Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық аулап, несібесін арттырған

Балық аулап, несібесін арттырған

Сазан ұстап, қылтанақ санаған кәнігі балықшы біткен қысы-жазы сүйікті кәсібінен алыстамайды. Тірлігі суменен байланысқан балықты аулайтын жандар әрбір ауылда кездеседі. Ауыл өмірімен біте қайнасқан ағайынның арасында қармағын сайлаған қаншама адам өзен-көл жағалап жүретіні анық. Соның бірі – шіркейлілік Мейірбек Әзқожаев. Ол – сан түрлі әдіс-тәсілмен балық аулауды жетік меңгерген.

Негізінен, балықшы бағына қарай олжалы болатыны жасырын емес. Ойын баласы кезінен балық аулауға құлшынысы оянған Мейірбек Серікбайұлы кез келген балықтың тұрпатын көз жазбай таниды. Үнемі жазда суда, қыста мұз үстінде ойнақтайтын балықшы бір уақыт та байыз таппайды. Себебі үйреншікті кәсібінен жырақтамайтын оның қолы берекелі. Арнайы мемлекеттік мекеменің балық аулауға рұқсат етілген аумағынан несібесін арттырған қырықтың қырқасына шыққан азамат бұрыннан жанына серік етіп келе жатқан кәсібі хақында айтып берген болатын.

– Балықшылық кәсіпті меңгерген адам табиғатта сейіл құрып, бұйыртқан несібесін табуға тырысады. Біз аптасына 2 рет құрал-сайманымызды сайлап, судағы тіршілік иесін аулауға шығатынымыз бар. Әрине, заң бәрімізге ортақ. Жыл көлемінде балықты қорғау маманының ескертуіне құлақ асып, қатаң ережені сақтауға тырысамыз. Аязды күні мұз үстінде жүріп балық аулағанның қауіптілігі жоғары. Дегенмен, қармақ немесе аумен балыққа барудың өзіндік қызықты сәті көп. Қаншама рет суға түсіп, олжамыздан қағылмаудың амалын жасаймыз. Кейде үйімізден бірнеше күн жырақтаған сәтте табиғаттың тосын мінезіне тап болмасақ деген тілек қыламыз. Соңғы 20 жылда балықтың түр-түсін танып, әрбірінің өзіндік қасиетіне қанығып келеміз, – дейді Мәкең.

Көбіне, сазан, амур, лақа, дөңмаңдай, жылан балық секілді өзен-көлдің тіршілік иесін аулайтын балықшы еш уақытта енжарлық танытпайды. Осыдан 7 жыл бұрын бойы 3 метр­ге жуықтайтын, салмағы 150 келіге тартатын жайын ұстаған Мейірбек достарымен бірге ауылдастарын тәнті еткен. Сол кезде оның жерлесі, ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымов батыл, жүректі балықшыларға арнап жыр жолдарын арнаған еді. Ең алғаш әкесінің туған ағасы Алтынбек Қоразовпен дария жағалап, таң атырған Мейірбек Серікбайұлы «Балық аулай алмаған суды лайлар» деген ұстанымнан таймайды.

– «Қазанның ауызы жоғары» деген тәмсіл балықшылар арасында кеңінен таралған. Шын мәнінде, балық аулау барысында ұстанатын өзіндік қағида бар. Мемлекеттік органның талабы бойынша балық ұстауға тыйым салынған құрал-сайман пайдаланбаймыз. Сонымен қатар өзен-көлдегі балықты электр тоғын жіберу арқылы ауламаймыз. Әрине, қармақ, жіптен тоқылған ау жанымыздан табылады. Жаз мезгілінде балық түріне, салмағына байланысты арнайы рұқсат қағаз сатып аламыз. Көл иесімен ортақ келісімге келіп, күнделікті сүйікті ісімізбен айналысамыз. Әр кезеңнің барынша ауыртпалығына қарамастан кәсібімізді кеңейткіміз келеді. Қыстың күні балта мен сүймен деп аталатын құралдың бізге көмегі зор. Балықшылар жақсы біледі, балық құруға арналған теледидар да олжалы болуға септігін тигізеді. Өз кезегінде аудан аумағында орналасқан мемлекет қарауындағы орынның айналасынан балық ұстауға рұқсат етілмеген. Сондықтан заңға мұқият қараймыз, – дейді кәнігі балықшы.

Балақтан су кешіп, күн сайын еңбек еткен ауыл адамына қай кезде де құрмет ерекше. Ең алдымен, ежелгі кәсібіне адалдық танытқан Мейірбек секілді жандар судағы тіршілік иесін көбейту жолына аса мән береді. Сыр өңірінде кездесетін балық түрін көбейтудің өзіндік маңызы зор. Бұл ретте, табиғаттың алай-дүлей, жайма шуақ тосын сәттерін көзімен көрген балықшының несібесі арта берсін демекпіз.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
16 қаңтар 2024 ж. 303 0