Достықтан махаббат туса не болады?
Бұл екеуі 1988 жылы 15 шілде күні ЖОО-ны бітіру кешінде ең алғаш рет танысқан. Бұл екеуі – университет қабырғасында жүріп, бір-бірін сырттай ғана білетін Эмма мен Декстер.
Осы күннен бастап екеуі жұптары ажырамас... ғашықтар емес, достар атанады. Декстер – танымалдылықты жаны сүйетін жұлдыз. Бұл үшін жанын салады. Кішкентайынан сондай болатын. Теледидар экранынан түспейтін, шулы шоулардың шаңын шығаратын да осы Декстер. Ал Эмма – тыныштық сүйетін даралық. Әдебиет пен классиканы сүйеді. Декстермен танысып, дос болып кетемін деген ой оның түсіне үш емес, одан көп ұйықтаса да енбеген болар.
15 шілдеден бастап екеуі жыл сайын осы күні кездесіп не хабар аласып тұратын болып келісті. Бірақ олардың арасында достықтан бірнеше саты жоғары тұратын бір сезімнің бары сезілуші еді. Дегенмен, жұлдыздықты жақсы көретін жігіт өз жолымен кетті, Эмма да үнсіз қала барды. Екі адамның соқпағы бір жолға түспеді. Жігіт саяхатты да сүйетін. Бірде Үндістанға сапар шегіп, Эммаға хат жолдаған, хатында шынайы достық сезім өрілген: «Эмма. Сен мына сұлулықты көруің керек. Қос сұлулық кездессе, бір керемет орнайтын шығар, сен дәл қазір менің жанымда болуың керек еді» делінген. Оқып отырып бір күрсінді де қойды.
Әр жыл сайын 15 шілдеде кездесіп, сағыныштарын жеткізетін. Бірге саяхатқа шығып, талай қызықты бастан кешіретін. Бір кездесуде Декстер үйленетінін айтып, Эмманы қуантты. Әрине, бұл шын қуаныш емес еді...
Эмма да өз қуанышын табуға тырысты. Уақыт ғашық қыздың үмітін сүйреп өтіп жатты. Араға 20 жыл салып, екеуі бір-бірін табады. Анығында жұлдыз Декстердің көзі ашылды. «Бақытты алыстан іздеп жүрсем, көз алдымда жүр екен ғой» деп үйлену тойында сөз сөйледі.
Достықтан махаббатқа ұласқан ұлы сезім әрқашан да тәтті болады. Мөлдір махаббат иелері 20 жыл ішінде көп қиындық көрді, сол уақытта бір-біріне демеу бола білген достар ғашықтарға айналғанда бір-бірін көзбен түсінісетін.
Бұл Дэвид Николстың әлемдік бестселлерге айналған «Бір күн» («Один день») романы туралы болатын. Романнан гөрі новелла-роман деген абзалырақ. Тосын шешімге ие болатын бұл шығарма желісімен фильм де түсірілді. Өзіңіз оқып, бағасын беріңіз.