Атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалады
ҚР Парламенті Мәжілісіне «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттар Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов және «Ауыл» партиясынан сайланған депутаттар Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев, Ерболат Саурықов Сыр еліне іс-сапармен келіп, аймақтағы ахуалмен танысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев депутаттармен кездесіп, өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.
Аймақ басшысы атқарушы органдар саяси партиялармен тығыз жұмыс істеп, олардың бастамаларына әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.
– Президентіміздің, Үкімет басшысының, Парламенттің қолдауымен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылым объектілерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар іске асуда. Бүгінде облыс бюджеті 708 млрд теңгеден асты. Бар-жоғы 2 жылдан сәл астам уақытта 236,8 млрд теңгеге немесе 53,7 пайызға ұлғайды. Қаражаттың басым бөлігі халықтың игілігіне, әсіресе, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда. Бюджетті жоспарлауда әлеуметтік бағытқа басымдық берілді. 2022 жылы әлеуметтік салаға 275,3 млрд теңге бағытталса, 2024 жылы бұл қаржы 428,1 млрд теңгеге жетті. Өсім 152,8 млрд теңге, бұл – жалпы бюджеттің 63,9 пайызы. Оның ішінде, білім беру саласына 307,9 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына 22 млрд теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға 44,9 млрд теңге, мәдениет, спортқа 53,3 млрд теңге қаралды. Өткен 5 айдың қорытындысына қарасақ, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан соңғы 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім бойынша 2022 жылы өңір республикада 11-орында болса, 2023 жылы 1-орыннан көрінді, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде халық қалаулылары аймақта барлық сала бойынша қарқынды даму байқалатынын атап өтіп, облыс басшысының бастамаларына сәттілік тіледі. Одан кейін фракция мүшелері М.Ергешбаев пен М.Жайымбетов Сырдария ауданына ат басын тіреді. Депутаттар алдымен жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан «Тағзым» алаңына барды. Күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуы қажет екенін айтты. Сондай-ақ мәжілісмендер Асқар Тоқмағамбетов ауылына арнайы барды. Онда ақсақалдармен кездесіп, ауылдағы газдандыру жұмыстары туралы сөз қозғады. Депутаттардың жұмыс сапары ауданда бой көтеріп жатқан «Руханият» орталығы құрылысымен танысумен жалғасты. Айта кетейік, наурыз айында іргетасы қаланған орталық құрылысын «Техосностка-Ремсервис» ЖШС жүргізуде. Фракция мүшелері Н.Ілиясов ауылындағы абаттандыру жұмыстарымен де танысып, №132 Т.Айтбаев атындағы мектепке жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Жаңа оқу жылына дейін толық аяқтауды жоспарланған жөндеу жұмыстарына 293 млн теңге бөлінген.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ