Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұғалім – халықтың шамшырағы

Мұғалім – халықтың шамшырағы

Ұстаздық ұлы жолды таңдап, мамандық ету бар да, сол құрметті қызметті жан-дүниесімен сезініп, ұлтқа адал қызмет ету бар. Қарап тұрсаңыз, екеуі екі бөлек нәрсе. Мамандығына шын беріліп, "ұлтқа қызмет қылсам, ел болашағын тәрбиелесем" деп ұлы жолға өмірін арнап келе жатқан білікті ұстаз Айгүл Төреханқызы – бүгінгі ой-толғауымыздың басты кейіпкері.

Айгүл апайды қызметіне шын берілген жан деп айтуға негіз бар. Бұл сөзді Айгүл мұғалімнің 20 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан аудан орталығындағы білімнің қара шаңырағы №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектептің түлегі ретінде айта аламыз. Ұстаздың тәлімін, тәрбиесін алып өстік.

Ең алдымен Айгүл Жаңабергенованың адами қасиеттері оқушының бойында, ойында өмірлік сабақ қалыптастырады. Шынайы, адал, үлкеннің де, кішінің де тілін таба білетін нағыз педагогке тән қасиеттерге ие. Бұл тұста біз апайды мақтап, сөзді көбейтуді мақсат етпейміз. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дейді халық даналығы. Сол айтпақшы, талай жыл тәлім мен тәрбие беріп, қаншама шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаз жайлы қалам тербемеуге болмайды.

Ұстаздың және бір қасиеті – турашылдық. Бұл қазіргі кезде екінің бірінің бойынан табыла бермейтін қасиет, сірә. Мектепте қандай іс-шара болса, Айгүл апай басы-қасынан, ұйымдастырушылар қатарынан табылады. Қандай білім сайысы болса, Айгүл апайдың дайындаған оқушылары жеңістің тұғырына қарсыластарына дес бермей жететін. Бұл әлі күнге солай.

Айгүл апай қаншалықты тік, турашыл болса, соншалықты жүрегі нәзік, көңілі баладай. Тек өзінің оқушылары емес, бүкіл мектеп оқушыларын ойлап, жаны ашып жүретін қасиеті және бар. Үлкенмен үлкенше кеңессе, баламен баладай тіл табыса алады. Бұл – педагог бойынан табылуы қажет ең маңызды қасиет болса керек.

Айгүл апай – айдынды Арал өлкесінің қызы. Арал ауданындағы Қарақұм кеңшарында дүниеге келген. Балалық шағы осы өңірде өтіп, кейін арман қуып, білім іздеп Қызылорда қаласында Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түскен. Небір азулы ұстаз, білікті мамандарды тәрбиелеп шығарған білім ордасында білім алып, ұстаздықтың қыр-сырын меңгерген. "Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы" деген, Айгүл апай өзінің білім һәм өмір жолында тәлім берген ұстаздарын ұмытқан емес. Бүгінгі келбетінің қалыптасып, өмірден өз орнын табуға үлескер болған өмірлік ұстаздарына әркез ризашылығын білдіріп отырады.

Бүгінде жоғары санатты мұғалім Тереңөзек кентіндегі №210 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Негізгі мамандығы – тарихшы. Тарих демекші, Айгүл Төреханқызының дәрісін тыңдаған адамның бойында ерекше патриоттық сезім орнайтын еді. Сөзімізді ұстаздың әр жылдардағы шәкірттері де қуаттай түседі.

– Айгүл Жаңабергенова менің әрі ұстазым, әрі сынып жетекшім болды. Ол кісі тарих пәнінен сабақ беретін. Айгүл апай сабаққа кіргенде сыныпта ұйықтап, ойы далада отыратын бала қалмаушы еді. Апайдың жарқын-жарқын даусы оқушы біткенді селт еткізіп, ойын сабаққа бұрып қоятын. Одан бұрын апай тақырыпты түсіндіргенде миыңды ашып, білімді құйып жібергендей әсер ететін. 11 сыныпқа келгенде барлық түлектің бір-ақ мақсаты болады ғой өзі. "Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, жоғарғы оқу орнына түсу" деген. Міне, біз де сол арманмен 11 сыныпқа көшкенде Айгүл апай тарих пәнінен дайындады. "Дым білмеді" деп келген оқушының өзі бір жылдың ішінде тарихқа сонша қызығып, жоғары ұпайға қол жеткізіп жататын. Мысалы біз мектеп бітірген жылы ҰБТ-да бірде-бір бала төрттік баға алмай, барлығы жоғары ұпай жинаған болатын. Ең бастысы ұстаз баланың жанын түсініп, оның қызығушылығын оятып, өзіне елітіп әкете алатын. Мектеп бітіргенімізге бірнеше жыл өтті. Қазір өзіміз де ұстаздық жолды таңдап, мұғалім атандық. Осы жолда Айгүл Жаңабергенова апайымыздан алған үлгі-тәрбиеміз әлі күнге азық болып келеді, – деп пікір білдірді бізге мектеп түлегі А.Мұқанова.

Айгүл Төреханқызы отыз жылдан астамуақытын ұстаздық қызметке арнап келеді. Жоғары санатты педагог зерттеуші, тарих пәнінің мұғалімі шығармашылық пен жаңа заман талабына сай жұмысты қатар, жүйелі ұйымдастырып келеді. Ұлағатты ұстаздың ұзақ жылдан бергі елеулі еңбегі, ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі өлшеусіз қызметі лайықты құрмет алып келеді. Атап айтар болсақ, бұған дейін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, НЗМ директорының арнайы алғыс хатымен, сондай-ақ "Аманат" партиясы облыстық филиалының төрағасының, іргелі жоғарғы оқу ордаларының ректорларының дипломымен марапатталған. 2019, 2023 жылдары "Үздік оқу ісі жөніндегі орынбасар" байқауының жүлдегері атанған. "Сырдария ауданының 90 жылдығы" мерекелік медалі кеудесінде жарқырайды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының "Алғыс хаттары" ұстаздың бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерінің бір парасы.

– Ұстаздық – ұлы жол деп жатамыз. Себебі ұстаз бір ғана буынды емес, тұтас ұлтты тәрбиелейді. Мен кішкентай кезімде құқық қорғау саласына қатты қызығатынмын. Бірақ есейе келе мұғалімдік жолға қызығушылығым басым болды. Солай бала күнгі армандарымды қорытып, тарих, құқық пәндері бойынша мұғалімдік саланы таңдадым. Үлкендердің айтуынша, бала күнімде желмен аспанға ұшқан қағаздарды отқа жаққызбай, аула ішіне қапқа салып жинатқызып қояды екенмін. Жинаулы тұрған қағаздан біреу бір парағын алып, отқа жақса, қиғылық салады екем. Қызылдың қиясындағы шалғай ауылда мұғалім болған марқұм Боран ағай "бұл бала ғалым болады" деп болжапты. Қазір, міне, ғалым болмасам да, білім саласында елеулі еңбек етіп, ғалымдарды тәрбиелеп келемін. Бұл балалық арманның ақиқатқа айналуы болса керек.

Бүгінгі күні ғана емес, бұрнағыдан ұстазға артылар жүк жеңіл емес. Қазіргі күннің талабы тіпті күшті. Өмір өзендей ағып жатыр. Осы салада жүргеніме отыз жылдан асқан екен. Қаншабір буын, қанша оқушы түлеп ұшты. Мақсатымыз – ел ертеңіне айналар шәкіртке тәлімді тәрбие бере алу. Қазіргі таңда үлкен қызметке араласып, өмірден өз орнын тапқан шәкірттеріміз жетерлік. Мұғалім алдынан өткен оқушыны ешқашан ұмытпайды, әркез тілекші болып отырады. Ұстаз үшін өзі тәрбиелеген шәкіртінің жетістігін көруден асқан бақыт жоқ, – деді ұлағатты ұстаз бізбен әңгімесін қорытындылап.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
07 маусым 2024 ж. 134 0