Оң ба, сол ма?
Адамның ішкі әлемін зерттеген әйгілі философ Сократтың «менің бір білетін нәрсем бар – түк білмейтінім» деген. Сол секілді ғылым қанша игерілсе де, білім көбейген сайын білмейтініңнің көп екенін түсінесің. «Білгенім бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» дейді осындайда қазақ.
Иә, «адам көркі шүберек» демекші, киімнің сәнін келтіретін түймелердің дұрыс тігілуі де маңызды. Ер мен әйелдің арасындағы айырмашылық түйме қадау кезінде де ерекшеленеді. Мәселен, ер адамның киіміне неліктен түйме оң жаққа тігілетінін білесіз бе немесе әйел адамдардың түймесі неліктен сол жақта болатындығы жайында ойланып көрдіңіз бе? Бұл сауалдың жауабын ұзақ жылдан бері тігіншілікті кәсіпке айналдырған З.Тапатқызынан сұрап көрген едік.
«Көп адам бұған мән бере бермейді. Солай қалыптасқан соң, үйреншікті әдетпен деген ойдамын. Алайда осы қағиданың өзіндік сыры да бар. Бұл айырмашылық ХІІІ ғасырдан басталған. Сол замандағы байлар күтуші жалдап өмір сүрген. Үй шаруасын, тіпті киім-кешегін тігіп беретін адамдары да болған. Байқасаңыз әйелдерді күтушілер киіндірген. Күтушілер өз ыңғайына қарай түймені сол жаққа қадаған. Сол жаққа тігілген түймені оң қолымен түймелеу әлдеқайда ыңғайлы болған. Ал ер адамдар өздері киінетіндіктен олар үшін де оң қолымен түймені қадайтындықтан түйме оң жақта орналасқан. Бұл айырмашылықтың астарында айтарлықтай құпия да жоқ. Киім киюдің ыңғайында ғана» дейді кәсіби тігінші.
Жалпы ер мен әйел адамның киім киісінде және сән үлгісінде айырмашылық көп бола бермейді. Әсіресе қазіргі заманда шалбарланып жүретін әйелдер баршылық. Ал жейде мен футболка ең ыңғайлы киімдердің қатарында. Бұл жұмыс істеуге әрі жүріп-тұруға ыңғайлы. Әркімнің өз талғамына сай киінуі де заңдылық. Ал көйлектің сәні түймеде десек, қазіргі кезде киімге түймеден гөрі сырғыма салатындар немесе әшекей моншақтар тағып сәндейтін дизайнерлер де бар. Түйменің сан алуандығы сонша, оны да қымбат тастардан да жасап шығаратын шеберлер жеткілікті. Жалпы, киімге қадалатын түймеге қарап, әсіресе, жейдеге келгенде, оның ерлердікі немесе әйелдікі екенін ажыратуға болатынын біліп жүргеннің артықшылығы жоқ.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ