Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі
Әдеп жөніндегі уәкілдер институтын нығайту, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің артуына, мемлекеттік қызметте өзара қатынастар мәдениетінің қалыптасуына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жеке қызметтік әдеп нормаларын бұзуының алдын алуға мүмкіндік береді. Қазіргі күні Сырдария ауданында 122 мемлекеттік қызметші мемлекеттік міндеттерді атқаруда. Олардың мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама және қызметтік әдеп нормалары талаптарының сақтауына ықпал ету шаралары әдеп жөніндегі уәкілдің құзыретіне кіреді.
Жалпы, Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қадағалайтын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі талаптары бұзылуының алдын алуды назарда ұстайтын, өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес беретін мемлекеттік қызметші.
Ал, мақсатына келсек, уәкіл өз құзыретінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды, қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторинг арқылы бақылауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, оң бейнесін қалыптастыруға өз үлесін қосады, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама және қызметтік әдеп нормалары талаптарын бұзу профилактикасын қамтамасыз етіп, азаматтарға кеңес бере алады.
Бүгінде мемлекеттік қызметке келіп жатқандардың көбі – жастар. Сондықтан жас буын арасында да осы ережені кеңінен насихаттау – біздің міндетіміз. Оған қоса қазір – ақпараттық технологияның дамыған заманы. Барлық адам әлеуметтік желіні жақсы пайдаланады. Әйткенмен, соның ішінде мемлекеттік қызметшілерге осындай сан алуан желіні қолдану тұрғысында қатаң тәртіп қойылған. Оның өзі – қызметшінің оң имиджіне нұқсан келмес үшін қадағалануы тиіс.
Жұмыс жоспары аясында өткен жылы ауданға қарасты барлық бөлімдердің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлықты алдын алуға, оны болдырмауға байланысты жиындар өтті. Жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқаратын барлық мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен семинар-кеңестер өткізілді. Шара барысында Әдеп кодексінен туындайтын талаптар кеңінен түсіндірілді. Ал, биылғы жылдан бастап бірнеше кездесулер ұйымдастырылды. Алдағы уақытта осы бағыт бойынша түрлі жобалар жүзеге асырылмақ. Демек, жұмыс жалғасын таба бермек.
Жалпы айтқанда, қызметкерлер мен азаматтар әдеп жөніндегі өкілетті уәкілге кеңес алу, проблемалық жағдайларды реттеу, әріптестерімен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру үшін жүгіне алады.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, әдеп жөніндегі уәкіл ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келеді. Мәселен, АҚШ-та 1978 жылдан бері мемлекеттік органдардағы қызметтік әдеп басқармасы (The Office of Government Ethics) жұмыс істейді. Біздің елде де қолға алынған аталмыш жүйе халыққа қызмет етіп отырған әр қызметшінің оң бейнесін айқындайтын жарқын бағыттың бірі болмақ.
Р.ШАЙХИЕВ,
Сырдария ауданы әкімі аппаратының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкіл