Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМДІ ҰЛТ – БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ САПАСЫ

БІЛІМДІ ҰЛТ – БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ САПАСЫ

15 мамыр күні жалпыұлттық ата-аналар жиналысы бір мезгілде республикамыздың барлық өңірлеріндегі мектептерде өтті. Халықаралық отбасылар күніне орай ұйымдастырылған жиын мелекеттік білім беру саясатының бағыттары, орта білім беру жүйесінің жетістіктері туралы ата-аналарды хабардар ету және мектепті басқаруда педагогтар мен ата-аналардың күш-жігерлерін біріктіруді мақсат етті. Жалпы «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру шеңберінде өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров ашып жүргізді.
Күн тәртібіне ұсынылған мәселелер бойынша «Мектеп оқушыларын тәрбие­леудің негізі ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру», «Оқу жылының қорытындылары, оқушылардың білім сапасы», «11 сынып оқушыларын аттестаттау және оқу жылының қорытындылары», «Оқу процесін цифр­ландыру», «Мектептің қамқоршылық кеңестерінің қызметі және отбасы мен мектептің өзара іс-кимылын күшейту» тақырыптары бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сүюбаева, №129 орта мектептің директоры Ж.Назаров, білім бөлімінің әдіскері А.Әбдірасилова, №36 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Тұрлыбекова хабарлама жасады.

Баланың ертеңгі күніне жауапты ата-анасы болса, білім мен тәрбие беретін мұғалім жауапкершілігі де жоғары. Отбасында өсіп, ата-ана ісін жалғайтын ұрпақтың саналы болуы үш одаққа бала – ата-ана – мектепке байланысты. Бұл бір-бірінен бөлінбейтін одақтас, тәрбиенің алып күші.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша үш базалық жоба «Өлкетану», «Отаным-тағдырым», «Саналы азамат» жүзеге асқан. Әрбір жоба жастардың бойына патроиоттық сезім, туған елге деген сүйіспеншілік қалыптастыруға бағытталған. Былтырғы оқу жылынан бастап жаңа форматта ҰБТ тапсыратын мектеп түлектерінің ата-аналары оның өтілу барысындағы өзгерістермен танысты. Биыл мектеп бітірушілер 29 мамыр мен 9 маусым аралығында мектеп базасында қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. 15 маусымға дейін бітірушілерге орта білім туралы аттес­тат беріліп, ЖОО-на түсуге талапкерлер 20 маусым мен 1 шілде аралығында Қызылорда қаласындағы «Мұрагер» тестілеу орталығында ҰБТ сынағына қатысады.
– Биылғы жылы ҰБТ тапсырмалары 50 пайызға жаңаланды. Таңдау пәндеріндегі өзгеріс былтыр таңдау пәндері қазақ тілі мен дүниежүзі тарихы болса, биыл қазақ тілі мен әдебиеті болып өзгертілді. Тестілеу 3 міндетті Қазақстан тарихы – 20 тапсырма, математикалық сауаттылық – 20 тапсырма, оқу сауаттылығы – 20 тапсырма және таңдаған мамандығы бойынша бейінді 2 пән – 30 тапсырмадан тұрады,– деді бөлім басшысы Б.Сүюбаева. Өткен оқу жылында ҰБТ-ге 322 бітірушінің 196-ы қатысса, биыл мектеп бітіретін 339 оқушының 217-і қатысады деп күтілуде. Былтыр қатысу пайызы 60,8 пайыз болса, биыл оның үлесі 64 пайыз. Айта кету керек, өткен жылы грант бойынша аудан облыста соңғы орыннан 1-ші орынға шықты. Биылғы жылы да осындай мақсатты алдына қойған білім саласында жан-жақты дайындық жұмыстары тыңғылықты жүргізілуде.
Оқу тәрбиелік процесті цифрландыру – заман талабы. Қай саланы алсаңыз да барлығында цифрландырудың бағдар­ламалары жүргізілуде. Білім саласындағы «Цифрлық Қазақстан» аудандағы 10 мектепте «Күнделік» электрондық мектеп журналының жүйесін енгізумен басталды. Былтыр басталған бастамаға биыл қалған 7 мектеп қосылды. «Күнделік» жобасы, әсіресе, ата-ана үшін тиімділігі зор екенін дәлелдеген. Сонымен қатар, «Bilimland» білім беру ресурсы жұмыс жасайды. Бұл цифрлы білім беру контентімен мұғалімдерге интерактивті сабақтар, ҰБТ дайындалуға арналған виртуальды жабдықтырғыш, танымдық бейнесабақтар көріп, пайдалануға мүмкін­дік береді. Осы бағдарлама аясында аудан тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында білім беру мекемелерінде компьютерлік сауаттылық курстары ұйымдастырылу жоспарланған.
Отбасы мен мектептердің өзара іс-қимылын күшейту үшін қамқоршылық кеңестің маңызы зор. Мектептердегі қам­қоршылық кеңестердің қызметі туралы егжей-тегжей баяндаған №129 мектеп директоры Ж.Назаров өз сөзінде: – Мектеп қоғамның талаптарына бүгінгі күні жауап беруі үшін, оған қоғаммен диалог құрып, шынайы ашық жүйе болуы қажет. Білімді басқарудың мемлекеттік-қоғамдық жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде, Қамқор­шылық кеңес мектеп пен қоғамның арасын­дағы қарым-қатынастың құралы болуы қажет,-деді.
Қамқоршылық кеңес жұмыстарының негізгі бағыттарының қатарында білім беру ұйымының Қамқоршылық кеңе­сінің алдында есебін тыңдау мектеп қызметіндегі кемшіліктерді жоюға бағыт береді. Атқаратын қызметі де ауқымды кеңес мектеп пен қоғам арасындағы көпір. Мектеп қызметінің тиімділігін арттыратын кеңес жұмысы қоғамның мүддесін қорғайды. Отбасы құндылықтарын насихаттау және отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту отбасылық дәстүрде жатыр. Отбасы – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бас­тауы. Бала өз үйінде салт дәстүрді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді бойына сіңіреді. Егер бала отбасының үлкен құндылық екенін біліп, ата-ана алдындағы парызын өтеуге бейімделсе, өсе келе бұл Отан алдындағы борышымен, азаматтық парызына ұласады. Сондықтан әр ата-ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мүмкіндік жасағаны абзал.
Жалпыұлттық ата-аналар жиналысы­ның да түйіндегі, айтпақ ойы да осы болды. Жиын соңында өскелең ұрпаққа рухани және адамгершілік тәрбие берудегі еңбектері үшін, балалары республикалық, облыстық сайыстарда жүлделі орындарға ие болған, үлгілі бір топ ата-аналар аудандық білім бөлімі басшысының «Алғыс хатымен» марапатталды.

Б.ЖАНӘЛІ,
А.ҚАЛИЕВА
22 мамыр 2018 ж. 1 986 0