндерін тазарту. Біз тісті тазалағанымызбен, ауыз қуысына толық мән бере бермейміз. Сол үшін тілді де, қызыл иекті де тазалау керегін еске саламыз. Щетканың артқы жағында жұмсақ тіндерді тазартатын қосымша бөлігі бар, соны қолдану керек. Егер тілде ақ дақтар пайда болса, тіс дәрігерінен кеңес сұрағаныңыз жөн.

7-ереже: ауыз шайғыштарды қолдану. Мұның да түр-түрі бар. Дәрігердің кеңесімен ауыз қуысыңызға сәйкес келетінін таңдау керек. Егер дәрігерге баруға мүмкіндік болмай жатса, профилактикалық түрін таңдаңыз. Шайғыштардың құрамында сұйық түрдегі белсенді заттар бар. Олар тісті тісжегі мен қызыл иек ауруы гингивиттен қорғайды.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото:
 startsmile
30 тамыз 2024 ж. 89 0