Қызылордада Антикор еріктілері жол жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізді
Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлері Қызылжарма кентінің Ы.Жахаев, Қ.Сексенбаев көшелеріне жүргізілген мониторинг барысында кемшіліктерді анықтады.
Мониторинг барысында, жарты жыл бұрын жөнделген Қызылжарма кенті бойынша аталған екі көшенің жол сапасы нашар және ойылған шұңқырлардың пайда болғаны белгілі болды.
Мәселені зерделеу кезінде, 2023 жылы аталған екі көшенің жол жөндеу құрылыстарына бюджеттен 33,2 млн теңге бөлінгені анықталды (Ы.Жахаев көшесі 10 906,7 мың тг, Қ.Сексенбаев көшесі 22 297,6 мың тг).
Волонтерлердің бастамасы бойынша Департамент тиісті ұсынымдар енгізді, нәтижесінде Қызылжарма кенті Ы.Жахаев көшесінің жөндеу жұмыстары аяқталып, жол құрылысының сапасы талаптарға сай орындалды.
Сонымен қатар, аталған кенттің Қ.Сексенбаев көшесіне төселген асфальт қабатының бұзылған 300 метрге жуық аумағы қайта алынып, жаңадан асфальт қабатын төсеуге әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.