Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Азамат болған ағайындылар

Азамат болған ағайындылар

Жанна Абетова – Тереңөзек кентінің жаңа қоныстану аймағынан жақында баспаналы болған ана. Ол бізді қоныс тойына шақырып, шаңырағының шаттыққа кенелгеніне куә болғанымызды қалап, қуанышымен бөліскен еді. Сонда екі ұлының еңбексүйгіштігі жөнінде әңгімелегенде ананың ақ пейілінен туындаған пікірді қойын дәптерімізге түртіп алғанбыз. Бүгін сол туралы жазудың сәті түсті.

Жанна Абетованың айтуынша, Жігер мен Асылжан есімді екі ұлы былтыр кенттен ашылған қосымша жерге картоп, қауын, асқабақ егіпті. Былтыр екеуі де оқушы болса, қазіргі таңда Жігер – Сырдария агро-техникалық колледжінің студенті. Ал Асылжан №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің 7-ші сынып оқушысы. Ағайын­ды қос жігіт жұмысқа жарап, үйлеріне қыстық азық қамдап алғанына мәз. Анасы да ұлдарының талабына сүйсініп, шүкіршілік етуде.

– Балаларымның өскенін былтыр байқадым. Екеуі сабақтан тыс уақытта егін егуге атсалысты. Жанашыр ағаларымен бірге картоп екті. Бізге тұқымдық картопты сол кездегі аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков берді. Қазір ол Айдарлыға әкім болып ауысып кетті. Жақсының жақсылығын ұмытпаймыз, – дейді Жанна Абетова.

Оқушы балалар былтыр үш қап картоп алыпты. Олар картоптың жақсы шыққанын айтады, тек соңғы жағында су көп беріліп, жер қатып қалыпты. Бұл да тәжірибе жинақтау үшін үлкен сабақ болған. «Біз бас­тысы картоптың қалай егілетінін үйреніп алдық. Былтыр үйренсек, биыл өзіміз-ақ егеміз. Бізге жол көрсеткен, жанашыр болған ағаларға рақмет. Биыл да бақша, көкөніс өнімдерін әкеліп, анамызды қуантамыз» дейді Жігер Жеңісбекұлы бізбен әңгімесінде. Жігердің сөзін інісі Асылжан жалғастырды. Ол егін егу үшін ерте оянуға бейімделгенін айтып, ағасына биыл да көмектесетінін жеткізді.

– Біздің отбасымыз балаларымның еңбегімен келген үш қап картоп пен 20 асқабақты қыстай тұтынды. Дәмі тіл үйірер қауынды да жедік. Ең қуаныштысы, балаларым егін егуді үйренді. Балаларымды еңбекке баулыған азаматтарға айтар алғысым шексіз. Қос ұлымның жұмысқа жарап, еңбек етуге ынта танытқаны ана ретінде мені қуанышқа бөлейді. Тіл-көзден аман болсын, құлыншақтарым, – дейді Жанна Абетова.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
05 наурыз 2024 ж. 242 0