Қайтыс болған адамның зейнетақы жинағы кімге және қалай беріледі?
Жақын адамнан айырылу оңай емес. Өмірден өткен марқұм қызмет еткен адам болса, сәйкесінше зейнетақы жинағы болатыны белгілі. Зейнетақы жарнасын уақытылы аударып отырған кейбір адамдар зейнетке шықпай тұрып өмірден өтуі мүмкін. Көпшілік арасында осы жағдайға байланысты қайтыс болған салымшының зейнетақы шотындағы ақша қалай және кімге мұраға берілетіні, сонымен қоса ол адамның артында өтелмеген несиесін кімдер өтейтіні жөнінде сұрақтар туындап жатады. Осы мәселеге қатысты сұрақтарды заң аясында зерделеп көрелік.
Мамандардың айтуынша, жеке зейнетақы шоттарындағы ақша салымшының меншігі, яғни жеке мүлкі болып табылады. Салымшы өмірден өткеннен кейін де БЖЗҚ-да мерзімсіз міндетті түрде сақталады. Сәйкесінше, олар мұраға қалдырылады.
ҚР Әлеуметтік кодексінің 40-бабының бірінші тармағы бойынша міндетті зейнетақы жарналарының салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтарын өсиет етуге тікелей құқылы. Ал өсиет болмаған жағдайда мұрагерлік заң бойынша марқұмның жақындарына мұра болып қалады.
Заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы мен ата-анасы тең үлеспен ала алады. Екiншi кезекте мұра қалдырушының бiр әке, бiр шешеден туған және әкесi немесе шешесi бөлек аға-iнiлерi мен апа-қарындастары, сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесi тең үлеспен алады. Үшiншi кезекте мұра қалдырушының әкесiмен бiрге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алуға құқылы.
Төртiншi кезектегi мұрагерлер ретiнде үшiншi туыстық дәрежесiндегi туыстар – мұра қалдырушының арғы аталары мен әжелерi. Бесiншi кезектегi мұрагерлер ретiнде төртiншi туыстық дәрежесiндегi туыстар –мұра қалдырушының туған немере iнi-қарындастарының, жиендерiнiң балалары және оның аталары мен әжелерiнiң туған аға-iнiлерi мен апа-қарындастары. Алтыншы кезектегi мұрагерлер ретiнде бесiншi туыстық дәрежесiндегi туыстар – мұра қалдырушының шөбере iнi-қарындастарының, жиеншарларының балалары, оның немере аға-iнiлерi мен апа-қарындастарының балалары және оның екi атадан қосылатын аталары мен әжелерiнiң балалары шақырылады. Жетiншi кезектегi мұрагерлер ретiнде мұра қалдырушымен кемiнде он жыл бiр отбасында тұрған мұра қалдырушының өгей әкесiне не өгей шешесiне ерiп келген аға-iнiлерi мен апа-қарындастары, өгей ұлдары, өгей қыздары, өгей әкесi және өгей шешесi шақырылады.
Мұраны алу үшін кімге және қайда жүгіну керек? Ең алдымен қайтыс болған салымшының заңды мұрагерлері алты айдың ішінде жергілікті нотариусқа бару қажет. ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес мұрагер төлемдерді алу үшін мұра ашылған жер, яғни салымшының қайтыс болған мекенжайы бойынша нотариусқа мұраны қабылдау туралы өтініш беруі тиіс. Мұны мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде жасау керек екенін ескерген жөн. Нотариустар «Е-нотариат» жүйесі арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотындағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді онлайн режимде сұрата алады. Бұған қоса заңды мұрагерлер нотариуста ресімделген мұра құжаттарын алып БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне жүгіне алады. Жеке өтінішпен жүгіну мүмкіндігі болмаса, нотариус арқылы сенім білдірілген тұлғадан немесе пошта арқылы да жіберуге болады. Сондай-ақ салымшының отбасы мүшелеріне марқұмның жеке зейнетақы шотынан жерлеу рәсімдерінің шығыны ретінде 94 айлық есептік көрсеткіш, яғни 347 048 теңге мөлшерінде біржолғы төлем жүргізіледі. Бұл дегеніміз төлем жүргізілгеннен кейін шотта қалған ақша ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын болса, ол қалдық та марқұмның отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған төлем ретінде беріледі.
Ұлттық заңнамаға сәйкес мұрагерлік рәсімдеу қайтыс болған адамның активіне иелік етумен қоса мойнындағы қарыз міндеттемелерін де арқалауға міндеттейді. Дәлірек айтқанда, марқұмның артында қалған несиесі болса, оны өтеуден бас тартып, зейнетақы шотындағы ақшасын алу мүмкін емес. Заңды мұрагерлер марқұмның банк пен қаржы ұйымы алдындағы борышын өтеуден бас тартқан жағдайда, оның атындағы мүліктерді иелену құқығынан да бас тарту қажет болады.
Алтынай Қайратқызы