Сіз демеңізші...

Атақты математик Асқар Жұмаділдаевтың есімі баршаға белгілі. Ғалым бір сұхбатында қазақтың болашағы туралы ой толғай келе былай деп тебіреніпті: «Мысалға, қазақ үлкен кісіні «сіз» деп сыйлайды. Ал Швецияда үлкен кісіге «сен» деуің керек. Егер оған «сіз» деп айтсаңыз, ол сізге қатты өкпелеуі мүмкін. Логика мынандай: Адамның барлығы тең. Маған «сіз» дегеніңіз мені кемсіткеніңіз. Мұның жасы үлкен, сондықтан күш-қуаты аз, ақылы кем. Демек, болашағы жоқ деп кемсітіп отырсыз дейді. Мінекей, шведтің логикасы осындай» – дейді ғалым.
Бұған қарап шведтің логикасы жақсы, қазақтікі жаман деген қорытынды шыға ма? Әрине, жоқ. Бірақ ойланарлық, ой бағаларлық тәмсіл де жоқ емес. «Әр елдің салты басқа, иттері ала қасқа» десек те қазір жаһандану заманы, кім қалай киінеді, қайда барады, не туралы пікір айтады, бәрі-бәрі – еркіндікте. Сол еркіндік қазақ қоғамына да келіп жеткен секілді. Қартайғысы келмейтін, өзін жас санайтын кей үлкен кісілердің содан ғой «сіз дегенше сен деші, қартайтпашы» деп жүргені...
«Сіз бен сеннің аражігін ажыратып көрелік» деп жүргенде түрлі пікірлерге тап болдық. Біреулер онда тұрған ештеңе жоқ екенін айтады. Олар әке-анасына «сен» дей беретіндер. Ал сіз деп айтқан дұрыс дейтіндер үшін «сен» деген оғаш көрінеді, тіпті әдепсіздік болып саналады екен.
Негізінде дұрыс адам ұстазына «Сәлеметсің бе!» демейді ғой. «Сәлеметсіз бе» дейді. Бұл – сыйластық, құрмет. Сіз бен сеннің басты айырмашылығы осында екені анық. Етене жақын адамға сен деп сөйлеген де дұрыс шығар, бірақ педагогтар қай кезде де сіз деп сөз саптаған дұрыстығын алға тартады. Қай ұстазбен пікірлессеңіз де үлкенге де, кішіге де сіз дейтінін аңғаруға болады. Бұл олар үшін қалыптасқан дүние, тұрмыс салты. Олар одан ешқашан жамандық көрген жоқ. Сондықтан шәкірттеріне де осыны үлгі етеді.
Қарашаш Тоқсанбай есімді әріптесіміз бар. Ел газеті «Егеменде» ұзақ жыл еңбек етті. Журналистика саласының майталманы бір мақаласында: «Интернетте бір автор: «Сіз» деп сөйлеу адамдардың арасын алшақтатып, бір-біріне деген сенімін азайтады. Ондай субординация ата-ана мен бала арасында болмауы керек. Бала ондай кезде бейсаналы түрде ата-анасын бөтен адам ретінде қабылдайды. Сондықтан бала ата-анасына «сіз» демей, «сен» деп сөйлеуі керек, «сіз» деп танымайтын бөтен адамға немесе аса құрметті үлкен адамдарға ғана айтылады» дейді. Мұны оқып, жыларымызды не күлерімізді білмедік» деп жазып еді. Осы ретте атақты Бұқар жыраудың толғауы еске түседі. Жырау «Сыйлағаннан не пайда, сізді қойып, «сен» десе» деген еді. Ал Шортанбай Қанайұлы: «Сен демек қиын емес пе, Бұрынғы туған үлкенге?» деп жырласа, Майлықожа ақын бір толғауында: «Болар елдің баласы бірін-бірі сіз деген, болмас елдің баласы бірін-бірі күндеген» деп өнегелі өсиет қалдырған.
Қоғам мүшелерінің басым көпшілігі «сіздің» «сенге» айналып кетуіне кеңестік кезеңдегі салт-санадан алшақтаған таным-түсінік әсер еткенін айтады. Бірақ қазақы тәрбие қай кезде де үлкенге құрмет көрсетуге негізделген. Сондықтан қазақы қалпымызды сақтайық, құндылықтарымызды құлдыратпайық десек әр сөзді орнымен қолданғанымыз дұрыс. Қалғаны адамның ішкі мәдениеті мен әдебіне, тәрбиесі мен тектілігіне байланысты дүние. Біздікі «сіз дегенше сен деші, қартайтпашы» деп жүрген қартайғысы келмейтін, өзін жас санайтын кей үлкен кісілерге ой салу...
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
Фото: egemen.kz