Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отандық туризмнің бүгіні мен болашағы

Отандық туризмнің бүгіні мен болашағы

Соңғы жылдары туризм саласы дүниежүзі бойын­ша ең табысты бизнес түріне айналып келеді. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, әлемдік экономикадағы қарқыны күшеймесе, бәсеңдемейтін бірден бір сала да осы – туризм. Жалпы туризмнің мемлекет үшін пайдасы қандай? Ол ел ішінде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, халықтың тұрмысын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздықты азайтуға, сыртқы сауда көрсеткішінің өсуіне ықпал етеді.

Туризм мемлекеттің эко­но­микалық қуатын күшейтіп қана қоймайды. Ол – адамдардың рухани мәдениетке деген қажеттілігін арттыруда да маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда Қазақстанда жергілікті мәдениетке деген қызығушылықтың артуы және туризмнің дамуы жаңа деңгейге көтерілуде. Дегенмен Қазақстандағы туризмнің даму деңгейі басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда артта қалып қойған. «Өз елімізде ішкі туризм саласының дамуы қай деңгейде? Кемшілігі мен жетістігі қандай? Отандық туризм саласының кенже қалып тұруына не себеп?» деген сұрақ туындары хақ. Ендеше осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Туризм әлемдік экономикада бас­ты рөлдің бірін атқарады

Жалпы туризм бұл – адамның арнайы бір уақыт аралығында жан сергітіп демалыс қабылдауы. Демалыс кезінде демалушы түрлі елдерге саяхаттай отырып, танымдық қабілетін арттырады, мәдениет пен өнер қызығына батады. Туризм саласы бүкіл әлемдік экономикада бас­ты рөлдің бірін атқарады. Бүкіл әлемдік туристік ұйымның деректері бойынша ол әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестициясының 11%-дан астамын, әлемдік өндірістің әрбір тоғызыншы жұмыс орнын қамтамасыз етеді екен. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік туристік ұйымға мүше болып кірген болатын. Қазақстанда қазіргі заманғы инфрақұрылым салаларының дамуына, соның ішінде туризмге үлкен мән беріледі. Туризм елдің тұтас өңірлерінің экономикасына айтарлықтай ықпал етеді. Туризмнің қазіргі индустриясы табысы жоғары және серпімді дамып келе жатқан қызмет көрсетулердің халықаралық сауда сегменттерінің бірі болып табылады. Туризм саласындағы табыс көзі мұнай, мұнай өнімдері және автомобиль экспортының табысынан кейінгі тұрақты үшінші орында тұр. АҚШ, Англия, Германия, Франция, Сингапур, Нидерланды сынды алпауыт мемлекеттерде туриндустрия алдыңғы орында. Қазіргі туризм – бұл әлемдік экономиканың құлдырауы болмайтын саласына айналып отыр. Туризм тек қана экономикалық емес, сонымен қоса әлеуметтік-мәдени маңызға ие. Өйткені ол елдер арасындағы мем­лекетаралық байланыстардың және мәдени айырбастаудың дамуына өз ық­палын тигізеді, аймақаралық байланыс көлемін арттырып және халықтың танымдық деңгейін көрсетеді. Туризм мемлекеттің экономикалық қуатын күшейтіп қана қоймай, ол – адамдардың рухани мәдениетке деген қажеттілігін арттыруда да маңызды рөл атқарады.
Қазақстан туризмінің тарихы

Қоғам өмірі мен іс-әрекетінің барлық әлеуметтік-экономикалық құбылыстары сияқты, туризм де, оның қазіргі күйі мен болашағына талдау жасағанда, тарихи әдістемелікті қажет ететіндігі сөзсіз. Жалпы туризм Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып табылған. Қазақстандағы алғашқы туристік ұйымдар 20 ғасырдың 20-30 жылдары пайда болған. Ең алғаш 1929 жылы Алматы қаласында тұңғыш туристік жорық ұйымдастырылды. Туризмнің дамуына 1969 жылы қабылданған «Елдегі туризм мен экскурсиялардың одан әрі дамуына арналған шаралары туралы» Үкіметтің қаулысы зор ықпал жасады. Қазақстанда туризм мен экскурсиялар бойынша жаңа облыстық кеңестер, экскурсиялық бюролар, саяхаттар мен экскурсия бюролары ашыла бастады. 1970 жылы құрылған туризм және саяхатшылықтың республикалық кеңесі туризмнің одан әрі дамуына айтарлықтай әсер етті. Ал 1971-1975 жылдар аралығында Қазақстанда туризмнің материалдық базасы нығайып, саяхаттық-туристік ұйымдар көбейді, жаңа туристік базалар мен мейманханалар пайдалануға берілді. 1990 жылдары Қазақстанда коммерциялық туризм дами бастады. Алматы, кейін басқа қалаларда, көбінесе, туристерді шетелге жіберетін туристік фирмалар пайда болды. Туристік фирмаларды бұрын туризммен айналыспаған кең қалталы азаматтар басқарғандығынан, олар туристерді лайықты сапаны сақтап қабылдай алмады. Туризмнің қиын жағдайының себебінің бірі рес­публикамызда кәсіби дайындығы бар мамандардың жетіспеуі еді. Оларды даярлайтын Қазақстанда бір де бір мамандандырылған оқу орны болмады. Туристік базалардың, туристер клубтарының жабылуына және туризмнің белсенді түрлерінің жойылуына байланысты, тіпті, қоғамдық туристік мамандарды даярлау үрдісінің өзі тоқтатылды. Тәуелсіз егеменді Қазақстанда туристік мамандарды даярлау үдерісі 1992 жылы басталған болатын.

Ел туризмін дамыту – жол жөндеуден басталуы керек

Алыс жолға шыққан сая­хатшы діттеген жеріне көзі қарайып, өзегі талып жетеді. Жол сапасының нашарлығынан саяхатқа шыққан кез келген адам діттеген жеріне жете алмай, шаршайтыны белгілі. Сая­хаттан ләззат алып, табиғаттағы әдемілікпен тамсану деген жолда қалады. Тіпті денсаулығына уайымдап, аралайтын жері керемет болса да жолдың әсерінен бүкіл көңіл-күйі бұзылып, саяхатқа шыққандағы бар ойы өзгеруі мүмкін. Сондықтан, ең бірінші жол мәселесін қолға алу керек сияқты. Жол жөнделсе, шетелге бармай-ақ, елімізде демалатын едік. Қоғамда қалыптасқан көпшіліктің пікірі – осы. «Бағасы қымбат, қызмет көрсету нашар» деген пікірден де арыла алмай келеміз. Себебі, былтыр барған аймақтан шаршап-шалдығып, жол азабын тартқан турист биыл дәл сол жерге демалуға бармайды. Бұған қоса, демалыс орындарында тамақтану қымбат. Асхана, дәретхана тазалығы сын көтермейді. Туристердің көп ескерту айтатыны да сондықтан. Одан бөлек біздің елде табиғаты әсем, тарихи көрнекі орындар бірі-бірінен өте алшақ орналасқан. Бұл – елдегі туризмнің дамуына бірден бір кедергі екенін айтпасақта түсінікті секілді. Мәселен, көптеген елдерде саяхаттайтын әдемі жерлер мен қалалар ары кетсе екі-ақ сағаттық уақыт алатын қашықтықта орналасқан. Ал, бізде керісінше. Мысалы, Шығыс Қазақстан мен Алматының арасы, Маңғыстау мен Байқоңырдың арасы өте алыс, 2-3 мың шақырым. Шетелден келген туристерге ыңғайлы болу үшін осы қалалар арасына тек ұшақпен ғана ұшуға мүмкіндік бар. Бірақ біздің ішкі рейстерге билет құнын кез келген қалта көтере бермейді. Сол себепті осы мәселенің оңтайлы шешімі қарастырылуы керек. Өйткені бізге туристер тек алпауыт бай мемлекеттерден ғана емес көрші елдерден де келеді. Сондықтан жүретін жол нашар, ал ұшуға билет қымбат болса, олардың бізге екінші рет айналып келуі екіталай.

Тарихи жерлерге насихат аз

Біздің жеріміз киелі мекендер мен көрнекі орындарға бай. Қазақ жеріндегі тарихи орындарға байланысты айтылатын аңыздары мен оқып, білуге болатын том-том тарихы бар. Алайда, сол қасиетті мекендеріміз жайлы жарнамалай алмаймыз, мүлде насихаттамаймыз. Шетелмен салыстыратын болсақ оларда керісінше, тарихы жоқ орын көп. Дегенмен, туристерді тарту үшін олар әртүрлі аңыз-мысалдарды ойдан құрастырып алады. «Мына жерде мынадай қасиетті адам жатыр, осы жерді айналып өтсең сенің бар арман мақсатың орындалады» деген сияқты өтірік-шыны аралас аңыздар таратады. Мәселен, Сингапурда «Байлық» субұрқағы бар. Ол жерде ешқандай да байлықтың нышаны болмаса да адамды тарту үшін жоқ жерден ойлап, жасапты. Ал біздер барды жоқ қылып отырмыз. Ол – тарихты таптау. Керісінше бай тарихымыз бен аңыз әңгімелерді пайдаланып-ақ керемет дүние жасауға болады. Одан бөлек киелі мекендер мен орындарға апарар жолда бағыт-бағдар көрсетілмеген. Әдетте тарихи орындарда толық ақпарат беріледі. Бұл қандай жер, қай ғасырда салынған, қай оқиғамен байланысты екендігі туралы қазақ, ағылшын тілдерінде толық мәлімет болуы керек. Және біз білмесек те бұл жерді аралап жүрген нағыз шетел саяхатшылары болуы мүмкін.

Отандық туризмнің бүгінгі жай-күйі мен кемшін тұстары

Бүгінде туризмді дамыту мәселесі көпті толғандыруда. Осы орайда елімізде туризмнің кенже қалып тұруының бірнеше себептері айтылып жүр. Соларға жалпылама шолу жасасақ. Құс қанаты талатын, әлемде көлемі жағынан алғанда тоғызыншы орын алатын Қазақстанда туризмді дамытуға әлеует жеткілікті. Кең байтақ қазақ жерінде табиғаттың өзі бере салған шұрайлы өлке, кім-кімді де өзінің көркем келбетімен тамсандыра алатын тұмса табиғат аз емес. Іргедегі Бурабай, Баянауыл, Ұлытау бөктері, Шарын шатқалы, Алтай мен Алатау арасы, бүкіл түркі жұртының рухани астанасы дерлік Түркістан, Каспий жағасындағы Кендірлі демалыс аймағы, Ақсу-Жабағылы және басқа да жасыл өлкелер мен көрнекті орындар аз емес. Дегенмен бұл жерлерде қызмет көрсету, сервис жағы жөнді қарастырылмаған. Одан бөлек демалыс орындарында баға деген қалтаны ойып түсетіндей шарықтап тұр. Қазақстандықтардың туризмге деген түсінігі басқаша. Біздің азаматтарымыздың көбі Қазақстан территориясы ішінде ел көріп, жер көргенді саяхат санамайды. Мүмкіндігі жетсе, шетел асып саяхаттау санасына сіңген. Оның үстіне, табатын табысымен санағанда қазақстандықтар үшін туристік өңірлердің бағасы қымбат. Осыдан барып елімізде «Бурабайда бір апта демалғаннан Дубайға барған тиімді» дейтін көзқарас қалыптасқан. Азаматтарымыздың көзқарасындағы мұндай сыңаржақтылық ішкі туризмнің дамуына тұсау болып қана қоймай, ақшаның шетелге ағылуына да себеп болып тұр. «Дубайға 150 мың теңгеге 3 күнге барып келуге болады. Бірақ бұл ақшаға Бурабайдан 3 күнге қонақүй ала алмайсың. Өйткені Бурабайда 5 жұлдызды қонақүйдің бір күндік бағасы – 76 мың теңге. Əрине, Дубайда да бес жұлдызды қонақүйдің бағасы қымбат. Бірақ 150 мың теңгеге шетелде демалған қандай, Бурабайда демалған қандай?!». Жұрт осылай есеп соғады. Сол себепті де көпшіліктің арасында «Бурабайда бір апта демалғаннан Дубайға барған тиімді» деген көзқарас қалыптасқан.

Бүгінде туристік орындардың инфрақұрылымдары кемелсіз. Мәселен, атағы әлемге әйгілі Шарын шатқалында жібі түзу дәретхана жоқ. «Дүние жүзіне әйгілі Шарын шатқалында дұрыс дəретхананың болмауы кішкентай мәселе сияқты көрінгенімен, бұл Қазақстанның туризм саласына біршама сын әкелері белгілі.

Түйін. Сонымен, туризмді дамыту кезек күттірмеуі тиіс. Қазақстан шикізат өнімдері арқылы экономикасына үлес қосып отыр. Алайда, мәңгілік ел атану үшін табиғи ресурстарды межеде сақтағанымыз жөн. Елдегі басты артықшылық – көрікті жерлер, тарихи нысандар мен табиғи ресурстар. Осы ерекшеліктерді пайдаға жаратсақ, дамыған елдер қатарына қосылу мүмкіндігіміз арта түсер еді. Ал жоғарыда айтылған мәселелер өз шешімін тапса, отандастарымыз Бодрум емес, Бурабайға, Анталия емес, бірден Алакөл сынды еліміздің көрікті жерлеріне жол тартар еді.    

Алтынай ЖҮНІСОВА
Фото:inbusiness.kz 
                                                                                                 
10 шілде 2024 ж. 101 0