Қызылордада Әкелер кеңесінің отырысы өтті
Еліміздегі мерекелік күндердің тізбесіне Әкелер күні енгізілді. Маусымның үшінші жексенбісі Әкелер күні болып бекітілді. Осыған орай, Достық үйінде Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Әкелер кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Отырыста қазақ қоғамындағы ер азаматтардың рөлін арттыру, әке құқы мен рөлінің төмендеуіндегі негізгі себептерді анықтау, әкелердің жаңа бет-бейнесін қалыптастыру, жастар көп шоғырланған жерлерде тәрбиелік насихаттық жұмыстар кеңінен жүргізу мәселелері көтерілді.
Келелі кездесудің модераторы Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов «Бүгінде әкенің орнын, оның отбасындағы рөлін қоғам болып қайта жаңғырту маңызды. Мемлекеттің отбасы саясатының басты мақсаты отбасындағы ана, бала, әке, атап айтқанда, әрбіріне айырықша қолдау көрсету. Әке - әр перзент үшін орны бөлек асқар тау. Балаға – қорған. Ол отбасының асыраушы тірегі. Әрбір әке өзінің орнын, міндетін ұрпақ алдындағы парызын сезіну керек. Осы орайда әке беделін нығайту мақсатында бүгінгі басқосуымыздың маңызы зор», -деп атап өтті.
Философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстанхалқы ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Баймырза Қожамберлиев отаршылдық жүйенің қазақ қоғамына тигізген кері әсеріне тоқталып өтті.
«Біз 70 жыл бодан болғанда осы гармонияны бұзып алдық. Өйткені еркек пен әйел тең құқылы деген ұғымды миымызға сіңірді. Отаршылдық жүйе, кейін қызыл совет үкіметі қазақтың осы тамаша мектептерін жойды. Еркек пен әйелді тең деп жариялады. Еркектердің беделі күрт төмендеп, балаға идеал болудан қалды. Қазақ әйелінің ерін сыйламау құбылысы қазақ даласындағы әкелер мектебінің тамырына балта шапты. Бұл құбылыс осы күнге дейін жалғасып келеді. Ендігі мақсат – қазақ отбасындағы әке статусын қайтару қажет», - деді Баймырза Қожамберлиев.
Ал кәсіби медиатор, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Жақсыбай Жакеев әкенің отбасындағы рөлінің төмендеуі – қоғамдық дерт. Сондықтан оны мемелекет болып қолға алу керек. Әртүрлі бағдарламалар, кино арқылы насихаттап, жастар көп шоғырланған ірі сауда орындары мен кинотеатрларда насихат жұмыстарды көптеп жүргізу керектігін алға тартты.
Басқосуда көп балалы әке, философия докторы, облыстық жастар ресурстық орталығының жанындағы Әкелер кеңесінің төрағасы Ғани Байұлы әкелердің жаңа бет-бейнесін қалыптастыру, облыстық деңгейде әкелер орталығын құру кезек күттірмейтін мәселе екендігін айтып өтті. Қазақтың батыр жазушысы Бауыржан Момышұлының «Ешкім іштен батыр, дана болып тумайды: ол да мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады», дегені тал бесіктен жұққан тәрбиенің отбасылық институттарымен реттелетінін аңғартса керек. Бүгін, біз, Құнанбайдай әкенің тәрбиесін бере алмасақ, ертең Абайдай ұлдарды өсіре алмаймыз. Осыны ел арасында барынша түсіндіріп, насихат ете білуіміз керек деді.
Сонымен бірге, «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Дәулет Омаров бұрын ер баланың түсінігінде әкені тұлға ретінде қалыптастыруда ананың рөлі ерекше еді. Анамыз әкеміздің қабағына қарап тәрбиеледі. Мысалы: «Әкең келе жатыр», «әкең біледі», «әкеңнен сұран», «әкең келгенде тамаққа отырамыз» деген секілді қарапайым ғана қағиданы біздің санамызға аналарымыз құйып өсірген. Ал, қазіргі кезде салыстырып қарасақ, әрине айырмашылық көп. Қазіргі таңда, әкенің рөлі сәл төмендеп қалғандай көрінеді. Баланың әкеге емес, шешесіне иек артуы басым болып кетті. Меніңше, ұл мінезді, намысты болып өсуі үшін, мейлінше әкесінің тәрбиесін көп көру қажет. Сонда ғана бала әкесіне қарап бой түзейді деген пікірін білдірді.
Мазмұнды кездесуді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов қорытындылап, Әкелер кеңесінің жұмысын жандандырып, ілгерлету бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.