Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолыңыз жүріп өткен жарқын нұсқа

Жолыңыз жүріп өткен жарқын нұсқа

Тұғырын төмендетпей
төр жақтың да,
Қамын жеп қабырғалы ел жақтың да.
Өрілген өнегемен өміріңіз,
Біз үшін үлгісіз сіз, бекзат тұлға.

Ұлы істі ұлықтауды ұмытпайтын,
Ақылмен саф алтынды сұрыптайтын.
Тұлғаның бір сипаты – тектілікте,
Тұлғасыз, үлкен-кіші ұлықтайтын!

Ғұмырдың қызығарлық мәні қандай,
Мәнді іске тағдырыңыз жарығандай.
Тұлғаның бір сипаты – кең пейілде,
Түнқозы бабаңыздан дарығандай.

Біледі ел пенде емессіз тасып-толған,
Келесіз мейірімді шашып қолдан.
Тұлғаның бір сипаты – әділдікте,
Әкеңіз Битілеуден нәсіп болған.

Жігітке мысал бар ма жолдан өзге,
Жолыңыз тағылымды толған іске.
Тұлғаның бір сипаты – адалдықта,
Анаңыз Злихадан қонған сізге.

Бойласам тегіңізге ағыс кернер,
Біліммен жақындатар алысты елдер.
Қажет-ау, әр өңірге өзіңіздей,
Сөзі нық, ісі бекем намысты ерлер!

Салмақ бар ісіңізде, сөзіңізде,
Нұр толған мейірімді көзіңізге.
Беделдің биігінен қол бұлғайсыз,
Қызыға қарайды жұрт өзіңізге.

Жөн сілтеп,
жәрдем беріп жақындарға,
Шапқан жөн жүйрік атпен
тақым барда.
Рухтасы рухы асқақ тұлғалардың,
Жанашыр жансыз Аға, ақындарға!

Алау от сіз тұтатқан жағылды өрге,
Тілектес жұртшылық та
табылды ерге.
Біледі аудан халқы сіз арқылы,
Балашбек ақынымыз танылды елге.

Ақынды насихаттап, дәріптеген,
Ісіңіз үндеседі уақытпенен.
Айтады үлкен-кіші мақтанышпен,
Жерлеспіз деген сөзді Әріппенен!

Бақыттың бұдан асқан керегі не,
Үн қостым көпшіліктің тілегіне.
Баянды болсын, аға, бақытыңыз,
Тұлғасыз тұғыры нық Сыр елінде!

Ашық боп азат елде аспанымыз,
Жазылар тарих жайлы дастанымыз.
Сырдария құлаш сермеп биіктерге,
Ауданды абыроймен басқардыңыз.

Соңынан ілесетін құты бірге,
Үлгі көп айтатұғын ұтымды ерде.
Талантқа дем беріп сіз, таныттыңыз,
Жәркеннің мүсіндерін мұқым елге.

Жүйрікті жетелеген талпынысқа,
Жолыңыз жүріп өткен жарқын нұсқа.
Біледі ел еңбегіңіз бар екенін,
Хоккейден Сырдарияның аты шықса.

Өмірдің өте шығар белесінде,
Көтерді халық сізді төбесіне.
Ел үшін еңбек етіп, тер төктіңіз,
Бәрі де ұмытылмас ел есінде.

Арқалап өзіңізге мың алғысты,
Өлеңім жүрегімнен жырақ ұшты.
Лайым, жүз жасаңыз, мың жасаңыз,
Мерейтой құтты болсын, қуанышты!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
ақын,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
06 ақпан 2024 ж. 110 0