Орамал хақындағы ой
Ақжаулығын сәл босатып төсегіне енді ғана жәйланған қарт анаға: «Әже, орамалыңызды шешіп жатсаңызшы. Басыңыз демалсын» депті немерелері. Сонда әлгі әжеміз: «Балдарым-ау, ақ самайымды адамға көрсету былай тұрсын, періштенің көруінен де ұяламын» деген екен. Тектілік – деген осы.
Орамал – жүректегі иман, тақуалықтың көрінісі, әйел бойындағы ар-ұяттың бейнесі. Орамал – әйел баласына берген Алланың ұлы нығметі.
Ойлап қарасақ, иманды қыз баланың басындағы жаулығымен алысқанша, етек жеңін қымтай алмай, қолында сырасы, аузында темекісі, ә десе, мә деп, ақ ит кіріп, көк ит шығып, көше бойында жаға ұстасып жатқан қыздардың тәлім-тәрбиесімен неге айналыспаймыз? Қыз – болашақ ана. «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Қыз балаға қатысты ерте жүктілік, зинақорлық, нашақорлық, бұзақылық, арсыздық істер қоғамда жетіп артылады. Оның жанында Еуропаға еліктейміз деп, ананың өзі ақжаулықтан тіпті алыстады. Бұл да ұлт үшін үлкен қасірет.
Орамал тақпайтын келіннен қазір өзің ұяласың. Қасиетті Құран оқылған жерде бір жапырақ орамал таппай, салфетканы басқа қоя салу да «жаңа дәстүрге» айналып барады. Бұл да бізді ойландыру керек. Сол үшін апалар әлгі әжеміз секілді самай шашын бөгдеге көрсетпей, орамалын басынан түсірмей жүрсе, тегіңді сақтайтын келін де ақ жаулығын тастамас еді. Демек, аманат болған қыз баланы иманды, ибалы, білімді етіп тәрбиелесем деген әрбір ата-ана Құран әміріне бағынып, оны орындауға итағат етеді. Айтпақшы, орамал қараңғылықтың, надандықтың көрінісі емес. Мұны да жақсы білуіміз керек.
Ислам діні білімді болуға қарсы тұрмайды. Исламда қырық парыз болған болса, соның бірі – білім алу парызы. Балиғат жасына толған қыз балаға орамал қалай парыз болған болса, әрбір ерге де, қыз баласына да білім алу сондай парыз. Біздің қоғамда дәл қазір дін десе төбе шашы тікірейіп, орамал десе, ауғанды елестету тенденциясы пайда болды. Бұл Ислам дінінің кінәсі емес. Елдің рухани қара шаңырағы – Діни басқарма, оның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы руханият саласында атқарылуы керек бес бағыт бекіткен болса, соның ең алғашқысы – «Дін мен дәстүр бағыты» деп шегелеп бекітті. Демек, дін мен дәстүрді ұштастырып жүрген мұсылман қауым, ешкімге еліктемейді, ауған да болмайды.
Ал енді Діни басқарманың мүддесіне қайшы жұмыс жасап жатқан, дәстүрімізге еш пысқырмайтын уахаби-салафилік ағымының әрекеті, яғни шолақ балақ, қара жамылу секілді жағдайлар бүгінгі күні қазақ халқын өз дінінен бездірердей жағдайға жеткізді. Бұл ағымға көрші Өзбекстан әлдеқашан тыйым салып, елдігін ерте бастан ойлады. Сондықтан орамалға қатысты дау-дамай тоқтау үшін, ең алдымен дінімізді қазақы нақышта, дәстүр аясында ұстап қалу үшін, қауіпті діни ағымның бәріне мемлекет саналы түрде тыйым салуы керек. Мұны имамдар да, қоғам белсенділері де, зиялы қауым өкілдері де айтуда. Олай болмайынша, осы талас-тартыс жалғаса береді. Жалғаса береді…
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
дінтанушы
дінтанушы