Тар киімде дерт көп
«Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқ-киімің тар болса» деген сөз әсіресе, күнұзақ тікеңнен жүріп, аяғыңнан аяқ киіміңді шешпегенде немесе жаңа туфли аяғыңды қажағанда есіңе түседі. Негізінен адамға қандайда бір жайсыздық тар нәрседен келеді. Мейлі ол аяқ киім немесе үстіңізге киген киім тар болса ол денеңізді қысып ыңғайсыздық туғызады.
Жалпы адамның талғамына сай тар немесе кең киім киюді әдетке айналдырғандар бар. Иә, әркім өзі біледі. Дегенмен сырт көзге тар киім оғаш боп көрінетінін сіз бен біз жақсы білеміз. Тым үлкен киім де адамның талғамсыздығын білдірсе керек.
Соңғы кезде сәнге айналған кең киімдерді (оверсайз) киіп алған жастарды көргенде әсіресе, үлкендер жағы риза болады. Бала кезімізде ата-анамыз біздерге киім-кешек әпергенде міндетті түрде сәл үлкен өлшемін алып беретін. Өмірі тозбайтын киімді бірінен соң бірі бар бала киіп ақыры өлшемі кішірейіп қалғанда тастайтынбыз. Аяқ киім де сондай. Мүмкін ол заманда таза былғарыдан тігілетін болуы керек, аяқ киімді де өлшемі сай келмейтін кезге дейін киіп немесе жазғы шлепкаға айналдырып барып қана тастайтынбыз. Қазір заман мүлдем басқа. Нарықты қаптаған қытайдың аяқ киімдері бір маусым түгілі бір айға да жетпей жыртылып қалады. Сол аяқты қажайтын да – арзан қытайдың аяқ киімдері.
Сөз жоқ, әркім қалтасына қарай киінеді. Ата-аналар бар жақсысын баласына бергісі келгенімен көп жағдайда әлеуметтік жағдайдың төмендігі сапалы киім киюге мұрша бермейді. Дегенмен сапасыз аяқ киім ең алдымен денсаулыққа зиянын тигізетінін білген абзал. Мәселен, сапасыз немесе тар аяқ киім түрлі тері ауруларына шалдықтырады. Бөртпе, қызарудан басталатын тері аурулары асқынуға дейін әкеледі. Ал үнемі тар киім киіп жүретіндер де денсаулығына зиян келтіретінін көп ретте біле бермейді. Ондай талғамдағылар өздерін тар киім денесін әлдеқайда кішкентай етіп көрсетіп тұрады деген қате сенімде болатынды көрсетсе керек. Яғни, әр адамның өз талғамы болады десек те, дизайнерлер де әркім өзіне жарасымды, әрі ыңғайлы киімді киіп жүру керек деген ұстанымда екенін жасырмайды.
Негізгі әңгіме тар аяқ киімнің зияны туралы болғандықтан үнемі тар аяқ киім денсаулыққа қалай әсер ететінін айталық. Ең бастысы, аяқ қан тамырларының дұрыс жұмыс істеуіне кедергісін келтіреді. Аяқтың тез ісінуіне және аяқ башпайларының жұмысының тежелеуіне әкеледі. Яғни башпай сүйектерінің қалыпты өсуіне тосқауыл қойып, ақырында «сүйекше» ауруына шалдықтырады. Бұл дерт сонымен қатар биік өкше киетіндерге де қатысты. Сәнқой қыздар үнемі биік өкше кисе, табанның алдыңғы жағына көп күш түсетіндіктен бас бәшпайдың жұмысына кедергі келтіріп, аяғыңыз уақыт өткен сайын дертке ұшырайды. Биік өкшелі туфлимен, денені тартып тұратын киіммен жүру қауіпті ауру варикоздың шығуына себеп болады. Көктамырдың асқынуы денсаулықтың нашарлауына, тіпті мүгедектікке де әкелетінін ұмытпаңыз.
Басты байлық – денсаулықтың күтімі саламатты өмір салтымен байланысты болуымен қатар сіздің талғамыңыздағы киім-кешектің ыңғайлығына да қатысы бар екенін ұмытпаңыз.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ