Сәнді киім үшін қыруар ақша жұмсау дұрыс па?
«Адам көркі – шүберек». Иә, расымен де қазір қай жерге барсақ та, киімімізге қарап бағалайтын заман болды. Әдемі, жарасымды киім кию қай кезде де ыңғайлы. «Киіміне қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады» демекші, қандай жиынға барсақ та бірден сыртқы келбетіңізге, киім киісіңізге қарайды.
Әдемі әрі үйлесімді киіну бұл да бір өнер. Қазір сән әлеміне жетіп үлгермейміз, күннен күнге неше түрлісі шығып жатады. Дүкен сөрелерінен өзіңіздің қалтаңызға қарай киімнің түр түрін таба аласыз. Әдемілікке, сәнге жаны құмар әйелдер қауымы осы бір сәнді киім үшін аз ақша жұмсамайды. Әр той, жиын сайын әдемі көйлек іздейтініміз өтірік емес. Оған қоса сол көйлегімізге сай алатын туфли, аксессуар, сөмке керек болады. Бір тойға киген көйлекті екінші бір тойға кигіміз келмей қалатыны да бар.
Заман талабы дейміз бе әлде бір-бірімізден асып түскіміз келе ме әйтеуір жаңа киім алғымыз кеп тұрады. Қазіргі кезде бренд киім кию трендке айналды. Әлеуметтік желіні ашып қалсақ осы бір брендтің түр түрін мақтанышпен салып жатады. Бренд деп аты айтып тұрғандай бағасы да қарапайым халыққа қол жетімді емес, өте қымбат. Шамамен 200 мыңнан бастап миллиондап әрі қарай кете береді. Оны тек қалталы адамдар ғана кимесе, барлығының қолы жете бермейді. Тіпті бағасы бір көліктің құнымен бірдей киімдер де бар екен. Ал егер де ақшаңыз жетпей жатқан жағдайда бірнеше айға бөліп төлеу қарастырылған.
Бренд тек киім ғана емес, әшекейлер, сөмкелер, аяқ-киім тағысын тағы түрлері көп, айта берсек. Бағасы қымбат демесеңіз, былай қарағанда киіп жүрген киімімізден түк те айырмашылығы жоқ сияқты. Тек бренд деген аты ғана болмаса, аса бір алып бара жатқан кереметтілігін көрмейміз. Ал осы дүние үшін миллиондар жұмсау дұрыс па, бұрыс па?
Біреулер үшін бұл түк емес болса, біреулер үшін бұл ақша қаншама ай, тіпті жылдар бойы еңбекпен келеді. Жай ғана шүберек үшін миллион жұмсау ақылға қонымсыз. Әдемі киінген дұрыс, бірақ осыншама акша жарату ысырап. Қымбат емес қолжетімді әрі әдемі киінуге де болады. Тағы бір айта кететіні дүкендерде жаздық немесе қыстық науқан кезінде өте көп жеңілдіктер болады. Осы уақытты пайдаланып жақсы үнемдеп, жеңілдікпен келесі маусымға әдемі әрі сәнді киім сатып алуға болады. Қазіргі таңда дүкенге бармай-ақ, үйде отырып онлайн тапсырыс бере аласыз. Әлеуметтік желілерде немесе сайттарды үзбей қарап отырсаңыз көптеген жеңілдіктер болып жатады, сол мезетте үлгеріп алсаңыз әлдеқайда тиімді әрі үнемдейсіз. Өзіңіздің қалаңыздан немесе басқа елді мекендерден қалаған киіміңізді ала аласыз. Бұл барлығы үшін өте тиімді. Бренд кию маңызды емес, бастысы өзіңізге қонымды, жарасымды, заман талабына сай болса болғаны. Ал тек бренд кием дейтін жандар үшін әрқашанда өз таңдауы, қалауы біледі.
Қасиетті дінімізде де ысырапшылдықты құптамайды. Құран Кәрімде «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер» делінген. Сол себепті де ысырап жасамау үшін үнемшіл болу қажет. Таза әрі жарасымды киім кию жөн әрине. Бірақ өзгелерге көрсету, мақтану мақсатында жөнді-жөнсіз ысырапшылдыққа бой алдыруға болмайды. Ондайдан сақтанғанымыз дұрыс. Ысырапшылдық Жаратушыға жағымды іс емес. «Біреу тоңып, біреу тойып секіреді» деген және бар. Артық қаражатымызды қымбат шүберекке жұмсағанша, қайырымдылыққа жаратқанымыз абзал.
А.ҚАЙРАТҚЫЗЫ