Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұлулық салоны сұранысқа ие

Сұлулық салоны сұранысқа ие

Сұлулық әлемді құтқарады. Әр әйел заты үшін сұлулық бірінші орында екені сөзсіз. Нәзік жандыларымыздың сұлу болып жүруі үшін сұлулық салонына айына қанша қаржы жұмсайтынын білесіз бе?

Соңғы уақытта әлемдік нарықта сұлулық салоны бизнесі қарқындап тұр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл сала өте табысты болып табылады. Қазіргі кездегі ең сұранысқа ие салалардың бірі десек қателеспейміз. Мамандардың айтуынша сән салондары арасында бәсекелестік өте көп және мықты мамандардың саны да артып келеді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның сұлулық салоны нарығының жалпы көлемі 484 млрд теңгені құрайды.

Қыздар қауымы әр ай сайын әртүрлі процедураларға барып отырады. Атап айтқанда, макияж, шаш күтімі, маникюр, бет күтімі, кірпік жалғау, косметологиялық қызметтер және тағысын тағы кете береді. Әр қызметтің бағасы әртүрлі, шамамен 5 мыңнан басталып, 150-200 мыңға дейін барады екен. Бұл тек 1 айға ғана жасалған есеп. Ал бұл процедураларды ай сайын жасатып, жаңартып отыратындар да бар. Қазақ тойшыл халық ғой, әр тойға әдемі болып барғымыз келеді. Тойға бет әрлеу мен әдемі шаш үлгісін жасату үшін шамамен 10 мың теңгеңіз кетеді. Бұл орташа есеппен алғандағы баға, ал тәжірибесі жоғары мамандарға жүгінсеңіз, одан да көп төлеуге дайын болыңыз.

Соңғы кезде шыққан жаңа қызметтің түрі – шаш жалғау өте көп сұранысқа ие. Егер де шашыңыз қысқа болса, өзіңіздің қалауыңыз бойынша кез келген ұзындықта шаш жалғай аласыз. Шашыңыздың өскенін бірнеше ай күтпей-ақ, бірнеше сағаттың ішінде бұрымды болып шыға келесіз. Керемет емес пе, иә?! Тек қана шаш емес, қазір кірпік немесе қасыңызды да жалғатып алуға болады. Тағы бір сұ­ранысқа ие, жастардың арасында трендке айналған қызмет түрі – ерінді үлкейту немесе уақытша ісіру. Қазір ерні үлкен қыздарды көп кездестіріп жатамыз. Кейбір кезде шектен тыс өте үлкен әрі сырт көзге жағымсыз, тұрпайы көрінетіндері де жоқ емес. Иә, «талғамға талас жоқ». Әр адамның талғамы әртүрлі, сондықтан әркім өз қалауынша жасайды.

Қазір бәрі бар, дамыған технологиялар заманында өмір сүріп жатырмыз. «Жаңа технология – заман талабы». Күннен күнге жаңа дүниелер шығуда. Ақшаңыз болса болғаны. Сырт келбетіңізде қандай да бір көңіліңіз толмайтын кемшіліктеріңіз бар болса, әп сәтте өзгерте аласыз. Косметология саласында бет тарту, қабақ жасату және мұрын жасату қызметтері сұраныста. Мысалы, ботекс қызметі – бетіңіздегі әжімдерді тартып, келбетіңізге әдемі рең береді. Оңтүстік Кореяда танымал болған блефаропластика қызметі бізде де қазір сұраныста. Мүлдем қабағы жоқ азиаттық көзді аруларымыз еуропалық көзге өзгерте алады. Бастапқыда кейбірі ғана жасатқан болса, қазір екінің бірі қабақ жасатып алған. Бағасы да қымбат емес, қолжетімді. Мұрныңыздың пішіні көңіліңізге ұнамаса немесе кем кетіктері бар болса ринопластика қызметіне жүгіне аласыз. Пұшық мұрыннан әдемі қыр мұрын жасап береді. Кейбір кезде артық қыламыз деп тыртық қылып алатындары да бар. Жалпы айтқанда, қазіргі заманда жаныңызға керектінің бәрі бар, бір сәтте-ақ өзгеріп шыға келесіз. Дегенмен де қай уақытта болсын табиғи сұлулыққа жететіні жоқ.

Сұлулық салондарында жай күндерден бөлек демалыс және мереке күндері мүлдем орын таппайсыз. Тек алдын ала жазылу арқылы ғана қабылдайды. Сән салоны мамандар 8 наурыз және жаңа жыл қарсаңында мүлде бос уақыт болмайтынын айтады. Мейрам күндері салон қызметкерлерінің жұмысы қызып, жақсы табыс әкеледі екен. Тіпті үлкен қалалардан бөлек аудандарда және кішігірім елдімекендерде де сұлулық салондары өте көп ашылуда. Кейде мамандар тапшылығы болып жатады.

Сұлу емес адам болмайды, бәрі сұлу. Сұлулық туралы әркім әртүрлі түсінеді. Сұлулық тек сырт келбетпен ғана өлшенбейтіні хақ. Жаратқанның жаратуына қарсы келіп, бет әлпетті өзгертуді асыл дініміз де құп көрмейді. Біздіңше де сұлулық – сыртқы және ішкі жан дүниенің үйлесімділігі. Халқымыз сұлулықты табиғилықпен өлшеген. Табиғи сұлулық ешқашан сәннен кетпейді.

Алтынай ЖҮНІСОВА

Фото: naryk.kz
06 қаңтар 2024 ж. 276 0