Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Төменарық» ауылы табиғи газға қосылды

«Төменарық» ауылы табиғи газға қосылды

Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барып, «Төменарық» елді мекеніне газ қосу рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы ауылдарға «көгілдір отын» құбырын тартуда атқарылған жұмыстарға тоқталып, игілікке қол жеткізген тұрғындарды құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде жетілдіру. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек», – деп тапсырма берген болатын. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде.

Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңге болса, бүгінде 733 млрд. теңгеге жетті. Бұл қаражат тұрғындардың жайлы тұрмысына ең қажетті игіліктерге, атап айтқанда, жолмен, ауыз сумен, электр энергиясымен, газбен қамтамасыз етуге, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Биыл аймақта 43 млрд. 300 млн. теңгеге 300 шақырымнан асатын автомобиль жолдары жөндеуден өтеді. Бұл арқылы жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 92 пайыздан асады. Тұтынушыларға электр энергиясын сапалы әрі тұрақты жеткізу үшін 11 млрд. теңгенің 38 жобасы қолға алынған.

Осы жылы аймақта 11 елді мекен газдандырылып, «көгілдір отын» тұтыну көрсеткіші 78 пайызға жеткізілмек. 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекен орталықтандырылған ауыз су құбырына 100 пайыз қосылады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Газды пайдалануды бастаған ауыл тұрғындарын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев құттықтап, ардагер Темірбек Құтжанов бата берді. Іс-шарада аудан дамуына үлес қосқан азаматтар мен ардагерлер, мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, «Төменарыққа» табиғи газ кіргізу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 2 299,8 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме «Алия-Сервис» ЖШС 69,3 шақырым құбырды жүргізіп, 10 дана ШРП орналастырды. Осылайша 735 тұрғын үй, әлеуметтік нысандар газдандырылмақ.

Ауылға газ қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, ой-пікірлерді тыңдады. Жиналған жұртшылықтың сауалдарына жауап беріп, барлық ұсыныс ескерілетінін жеткізді.

©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
29 тамыз 2024 ж. 107 0