Жолаушы қауіпсіздігіне аса мән беру керек

Бұл жолы аудандық полиция бөлімі 23-28 шілде аралығында «Автобус» жедел профилактикалық іс-шарасын жүзеге асыруда. Бұл ретте, іс-шара негізінде аудандық полиция бөлімі аудан әкімдігі, прокуратура, салалық бөлімдер және жекелеген мекемелермен бірлесіп, автокөлікті тексеру жұмысы қарқын алды.
Өз кезегінде бірқатар тәртіп сақшысы жолаушы мен жүкті тасымалдауды іске асыратын жүргізушілер арасында көліктік және еңбек тәртіптерін арттыруға, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған көлікті пайдалану фактілерін анықтауға және заңсыз жолаушы тасымалдаудың жолын кесуге бағытталған жұмыстарды тиісті деңгейде атқара білді. Сала мамандары іс-шара барысында бірнеше автокөлікті жан-жақты тексеріп, иесіне хаттама толтырды. Жолаушы қауіпсіздігін сақтау мақсатында автокөлік жүргізушісіне түсіндірме жұмысын жүргізді.
– Қазіргі уақытта жолаушы тасымалдайтын көптеген автокөлік иесі ережеге бағына бермейді. Межелі жерге жетем дегенше сан мәрте заң бұзушылық жасауға бейім. Сондықтан біз арнайы іс-шарадан бөлек, автокөлік жүргізушісіне ескерту жасап, өрескел тәртіп бұзған адамға арнайы шара көреміз. Алдағы уақытта жедел профилактикалық іс-шара санын көбейтіп, адам өміріне қауіп төндіретін жекелеген фактормен күресетін боламыз, – дейді жергілікті полиция қызмет бөлімінің патрульдік полиция тобының қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Айтбаев.
Балтабай ОРДАБЕКОВ