«Жүгіру марафонын «брендке» айналдыру керек»
Бүгінде білім беру, оның ішінде спорт бағытында елеулі еңбек етіп, саламатты өмір салтын қалыптастыру жолында жүрген жерлесіміз, Е.Бөкетов атындағы зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, «ТМД-ның үздік педагогы», «ҚР дене тәрбиесі мен спортын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, 15 ғылыми-әдістемелік құрал мен 5 электронды кітаптың, 60-тан астам ғылыми мақаланың авторы, Президенттік сынақ пен көпсайыстан ҚР чемпионы, полиатлоннан Еуропаның күміс жүлдегері Марат Бөдеевпен сұхбат құрдық.
– Марат Тұрымұлы, сіз туралы аға буын өкілдерінен естіп-біліп, оқырман ұсынысымен өзіңізбен сұхбаттасып отырмыз. Алғашқы сұрақ өзіңіз, туған жер, кәсібіңіз туралы болсын. Яғни өзіңізді оқырманмен таныстырып өтсеңіз...
– Қазіргі Оспан Мәлібаев атындағы ауыл, бұрынғы ХХІ партсъез совхозында 1973 жылы дүниеге келгенмін. Бала күнімнен спортқа жақын болдым деп айта аламын. Бірақ мектеп бітірген жылы бірден жоғарғы оқу орнына түсе алмадым. Екі жыл совхозда жұмыс істеп, 1991 жылы Қарағанды педагогикалық институтының дене тәрбиесі және спорт факультетіне оқуға түстім. Институтты бітіргеннен кейін осы оқу ордасы жұмысқа шақырды. Жас маман ретінде алғашқы еңбек жолым осы ҚарПИ-де гимнастика кафедрасының оқытушысы болып басталды. Бір жылдан кейін әскерге шақыртылып, Отан алдындағы борышымды өтедім. Үш жылдай ҚР ІІМ қызмет еттім. 2000 жылдан бастап білім беру саласына қайта ойыстым. Жүйелі жұмыс жасап, сатылап алға жылжып, кафедра меңгерушісі қызметін абыроймен атқардым. Қазір спорттық-педагогикалық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессорымын. 30 жылдан астам уақыт Қарағанды қаласында тұрақтадым.
– Негізгі бағытыңыз қандай?
– Негізгі ғылыми бағытым спорттағы медициналық-биологиялық бақылау. Студенттер мен оқушылардың дене тәрбиесіне көңіл бөлемін. Спорт – денсаулық кепілі дейміз. Бірақ ереже бойынша спортпен дұрыс шұғылданбаса, керісінше әсер етуі мүмкін. Осы ретте адамдардың, оның ішінде гендерлік бағытқа сәйкес спортшылардың дене жүктемесіне бейімділігін зерттедім. Осы тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Зерттеу барысында еліміздің көк туын желбіретіп жүрген Олимпиада чемпиондарымен жұмыс істеп, кеңес бердік. Ер адам мен әйел кісінің ағзасы, яғни қалыпты жұмыс істеу қарқыны бірдей емес. Спортпен шұғылдану барысында бұны ескерудің маңызы зор. Осы мәселе төңірегінде кеңінен зерттеп, түсіндіріп, спортты насихаттағым келеді. Қазіргі жұмысым да сол.
– Өзіңіз спорттың қандай түрімен шұғылданасыз?
– Жүзумен, волейболмен тұрақты айналысамын, осы бағытта студенттерге дәріс беремін. Велоспорт ерекше жаныма жақын. Көпсайыстан да құралақан емеспін. Спорттың түрлі бағыты бойынша жеткен жетістіктерім де баршылық. Содан кейін жүгіру спортын дамытқым келеді. Біле білген адамға жүгірудің пайдасы өте көп. Осы орайда университет жанынан «Buketov runners» жүгірушілер клубын құрып, түрлі саладағы жандардың басын біріктіріп, ауқымды марафондар ұйымдастырып жүрміз.
– Клуб жұмысы туралы ашып айтсаңыз...
– Аталған клубты құру идеясы 2020 жылы басталды. Сол кездегі карантин біраз адамға денсаулықтың қадірін түсіндіріп кеткен сияқты. Біраз жер карантинге байланысты жұмысын тоқтатты. Содан қасымдағы әріптес жігіттермен бірге уақытты тиімді пайдаланып, денсаулығымызды қолға алуды құп көрдік. Солай бастапқыда екі адам күнде таңертең жүгіруді бастадық. Кейін қатарымыз толыға бастады. Өз арамызда әлеуметтік желіден чат ашып, байланысып отырдық. Кейін қатарымыз толығып, үлкен клубқа айналды. Қазір өзінің эмблемасы, туы бар клубымыздың құрамында түрлі сала өкілдерінен құрылған 30 шақты адам бар. Ең алғаш рет марафон ұйымдастырып, онда 60 шақырымды жүгіріп өттік. Кейін ауқымды кеңейтіп, Ұлытауға дейін 680 шақырым, одан кейін «Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда-Түркістан» бағытында 1300 шақырымға марафон ұйымдастырдық. Кез келген спорт түрімен айналысу үшін алдымен жүгіріп, денені қыздырасыз ғой. Сондықтан мен жүгіруді спорттың төресі дер едім. Ол дегеніміз, беталды жүгіре беру емес, әрине. Үлкен буынның өзі жүгіруді қолға алса, бұл кейінгі жас ұрпаққа үлгі болады. Солай-солай спортқа деген көзқарас тұрақты қалыптанады. Жүгіру – халық үшін өмірдің бір бөлшегіне айналады. Есесіне тұрғындардың өмір сүру сапасы артып, денсаулықтары жақсарады, өмір сүру ұзақтығы артады. Менің мақсатым да осы ретте халыққа жүгіруді насихаттау, көпшілікке пайдалы ілім беру.
– Жүгірудің жалпы қандай ереже-шарттары бар? Бас-көзсіз жүгіре берсе де зиян шығар?
– Әрине, алдын ала дайындық керек. Негізінен жүгіруді жүруден бастау керек. Таңертең шығып, белгілі қашықтыққа жаяу жүріңізші. Әлбетте бастапқыда ми да, ағза да қарсыласады. Уақыт өте келе жүру мен жүгіруді алмастырып отырасыз. Кейін жүруді азайтып, жүгіруді көбейтесіз. Денсаулығына мән беретін адам үшін аса қиындық жоқ. Бой мен салмаққа қарай қашықтық пен уақыт ұзақтылығын нақтылап алу керек. Сосын марафонға немесе ұзақ шақырымды жүріп өту үшін денені басқаша дайындау керек болады.
– Тамаша. Марат Тұрымұлы, сұхбатымыздың негізгі сұрағы: Елге, халыққа қандай қызмет қылып, пайда тигізіп жатырмын деп айта аласыз?
– Білімді, сауатты ұрпақ – еліміздің ертеңгі болашағы. Осы ретте ұстаздық жолды жаныма серік еткенімді мақтанышпен айта аламын. Жалпы мамандық таңдауда да, жар таңдауда да қателеспеген адаммын. Жас шәкірт бойына тәлім мен тәрбиені қатар игертсем, көпшілікке саламатты өмір салтын насихаттау арқылы денсаулықтарының жақсаруына үлес қоссам, міне, нағыз бақыт сол. Ертеңгі күні мен тәрбиелеген шәкірттер үлкен белесті бағындырып яки ілім жолын жалғап жатса, одан асқан қуаныш жоқ. Қазір спортқа жақсы көңіл бөлініп келеді. Десек те саланың ауқымын кеңейтіп, жастар ғана емес, егде жастағылар арасында да насихаттап, спортты халық өмірінің бір бөлшегіне айналдыруға үлес қоссам деген мақсатым бар.
– Бүгінгі сұхбатымызды оқып отырған жас түлекке, жас буынға қандай кеңес бересіз және алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...
– Қазіргі жас буынды бұрынғы біздің кезіміздегімен салыстыруға келмейді. Жастардың көзі ашық, көкірегі ояу, жан-жақты. Олар өз ойын, пікірін ашық түрде айта алады. Жастайынан әртүрлі нәрсені көріп-білуге, үйренуге құштар. Айтарым, ештеңеден қорықпау керек. ІТ саласы ма, ғылым ба, спорт па қай салада да үйренуге, білуге көкірек көздеріңіз ашық болсын дегім келеді. Және міндетті түрде саламатты өмір салтын сақтау маңызды.
Алдағы жоспарларымның бірі – қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие ақпараттық саланы игеріп, әлеуметтік желі арқылы спортты насихаттау. Мысалы, ютуб канал ашып, сол арқылы жүгірудің, жүзудің, велоспорттың пайдасын, спорттағы негізгі ережелерді айтып, халыққа пайдалы болу. Көпшілік қазір керегін ұялы телефоннан іздейді. Ал спорт саласында қазақ тілді контенттер аз. Алдағы кезек күтіп тұрған жоспарларымның бірі осы.
Одан кейін өзіміздің туған жер Тереңөзек кентінде жүгіру марафонын жаңғыртуға үлес қосқым келеді. Осы тұста атқарушы орган мен спорт саласындағы бауырларымның құлағына алтын сырға. Ауданда жартылай марафон ұйымдастыруға болады. Бұл тұста қажет болса мен өз тәжірибеммен бөлісе аламын, есесіне халықтың денсаулығына пайдасы ұшан-теңіз. Жыл сайын ауқымын кеңейтіп отыруға да мүмкіндік болады. Марафонды жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып отыратын болса, алыс-жақын облыстардан да қатысушылар тартылар еді. Мысалы, қазір ауданда спорт саласы керемет дамып келе жатыр. Спорт алаңдары мен залдары да қолжетімді. Соның ішінде ауданда көгалдағы хоккей өте жақсы дамыған. Атап өтер болсақ, спорттың бұл түрін де бір кездері алдыңғы буын ағалар енгізіп, қалыптастырды ғой. Міне, қазіргі жетістік қандай?! Сол сияқты жүгіру марафонын да осы бастан дәстүрлі түрде енгізсе, уақыт өте келе жүгіру – Тереңөзек спортының «брендіне» айналар ма еді?!
– Дұрыс айтасыз. Спорттың қай саласын да дамыту ел болашағының, ұлт саулығының кепілі. Туған жерді түлетуге атсалысу – әрбір перзенттің міндеті мен мақсаты. Қорытынды сұрақ болсын, алдағы уақытта туған жерге оралу жоспарыңызда бар ма?
– Туған ауылыма жыл сайын, мүмкіндік болса жылына бірнеше рет келіп тұрамын. Қарашаңырақта анам, бауырларым бар. Туған-туысқа сәлем беріп, туған жерге ат басын жиі бұрамыз. Әр келген сайын жасарып, жайнап, дамып келе жатқан өлкенің әрбір жетістігіне шын қуанып, тілектес болып жүремін. Жалпы аудан жаңалықтарын «Тіршілік тынысы» газетінің ресми сайтынан және әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы күн сайын бақылап отырамын.
Жалпы сұхбаттың басында айтып өткенімдей 30 жылдан астам уақыттан бері Қарағанды қаласында тұрақтадым. Жұмысым, отбасым, орта, негізгі бағытым барлығы сол жақта қалыптасты. Қарап отырсам, қазірге дейінгі өмірімнің жартысынан көбі сол өлкеде өтіп жатыр екен. Негізі ауылға түбегейлі ауысу әзірге жоспарда жоқ. Десек те, уақыты келгенде, мүмкін туған жерге оралармын. Мен үшін маңыздысы қай жақта жүргенің емес. Қайда жүрсең де, егемен елдің жарқын болашағы жолында халқымыз үшін адал еңбек ету.
– Арнайы уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге, ой-пікіріңізбен бөліскеніңіз үшін алғысымыз шексіз. Жастар өзіңізден үлгі алып, өзіңіздей аға буынға қарап бой түземек. Туған жер шалғайдағы түлектерімен әркез мақтанады. Алдағы жоспарларыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ