Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс халқының 85 пайызы мәмс жүйесіне сақтандырылған

Облыс халқының 85 пайызы мәмс жүйесіне сақтандырылған

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін іске асырудағы өзекті мәселелердің бірі – халықты жүйелі түрде сақтандыру болып табылады. Бүгінде Қызылорда облысында аталған жүйеде сақтандырылған азаматтар саны – 695 мыңнан асады. Тиісінше, бұл жалпы халықтың 85 пайызын құрап отыр.

Ал, сақтандырылмаған азаматтардың жалпы үлесі 15 пайыз. Дегенмен, нәтижелі атқарылған жұмыстардың арқасында Мәмс жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар саны айтарлықтай төмендеп келеді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов хабарлады.

-Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда Мәмс жүйесіне азаматтарды сақтандыру шаралары қарқынды жүруде. Жыл сайын медициналық сақтандыру қаражаты есебінен тұрғындарға кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология және хирургия бойынша оталар тегін жасалуда. Мәселен, былтыр біздің аймақта 55 кардиохирургиялық, 36 нейрохирургиялық, 18 урологиялық және 6 травмотологиялық оталар жасалды. Бұдан бөлек, Мәмс жүйесіндегі басым бағыттардың бірі – оңалту қызметтері де халыққа тұрғылықты қызмет көрсетуде. Жыл сайын оңалту қызметтерін алу мүмкіндігі жақсарып, медициналық құрылғылардың да, емдеу әдістерінің де саны артып келеді. Оңалту қызметтерін көрсету үшін былтыр 40 медициналық ұйыммен келісім шарттар жасалды. Сонымен қатар, стоматологиялық көмек көрсету қызметтері де сәтті жүзеге асырылуда. Былтырдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық қызмет көрсету үшін арнайы клиникалармен тікелей келісімшарттар жасай бастады. Бұрын бұл келісімдер емханалар арқылы жасалған еді. Соның арқасында биыл 61 медициналық ұйым стоматологиялық қызмет көрсетеді. Оның ішінде 10 – мемлекеттік, 51 - жекеменшік медициналық ұйым. Осылайша емделушілер тікелей стоматологиялық клиникаларға жолдамасыз жүгіне алады, тек әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарты болуын нақтылау қажет, - деді Бақыт Торғайбайұлы.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
11 сәуір 2024 ж. 143 0